Жер нарықтық айналымға енгізілсе, одан түсер пайда да тұрақты болады - вице-министр Қайырбек Өскенбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік экономиканың әлеуеті әлсіреген тұста Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жаңа Экономикалық саясатты айқындап, соның аясында «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бұл бағдарламаның сыртқы факторларға қарсы иммунитетті күшейтіп қана қоймай, ішкі өсімді де сақтауға қабілетті екенін айтады сарапшылар. Сонымен бірге, Елбасы бес институттық реформа аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша экономикалық өсімді қамтамасыз етуге баса мән беріп отыр. Ал Елбасы айқындаған 100 нақты қадамның 50 қадамы, яғни Ұлт жоспарының 50 пайызы «индустрияландыру және экономикалық өсім» аясындағы мәселелерді қамтыған. Шындығында Қазақстанның келешегін экономикалық өсімсіз елестету мүмкін емес. Оның үстіне Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелігіне өткенін ескерсек, бұл мәселе одан сайын өзекті бола түсері сөзсіз. Осыған орай, Елбасының бастама жасаған реформаларына қатысты Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевпен әңгімелескен едік.
None
None

- Қайырбек Айтбайұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңдеуші секторды дамытуға мейлінше мән беру керектігін ұдайы айтып келеді. Тіпті сарапшылар арасында алдағы ДСҰ аясында осы салаға қауіп төнеді деген пікірлер де баршылық. Осыған орай, бүгінгі Қазақстанның өңдеуші секторын қалай бағалар едіңіз?

- Әлбетте, өңдеуші секторды дамыту - бүгінгі ұлттық экономиканың алдында тұрған өзекті мәселе. Ал еліміздің өңдеуші секторындағы ахуалға тоқталу үшін бірқатар алдын ала статистикалық деректерге мән берсек. 2008 жылмен салыстырғанда Қазақстанда 2014 жылғы 12 ай ішінде нақты мәндегі шикізат емес сектордың жалпы қосымша құнға өсімі жоспардағы 139,5% қарағанда 131,3%-ды құрады. Яғни, біршама төменірек болып шықты. Неге бұлай деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Соған жауап бере кетсек, жалпы негізінен шикізат емес сектордың өнімін өндіру ішкі, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы өткізу мәселелерімен тікелей байланысты екенін естен шығармау керек. Осылайша, шикізат емес сектордың жалпы қосылған құндағы жоспарлы деңгейіне қол жеткізбеудің негізгі себептері сыртқы нарықтардағы және бірінші кезекте Ресейдегі қазақстандық экспорттық позицияларға сұраныстың төмендеуі, сондай-ақ мұнай және металдар бағаларының төмендеуі болып табылады. Өйткені, отандық экспорттың тауарларының 90 %-ын минералдық өнімдер, металдар және олардан жасалатын бұйымдар құрайды. Сәйкесінше, бұл сондай-ақ өнеркәсіптік өндірістің көлемдеріне, елдегі өнеркәсіптің өсу қарқынының төмендеуіне және жалпы қосылған құнның шығарылымына әсерін тигізеді.

Сосын, индикаторға қол жеткізуге әсер еткен жанама көрсеткіш көрсетілетін қызметтер секторының өсуіне де тәуелді болып табылады. Аталған сектордың серпінді өсуі халықтың іскерлік белсенділігінің артуына және табыстарының өсуіне байланысты. Осылайша, көрсетілетін қызметтер секторының өсуі жалпы қосылған құндағы өнеркәсіп үлесінің, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі үлесінің төмендеуіне қысым көрсетті.

Айта кетерлігі, өңдеу өнеркәсібі шығарылымының өсу қарқынының баяулауы елдегі инвестициялық белсенділіктің төмендеуімен қоса жүрді. Осылайша, соңғы бес жыл ішінде негізгі капиталдағы инвестицияның жылдық өсу деңгейі 14,8%-дан 6,9%-ға қысқарды. Бұл ретте 2013 жылы инвестициялық салымдардың ең үлкен көлемі, алдыңғы жылдардағы сияқты, тау-кен өндіру өнеркәсібіне тиесілі болды (негізгі капиталға салынған барлық инвестициялардың 29%). Негізгі капиталға салынған инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі кәсіпорындардың жеке қаражаты болып отыр (59%), ал бұл ретте, нарықта қор жинаудың ұзақ мерзімді көздерінің жетіспеушілігі байқалады.

Енді, Елбасының алдымызға қойып отырған тапсырмасы белгілі. Осыған байланысты қабылданған шараларға тоқталып өтсем. Тұтастай алғанда өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қолдау мақсатында, Үкімет бірқатар құжаттар топтамасын әзірлеп, қабылдады. Бұлардың арасында атап айтқанда, өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдаудың 2015 жылға арналған жоспары, экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша 2014 жылға арналған іс-шаралар жоспары, бизнесті қолдаудың бірінші кезектегі шараларын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары, Үкімет пен Ұлттық Банктің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданған болатын. Мәселен, Өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдаудың 2015 жылға арналған жоспары шеңберінде, нақты кәсіпорындар бойынша жүйелік, сондай-ақ «дәлдік» сипаттағы мемлекеттік қолдау шараларын көрсету көзделеді.

Осылайша, ССТӨБ, Арселор Миттал Теміртау, Қазақстан алюминиі, Тараз металлургия зауыты, KSP Steel, Жәйрем ТБК, ӨТМК және т.б. кәсіпорындарға теміржол тарифтеріне, электр энергиясына уақытша төмендету коэффициенттерін ұсыну, өндіріс көлемін 2014 жыл деңгейінде сақтау және арттыру мақсатында ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау, жұмыс орындарының босатылуына жол бермеу, өнімнің экспортталуын ұлғайту түріндегі атаулы қолдау шаралары қолданылды. Сосын, Үкімет осы кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығын, айналым қаражатының жеткіліктігін, кредиторлық және дебиторлық қарызын, сондай-ақ жеңілдіктер мен субсидияларды қолданудың тиімділігін қадағалайтын болады.

Тұтастай алғанда, алдағы уақытта ұлттық экономикаға инвесторларды кеңінен тарта отырып, өңдеуші секторды дамыту мәселесі өзектене түседі деп ойлаймын. Мемлекет басшысы соның аясында шетелден инвесторларды тарту, олар үшін жағымды инвестициялық климатты жақсарту бойынша нақты міндеттерді айқындады. Ендеше, бағытымыз айқын, жұмысымыз жанданып жатыр.

- Қайырбек Айтбайұлы, Қазақстанда халықтың 43 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратыны белгілі. Ендеше, еліміз үшін ауылдық әлеуетті арттырып, ауыл шаруашылығы саласын дамыта түсу қажеттілігі әлі де аңғарылады. Осыған орай, өңірлерді, соның ішінде ауылдарды дамытуға қатысты не айтар едіңіз?

- Бұл Елбасының ұдайы назарындағы мәселенің бірі. Жалпы ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жүргізілген мониторинг мәліметтеріне сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республика көлемінде 6699 ауылдық елді мекен бар. Соның ішінде даму әлеуеті жоғары ауыл - 1183, даму әлеуеті орташа ауылдық елді мекен - 5023, даму әлеуеті төмен ауылдық елді мекен - 493. Ауылдарда тұрып жатқан жұртшылықтың саны - 7,7 млн. адамды құрайды. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес ауылдық елді мекендер әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз етілген.

Қазіргі күні ауылдық аумақтарды дамыту қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламалар, облыстардың аумақтарын дамыту бағдарламалары шеңберінде іске асырылады. Айтар болсақ, Өңірлерді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі бағдарламасында ауылдық аумақтарды дамыту туралы бөлек тарау қарастырылған. Аталған тарауда өңірлік саясаттың басты бағыты - аудан орталықтарын және тірек ауылдық елді мекендерді дамыту болып табылатындығы көрсетілген.

Бүгінгі таңда облыс әкімдіктері 313 тірек ауылдарды дамыту бойынша Кешенді жоспарларды іске асыруда. Кешенді жоспарлар шеңберінде 2014 жылы 1888 шара іске асырылды, соның ішінде 1946 км. инженерлік инфрақұрылымды және 62 нысанды салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша жоба іске асырылған. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамытуға 590 жоба бағытталса, тірек ауылдардағы ауыл шаруашылығын дамытуға 643 жоба бағытталды. Ауылдық елді мекендерді дамыту бойынша аталған іс-шаралар тұрақты негізде іске асырылып, ауылдық жерлерде тұру үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.

- Елбасының «100 қадам» Ұлт Жоспары негізінен жұртшылықтың өмір сапасын арттыруға негізделеді емес пе? Осы тұрғыдан алғанда өңір тұрғындарының бақуаттылығын арттырып, өмір сапасын нығайтатын арнайы бағдарламалар бар екені белгілі. Бүгінгі күні мұндай бағдарламалардың орындалуы қалай? Әсіресе, моноқалаларды дамыту мәселесінде қаржыландыру мәселесі қалай шешіліп жатыр?

- 2015 жылдан бастап моноқалаларды дамыту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 наурыздағы № 728 қаулысымен бекітілген, Моноқалаларды дамытудың 2015 - 2017 жылдарға арналған өзектендірілген Кешенді жоспарларының негізінде Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылады. Бағдарламаның негізгі міндеті моноқалалар халқының жұмыспен қамтылуының оңтайлы құрылымын қамтамасыз ету үшін экономиканы әртараптандыру әрі шағын және орта бизнесті дамыту, халық санының есебінен моноқалаларда инженерлік инфрақұрылымды дамыту және моноқалалардың еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру болып табылады.

Бағдарламаның іс-шараларын іске асыру үшін 2012-2015 жылдары республикалық бюджет қаражаты есебінен барлығы 64,4 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде - 54,0 млрд. теңге моноқалалардың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға және жайластыруға, ал 10,4 млрд. теңге моноқалаларда шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Сондықтан да, бағдарлама тиісті бағытта жүргізіліп жатыр деуге болады.

- Мемлекет басшысы Н. Назарбаев бес институттық реформа аясында ауылдық бюджеттерді қалыптастыру туралы айтқан болатын. Осы жайында қандай шаралар атқарылмақ? Жалпы жергілікті өзін-өзі басқару мәселесінде алда қандай өзгерістер күтіледі?

- Расында, бес институттық реформаның «Есеп беретін мемлекет қалыптастыру» бағыты бойынша бірқатар шаралар белгіленген. Бұл ретте Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссиясының аясындағы жұмыс тобында Ұлт жоспарының 97-98 қадамдарын іске асыру бойынша әзірленген ұсыныстарына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу кезеңмен жүргізу қарастырылуда. Жоспарға сәйкес, бірінші кезеңде (2016-2017 жылдар) жергілікті өзін-өзі басқарудың салық әлеуетін күшейтуді көздейді және де бұл кезеңде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді қарастырмайды.

Ал аудандық маңызға ие қала, кент, ауыл, ауылдық округ деңгейіндегі жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу, тек қана халық саны 2 мыңнан асатын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін, екінші кезеңнен (2018 жылдан бастап) қарастырылса, ал жаппай енгізу үшінші кезеңде (2020 жылдан бастап) қарастырылған.

Әрбір кезеңде барлық қажетті сұрақтарды жоспарлы шешу үшін, мақұлданған амалдарды есепке ала отырып, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу бойынша барлық жұмыстар, соның ішінде заң шығарушылық, үш кезеңге сәйкес мақсатқа лайықты жүргізіледі.

- Қайырбек Айтбайұлы, «100 нақты қадамның» 35-қадамында ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу мәселесі көтерілді. Шындығында, бүгінгі күні елімізде жер мәселесінде қордалаған проблемалар туралы не айтар едіңіз?

- Расында да, бұл бағытта біршама проблемалардың бар екені белгілі. Сондықтан да, Елбасы оған үлкен назар аударып отыр. Мәселен, қазіргі таңда, ауыл шаруашылығын жүргізу үшін берілген жердің жалпы ауданы 98,6 млн. гектар, болса соның ішінде пайдаланып жатқан жер - 97,4 млн. гектар немесе 98,8 %, ал жеке меншікте - 1,2 млн. гектар немесе 1,2 % бар.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншік институтын енгізу 2003 жылдан бастап, яғни Жер кодексі қабылданған уақыттан бастап жүзеге асырылғандығын атап өту қажет. Алайда, өткен 11 жылдың ішінде, бар жоғы 1,2 млн. гектар ауыл шаруашылық жерлері ғана жеке меншікке сатылған. Бұл ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің жерлерді сатып алуға деген құлшыныстарының жоқ екендігін көрсетеді. Елбасы атап өткендей, жалға алушы, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді уақытша пайдаланатын болғандықтан, жекеменшік иесіне қарағанда жер учаскесінің құнарлығын көтеріп пайдалану, өнімділікті жоғарылату немесе егіс айналымын енгізу жолдарын қарастыру сияқты маңызды мәселелеріне немқұрайлы қарайтыны бәрімізге мәлім.

Аталған түйткілді мәселе, 2012-2014 жылдары аралығында 96,0 млн. гектар ауылшаруашылық алқаптарында жүргізілген түгендеу барысында дәлелденген болатын. Түгендеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес, 19,0 мың ауылшаруашылық субъектінің ішінен 7,3 млн. гектар пайдаланылмаған жер, соның ішінде шабындық пен жайылым үлесі 70,2% (5,2 млн. гектар), егістік бөлігі 12,7% (943 мың гектар) анықталып отыр.

Жергілікті атқарушы органдар қолданған шаралар бойынша мемлекеттік меншікке 2,5 млн. гектар (34%) пайдаланылмаған жер қайтарылды, соның ішінде 2015 жылы 250,0 мың гектарды құрайды. Ал ескерту шараларынан кейін жердің жекеменшік иелері ауданы 2,1 млн. гектар (29%) жерді қайта жандандыра басталды. Қалған 2,7 млн. гектарды құрайтын (37%) пайдаланылмаған жер бөлігіне тиісті жергілікті атқарушы органдары мемлекет иелігіне қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, шаруашылық айналымына 3,2 млн. гектар ауылшаруашылық жерлері тартылды, соның ішінде аукцион арқылы 1,1 млн. га жаңа жер иелеріне ұсынылды.

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлттық Жоспарына сәйкес, ауылшаруашылық жерлерінің шаруашылық өндірісте тиімді пайдалану мақсатында біздің министрлік ауылшаруашылық жерлерін нарықтық айналымға енгізу үшін жинақталған кешенді шараларды қалыптастырып жатыр.

Қазіргі танда, ауылшаруашылық жерлерін нарықтық айналымға енгізу, оларды тиімді пайдалану және инвестицияларды тарту мақсатымен қолданыстағы Жер кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылуда. Тұтастай алғанда, Елбасы тапсырмасына сәйкес, елімізде жер шын мәнінде нарықтық айналымға енгізілсе, оның тұрақты пайда әкелетіні де сөзсіз.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар