Жер пайдаланылмаса, ол кері қайтарылуы тиіс - Ғ.Қуанышев, БҚО

ОРАЛ. 16 қазан. ҚазАқпарат -  Өткен жылы Елбасының қатысуымен өткен «Мал шаруашылығын дамыту және қазіргі жағдайдағы перспективалары туралы» жиында ауыл шаруашылығы айналымына берілген жерлерді түгендеу жөнінде арнайы тапсырма берілді.
None
None

Осыған орай облыста және аудандарда жұмыс тобы құрылып, іске кіріскен болатын. Өңірдегі аталмыш жұмыс барысы жөнінде ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы Батыс Қазақстан еншілес мемлекеттік кәсіпорнының директоры Ғилым Қуанышев былайша әңгімелеп берді.

- Ауыл шаруашылығы айналымына тартылған ауыл шаруашылығы алқаптарын түгендеу жұмысы ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің стратегиялық жоспары негізінде республикалық бюджеттен 2012-2014 жылдарға арналған «Жер кадастры мәліметтерін қалыптастыру» бюджеттік бағдарламасы бойынша жұмыс біздің кәсіпорынға жүктелді, деді Ғилым Зайреденұлы. Биылғы жылы бұл жұмыс Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі және Теректі аудандарында жүргізілді.

Оның мақсаты - облыстағы агроқұрылымдардың уақытша пайдалануға алған жер алқаптарының нақты аудандарын белгілеу және оларды жұмыс жүргізу кезіндегі есеп деректерімен салыстыру. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері (егістік, оның ішінде суармалы егістік, көп жылдық екпелер, тыңайма жерлер, шабындықтар, жайылымдар) бойынша жерлердің жағдайы мен пайдалануын зерделеу, түгендеу болып табылады.

- Атқарылатын жұмыстың ауқымы көп сияқты. Осыған кеңірек тоқтала кетсеңіз?

- Нұсқаулыққа сәйкес жұмыстарды атқару үшін аудан әкімдерінің орынбасарлары басқарған комиссия құрылды: құрамында аумақтық жер инспекциясының, аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары мен мамандары, ауыл округтерінің әкімдері, «Мемжер ҒӨО» мамандары кірді. Осы құрылған комиссия топтарымен жиын өтіп, жұмыс барысы түсіндірілді.

Бұл жұмыстың негізіне 2012 жылдың 1 қаңтарына мемлекеттік есепке алынған агроқұрылымдар мен олардың пайдаланып жатқан ауыл шаруашылығы алқаптары алынды. Сонымен қатар мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпарат жүйесі базасындағы деректер, жер кадастрлық істері пайдаланылды. Жұмыс кезеңінде мамандар шаруа қожалықтарына уақытша пайдалануға алып отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қалай игеріп жатқанын сараптап, түгендеу жұмыстарын жүргізді, жаңадан құрылған, жұмысын тоқтатқан шаруа қожалықтарының санын анықтады. Агроқұрылымдағы жердің алқаптары анықталып, пайдаланбайтын жерлердің есебі шығарылды. Түгендеу қорытындысы бойынша акт жасалып, комиссия отырысында талқыланды.

- Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі және Теректі аудандарында жүргізілген түгендеу жұмыстарының бастапқы қорытындылары қандай?

- Түгендеу жұмыстары толық жүргізіліп, жиынтығын әзірледік. Айтатын болсақ, аталған аудандарда 2011 жылы 3125 жер пайдаланушы болса, түгендеуден кейін 54 шаруа қожалығы қосылды, ұзын саны 3179-ға жетті. Бұлар - әкімнің шешімін алып, шекараларын белгілемей, сәйкестендіру құжаттарын алмаған қожалықтар. Біздер әрбір шаруашылықтың жалға алған жерлерінің алқап түрлері мен көлемін анықтадық. Бүгінгі күні бес ауданның агроқұрылымдарының уақытша пайдалануында 1 670,0 мың гектар жер бар. Соның ішінде Бөрліде 289,3 мың га, Қаратөбеде 231,0, Сырымда 563,1 га, Теректіде 415,4, Шыңғырлауда 171,2 мың гектар. Сонымен қатар пайдаланбайтын жер учаскелері талданып, қорытындыланды. Олардың ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша аудандары анықталды.

Ең құнарлы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер - егістік алқаптары. Олардың қалай пайдаланылып жатқаны нақтылы зерттелді. Берілген алқаптардың ішіндегі өнімділігі төмен егістік аудандары анықталды. Олардың сипаттамасы топырақ картасы бойынша алынып, басқа алқаптар түріне айналдыруға ұсыныстар берілді. Бірақ ондай жерлер көп емес, Бөрлі ауданында 2900 га, Сырымда 2674 га, Теректіде 2614 га жерді жайылымдыққа ауыстыру, ал Шыңғырлау ауданындағы 6826 гектар егістікті тыңайған жерге ауыстыру жөнінде ұсыныстар берілді.

Бес ауданның шаруа қожалықтарының есебінде 332,3 мың гектар тыңайған жерлері бар, бұлар егістікке пайдалы жерлер, бірақ жыртылмай, егілмей бос жатқан алқаптар.

Бұл жерлердің де біздердегі бар деректер арқылы топырақ сапасы мен мелиоративтік жағдайын анықтап, 74,2 мың гектарды жайылымға ауыстыруға болады деген тұжырымдама жасадық.

Ал қалған 258,1 мың гектары пайдаланылмай, қара барақ өсіп, бос жатыр. Ең көбі Теректіде 89,1 мың га, Бөрлі ауданында 65,0 мың га, Сырымда 53,9 мың гектар. Аудан әкімдері жерді дұрыс пайдаланбайтын агроқұрылымдардың басшыларымен жұмыстанып, артық жерлерін кейін қайтару жұмыстарын нақты жүргізуі қажет. Біз барлық мәліметтерді қорытынды материалдарда бердік.

Нұсқаулыққа сәйкес, біздің мамандар жер пайдаланушылардың егістігіне ауыспалы егістіктер және шабындық пен жайылым айналымдары бары жөнінде сараптама жасады. Өкінішке орай, бірде-бір шаруа қожалығы жерді тиімді пайдалану, оның сапасын төмендетпеумен шұғылданбайтыны анықталды. Бұл агротехникалық жұмыстардың талабын шаруа қожалықтарына орындату жөнінде аудандағы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары саласындағы басшылары мен мамандардың бақылауынан да тыс қалған.

Жоғарыда айтылған жұмыстардың сыртында уақытша пайдалануға берілген шабындықтар мен жайылымдардың өнімін ұлғайту мақсатында тозып бара жатқан жерлерге шөптің тұқымын егіп, оны баптау жұмыстары да ұмытылып кеткен. Шаруа қожалықтарының үлесіне берілген бұрынғы колхоз, совхоздардың көп жылдық еркекшөп (житняк) өсірген алқаптарында соңғы 20 жылдың ішінде бірде-бір қайтадан жаңартылып, шөп егілмеген көрінеді.

Аудандардағы жер пайдаланушылардың есебіндегі жайылымдарды суландыру жағдайы зерттеліп, тұрақты суарылатын учаскелер және олардың суару желісінің техникалық жағдайы анықталды. Пайдаланылып отырған 60 суару жүйесі қанағаттанарлық жағдайда, 468 суару жүйесіне әр түрлі жөндеу қажет, 143 суару құрылғылары және Қаратөбе ауданындағы 6,4 шақырым су құбырын есептен шығару жөнінде тұжырым жасалды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мал шаруашылығын дамыту жолдарының бірі - отарлы мал шаруашылығын жаңғырту деген еді. Бұл жұмыс та өте баяу жүргізілуде. Шаруа қожалықтарының басшылары сапасы төмен болса да, елді мекендерге жақын жерлерді алып, алыста жатқан жақсы жайылымдарға малын көшіріп, сол жерлерді пайдалануға ынтасы жоқ. Сондықтан аудандарда біраз жақсы жайылым жерлері бос жатыр.

Түгендеу жұмыстарын жүргізген кезде осы жайылымдардың пайдалануы әдейі сарапталды. Әрбір шаруа қожалығының жайылым жерінің мал азықтық қоры геоботаникалық зерттеу материалдары негізінде анықталды. Шаруашылық есебіне тіркелген мал басының санымен, мал асырау нормасы арқылы жайылымдардын пайдалану көрсеткіші шығарылды. Бұл деректер қуантпайды, неге десеңіз, Бөрлі ауданы агроқұрылымдарының 61 пайызы үкіметтен алған жайылымда малын жаймайды, Қаратөбеде 59 пайыз, Сырымда 36 пайыз, Шыңғырлауда 45 пайыз, Теректіде 42 пайыз. Осы көрсеткіштің негізі шаруа қожалықтарының есебінде емес, әрбір жеке тұлғаның есебінде тіркелгендігі.

Жерді алып, оны дұрыс пайдаланбайтындардан жерді қайтарып алу қажет. Оны ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп отырған қожалықтарға берген жөн болар еді.

Тағы бір айта кететін жайт, барлық 62 ауылдық округ бойынша карта әзірленіп, жер пайдаланушылардың шекаралары, олардың кадастрлық нөмірлері, егістік, жайылым, шабындық жерлерінің шекарасы, суармалы жабдықтары түгендеу материалдарында көрсетіліп, аудандық жер қатынастар бөліміне жинақталып тапсырылды.

Аудандардың деректері қорытындыланған материал Батыс Қазақстан облысы бойынша аймақтық жер инспекциясы және жер қатынастары басқармасына берілді.

- Нұсқаулық бойынша жоғарыда айтылған жұмыстар қорытындысы қағаз жүзінде қалмай ма, әлде жерді ұқыпты пайдалануды күшейте ме?

- Меніңше, жауапкершілік күшейеді. Түгендеу жұмыстарының маңызы жоғары екені облыстық деңгейде қадағаланды, қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов басқарған облыстық комиссия бес ауданда көшпелі отырысын өткізіп, аудандағы барлық агроқұрылымдардың қатысуымен біздің атқарған жұмыстарымызды түйіндеді. Сондықтан Үкімет жерге деген көзқарасты мүлдем өзгертіп, жерді ұқыпты пайдалануды талап етіп отырғаны анық. Өйткені жер - жекенің емес, елдің байлығы. Сондықтан бұл мәселеге әркімнің түсіністікпен қарайтын уақыты келді.

Соңғы жаңалықтар