Жер реформасы жөніндегі комиссия бүгін үш мәселені қарайды
Бүгін қаралатын үш мәселенің бірі - пайдалануға берілетін жердің шекарадан қандай қашықтықта орналасуын анықтау.
"Комиссияның бүгiнгi күнге дейiн отырыстарында жинақталған сұрақтардың бәрiн қорыта келе, штаб, яғни комиссияның жұмыс тобы сiздерге бiраз ұсыныстар әзiрледi. Бүгiнгi отырысты осыған арнап, осы мәселелер бойынша өз ой-пiкiрлерiмiздi айтып, қандай шешiм қабылдау жөнiнде ой бөлiсу үшiн бас қосып отырмыз. Күн тәртiбiне үш мәселе шығарылып отыр»,-деді А.Мырзахметов.
«Бiрiншiсi, мораторий жарияланып, соған орай заңның қабылдануына байланысты, бiрiншi шiлдеден бастап бұрынғы заңнама қайтадан күшiне ендi. Яғни, жалға беру институты қайта жұмыс істемек. Ал ендi осыған байланысты мәселелердi талқылау қажет. Екiншi мәселе, шекараға байланысты өткенде комиссия отырысында бiрнеше ұсыныс айтылды. Пайдалануға берiлетiн жер шекарадан қандай қашықтықта болуын анықтау керек. Үшiншi мәселе - жайылым мәселесi. Осы тақырыптың төңiрегiнде дайындалған ұсыныстарды қарап, нақты шешiмдер қабылдауға жақындасақ деп жиналып отырмыз", - дедi А.Мырзахметов.
Естеріңізге сала кетейік, комиссияның соңғы үш отырысы Ақмола, Алматы және Қызылорда облыстарында өттi. Бүгiн комиссия мүшелерi маңызды мәселелердi талқылағаннан соң келесi аптадан бастап тағы да өңiрлерге аттанады.