Жерді жеке меншікке де, жалға беруде де қатаң қадағалау болуы керек - Ә.Бектаев

«Біздің партия жер және ауыл шаруашылығы мамандарымен ақылдаса келе, жерге қатысты реформаларды толық қолдайтынын мәлімдейді. Дегенмен, ұсыныс-пікірлеріміз де баршылық. Соның ішінде бүгінгі резонансқа қатысты айтар болсақ, халық бәрін түсінеді, алайда жұртқа дұрыс ақпарат жеткізу жағы кемшін. Бар жағдай ашық айтылып, қабылданған шаралар жеткізілуі керек еді. Ең бастысы, жер қай кезде де өз иесін табуы қажет. Сонымен бірге, жерді жалға берсек те, жеке меншікке берсек те оған қадағалау қатаң болуы тиіс. Ол бір ғана министрліктен қадағаланбай, халық та, қоғам да, әкімдіктер де бұған мүдделі болуы шарт» - деді Ә. Бектаев.
Бұдан бөлек, партия төрағасы жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесіне тоқтала келе, оған қатысты өз пайымын білдірді. «Әрине, жерді өзіміз ғана ешкімге бермей ұстап отыра беруге де болады. Алайда, жердің сапасын арттыруға, құнарын артырып, одан қажетті өнім алуға қазір қазақстандық шаруалардың жағдайы келіп отырған жоқ. Бұның үстіне қазір ауыл шаруашылығы айналымында игеріліп жатқан 100 млн. гектардан астам жер болса, 100 млн. гектардан астам жер бос, тіпті қараусыз жатыр. 2 млн. тыңайған жеріміз бар. Осыны игеру үшін де қаражат тапшы», - деді Ә. Бектаев.