Жергілікті мәслихаттардан келіп түскен депутаттық сауалдар бойынша жұмыстар орындалды - Алматы облысының әкімі А. Мұсаханов

Бұл туралы депутаттардың алдында жасаған есебінде облыс басшысы Аңсар Мұсаханов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Алакөл ауданына қарасты Қамысқала ауылында бөгет салынды. Бұл Алакөл көлінде су деңгейінің көтерілуінен болуы мүмкін су басу жағдайларынан тұрғындарды қорғауға мүмкіндік береді. Алматы-Бақанас жолаушылар автобусы бағыты ашылып, Балқаш ауданында Бақанас-Құйған бағыты бойынша қозғалыс жанданды.
«Екі күрделі мәселе көтерілді. Бұл - Ескелді ауданының Қарабұлақ кентінде 320 орындық балабақшаның құрылысы мен Іле ауданының Өтеген елді мекенінде Мәдениет үйін салу. Аталмыш мектепалды мекеменің жобалық-сметалық құжатын жасауға 23,3 млн. теңге бөлінді. Нысан 2013-2015 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың бюджетіне енді. Іле ауданында Мәдениет үйін ашу үшін қаржы көзін бөлу мәселесі ағымдағы жылдың тамыз айында аудандық бюджеттік комиссияның отырысында қарастырылатын болады», - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар 39,9 млн. теңге сомасында облыстық бюджеттің қаражатына Ескелді ауданында Қарабұлақ - Алдаберген тас жолының жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жамбыл ауданында, Тарғап ауылында травматологиялық қосын салынып, Ұзынағаш және Қарғалы кенттерінің ішіндегі жолдар жөнделді.
Райымбек ауданында шағын тауар өндірушілерді қолдау үшін материалдық-техникалық жабдықтаудың 3 нысаны құрылды, оған 19 шағын агроқұрылымдар кірді. Ақсу ауданының Жансүгіров кентінде балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстарына шамамен 129 млн. теңге бөлінді. Жамбыл ауданының Қайназар ауылындағы мектептің жөндеу жұмыстары қарқынды іске асырылуда, ол келесі жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қапшағай қаласында 45 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталуға жақын.