Жерлестер туған жерде кездесті - Қызылорда (ФОТО)

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Кеше Қызылордада жалпы республикалық акция аясында «Туған жерге тағзым» атты кездесу өтті. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Сыр өңірінде дүниеге келіп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан белсенді тұлғалар қатысты. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Олардың қатарында Уәлихан Бишімбаев, Мұрат Әбенов, Елена Әбдіхалықова, Гүлмира Дайрабаева, Мәди Манатбекұлы, Болат Баймаханов, Жеткерген Арзықұлов, Ғалымжан Тоғызбаев, Алмас Алматов, Қуат Тәліп, Қанат Әлжаппаров, Айнұр Жақапбаева, Әбілқайыр Әбдіраш, Қалила Омаров, Шахмардан Байманов болды.

«Туған жерге тағзым» атты сырбойылық іскер, елге сыйлы азаматтардың кездесуін ұйымдастыру дәстүрге айналып отыр. Мақсат - Сыр өңірінен шыққан, танымал тұлғалардың жеткен жетістіктерін аймақ жастарына үлгі ету, оларды туған жеріне қолдау көрсетуге шақыру.

- Алаш елі танымал тұлғаларға кенде емес. Елдің өркендеуіне Сыр тумалары да үлес қосып келеді. Бүгінгі кездесуге саясаткерлер, бизнесмендер, өнер қайраткерлері, дәрігерлер мен мұғалімдер келіп отыр. Баршаңызды Сыр өңірі әрдайым құшақ жая қарсы алуға дайын, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Расында туған жер үшін тынымсыз етіп жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі ҚР Еңбек Ері Абзал Ералиевті ісі көпке үлгі. Ол Нағи Ілиясов ауылын қаладан кем емес етіп көріктендірді. Кездесуде ол қолдан келгенше өңірдің өркендеуіне көмегін аямайтындығын айтты.

Ал «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов «Серпін» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

- Мен бағдарламамен білім алып жатқан жастардың кіші отаны яғни, туған жерлері үшін еңбек ететіндіктеріне сенімдімін, - деді Мұрат Абдуламитұлы.

- Қызылордада білім саласында аз жұмыс жасалған жоқ. Тіпті Ресейдің маңдайалды оқу орындарымен келісім жасалып, жүздеген қызылордалық өрендер көрші мемлекетте білім алуда. Сонымен қатар, облыс әкімінің арнайы гранты тағайындалды. Жалпы, ҰБТ қорытындысы бойынша бесінші сатыдан көріндік, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Басқосуда танымал тұлғалардың түрлі салада жеткен жетістіктері айтылды. Кездесу соңында қызылордалықтар «Сыр елі» әнін Елена Әбдіхалықовамен бірге шырқады.

Соңғы жаңалықтар