Жетісу ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің күзгі өнімдерін саудалайтын жәрмеңке биыл да өзінің жарасымды жалғасын табады - облыс әкімдігі

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. Қыркүйектің 4-і. ҚазАқпарат - Қыркүйектің алғашқы сенбісі болысымен Алматы, Талдықорған және Қапшағай қалаларында ұйымдастырылатын Жетісу ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің күзгі өнімдерін саудалайтын жәрмеңкесі биыл да өзінің жарасымды жалғасын табады,
None
None

деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қалаларда тұратындардың облыста өсірілген, өндірілген және қайта өңделген сапасы жоғары, экологиялық жағынан тазалығы күмән тудырмайтын, бағасы да қалта көтеретін өнімдерге былайғы кезде қолы жете бермейтіні де рас. Осы орайда Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдіктері арасындағы уағдаластық негізінде кейінгі жылдары оңтүстік астана тұрғындарын күз келгеннен қыс түскенге дейін жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету жолға қойылған болатын.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың айтуына қарағанда, осы сенбіде, қыркүйектің 4-інде Алматы қаласының жеті ауданында, Талдықорған қаласында үш жерде: «Жерұйық» коммуналдық базары мен «Самал» шағын ауданында және орталықтағы Тәуелсіздік көшесінің бойында, Қапшағай қаласында және барлық аудан орталықтарында күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өз бастауын алып, қарашаның қарасуығы түскенше жалғасады. Атап айтқанда, оңтүстік астана тұрғындарына облысымыздың Алматы аймағына орналасқан жеті ауданындағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері өздері ала жаздай күтіп-баптап өсірген, өндірген, қайта өңдеуден өткізген өнімдерін әкелсе, Талдықорғанға осы өңірдегі аудандардың дихандары мен малшылары, балықшылары, қайта өңдеушілері өздерінің табан ет, маңдай терімен дайындаған тауарларын жеткізеді. Ал, Қапшағайда осы қаланың өзінің және Балқаш ауданының ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілері жәрмеңке ұйымдастырады. Аудан орталықтарында жергілікті жұртшылық өз өнімін шығарады, деп атап өтті баспасөз қызметінен.

Өткен жылғы жәрмеңке қорытындысына келер болсақ, былтыр желтоқсанда жалғасын тапқан ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесінің саны 647-ге жетіп, береке тасытқан сенбілік саудаларда халыққа 1004,5 млн. теңгенің тауарлары сатылса, оның 379,6 млн. теңгесі тікелей күзгі ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкелері барысында түскен көрінеді. Аудан орталықтарындағы жәрмеңкелерде 514,3 млн. теңгенің, «Жерұйық» коммуналдық базарында 110,6 млн. теңгенің өнімдері сатылыпты. Ет және ет өнімдері мен картоп үлкен сұранысқа ие болыпты. Сонымен бірге, жүздеген тонна көкөніс пен бақша дақылдары да қалалықтардың қоймаларына қоныстаныпты.

Соңғы жаңалықтар