«Жетісу» аяқ-киім фабрикасы қазақстандықтарды бірінші қажеттіліктегі бұл тауармен қайта қамтамасыз етуді ойластыруда

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстанның үздік тауары» үшкүндік өңірлік көрме-байқауында акционерлік қоғамның бас модельері Ирина Уланова айтты.
«Биыл біздің фабриканың құрылғанына 85 жыл толды. Қазақстандағы аяқ киім индустриясының жетекшісі болған бұл өнеркәсіп орнында өндірісті сақтап қалдық. Қазір негізінен әскери өнеркәсіп кешені мен түрлі кәсіпорын жұмысшыларына туфлиден етікке дейінгі барлық аяқ-киімдерді тігеміз. Біздің фабриканың мақтанышы болған гвардиядық парадтық етікке патент алғанымызға 13 жылдан асты», - дейді И. Уланова.
Оның айтуынша, өндіріс орны тапсырыспен аурухана қызметкерлері мен түрлі кәсіпорындарға да тапсырыспен әрқилы өнімдер шығаруда. Әзірге ішкі нарықта сұраныс мол. Біздің тұтынушыларымыздың арасында әскери өнеркәсіптен Республикалық гвардия, Президент Күзеті, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі құрылымдары мен Ұлттық қауіпсіздк комитеті органдары, ал өндіріс салаларынан «ҚазМұнагаз», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниялары бар. Биылдан бастап «Қазақмыс» корпорациясымен жұмыс жасауда.
Ирина Уланова: «Біз өткен жылы фабрикадағы өнеркәсіп жабдықтарын қайта жарақтандыруды бастадық. Ол шара алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Бұған дейін өнімдерімізді саудаға шығаратын жеке дүкеніміз болмаған еді, фабрика басшылығына жаңадан келген директор бұл мәселені таяу уақытта жүзеге асыратын іс-жоспарына енгізіп отыр. Бұрын азаматтық аяқ киімдер шығарып көргенбіз ол көп еңбекті қажет ететін жұмыс, Өйткені сән үлгілері жылдам өзгеруде, онда басты бәсекелес болып отырған Қытайды қуып жету мүмкін емес. Дегенмен, осыған қарамастан болашақта оны қайта жаңғыртуды ойлап отырмыз», - дегенді айтты.