Жезқазған кен байыту фабрикаларындағы тазарту жүйелерін жаңартудың 1-ші кезеңі аяқталды

Бұл шараға 50 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Фабрикалардағы жабдықтарды жаңарту экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған компанияның кешенді бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Оған биылғы жылы бюджетте 2 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр.
«Компанияның кен байыту фабрикаларында жетілдірілген аспирациялық жүйелердің енгізілуі - қызметкерлер құрамының еңбек жағдайларын жақсарта түсуге және аймақтағы экологиялық проблемаларды шешуге деген салмақты технологиялық қадам. Біздің тұрақты міндеттеріміздің бірі кәсіпорындардың экономикалық жағынан пайда табуы мен қоршаған ортаға келтірілетін техногендік әсерлерді барынша азайтудың арасындағы балансты теңгерімдеп отыру болып табылады», -дейді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің Басқарма төрағасы Эдуард Огай. Оның айтуынша, жаңа жүйелерді орнату жұмыс орындарындағы ауаны тазарту және шаң-тозаңнан арылту жөніндегі арнаулы қондырғыларда жүргізілді. Кен байыту фабрикаларындағы жұмыс істеп тұрған 78 тазартқыш құрылыстардың 57-нің жұмысы тазартудың заманауи технологиясына негізделген шаңды басудың сенімді жаңа жүйелерімен жарақталған. Жабдықтарға жаңарту жүргізілген соң, ауаны шаңнан тазартып отырудың тиімділігі 75-тен 99,5 пайызға дейін жоғарылады.