Жезқазған ЖЭС-ның жаңғыртылуына биыл 3,6 млрд. теңге қаражат құйылды
«Жезқазған ЖЭС-ның ұжымы кәсіпорынның 60 жылдығын атап өтуде. Ондаған жылдар бойы станса Жезқазғанның тұрғындары мен өнеркәсіп кәсіпорындарын электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етіп келеді», - делінеді хабарламада.
Компанияның мәліметтерінше, станса жыл сайын орташа алғанда 1 млрд. Квт-сағат электр энергиясын және 1 млн. астам Гкал жылу энегиясын бу және ыстық су күйінде шығарады.
«2012 жылы Жезқазған ЖЭС-ның жаңғыртылуына және стансаның жабдықтарын күрделі жөндеуге Қазақмыс компаниясы 3,6 млрд. теңге инвестиция салды, бұдан басқа, 1,6 млрд. теңге ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінді. 4 қазандық агрегаты мен 4 турбоагрегат жұмыс істеуде, 4 қазандық агрегаты қорда, бір турбогенератор жөнделуде. Көмірдің үш айлық қоры құрылды, бұл 300 мың тоннаға жуық көмір, 2 мыңдай мазут қоры бар», - деп атап өтіледі хабарламада.
ЖЭС 2015 жылға дейінгі одан әрі дамыту жоспарлары құрылды. Станса қуаттылығын 207 МВт-тан 220 МВт-қа дейін көбейту шамалануда. Тұтынушыларға жылу жеткізуді жақсарту бойынша бірқатар шаралар әзірленді.
«Биылғы мерейтойлық жылдағы жылу беру маусымына Жезқазған ЖЭС техникалық жағынан дайын. Инвестициялық жоспарда қарастырылған барлық шаралар орындалды. Болашақта стансаның өнімділігін өсіру мақсатында турбиналарды ауыстыру қарастырылған. Осының барлығы жылу беру маусымының сенімді өтуі үшін жасалуда», - деп түсіндіріп өтті Жезқазған ЖЭС-ның директоры Дулат Сыздықов.
Жезқазған ЖЭС-да 700-ден астам адам жұмыс істейді.