ЖІӨ жыл сайын 7 пайыздық өсім көрсетуі үшін негізгі капиталға инвестициялардың көлемi 2011-2015 жылдары 58,5 пайызға өсуі қажет - Қ.Келімбетов

Экономикалық өсім жеткiлiктi экономикалық ресурстармен қамтамасыз етілуі қажеттігін атап өткен министр: «Жалпы ішкі өнімнің жыл сайын орташа 7,0 пайызға өсуi үшiн есептеулер бойынша негізгі капиталға инвестициялардың көлемi 2011-2015 жылдары 2010 жылға қарағанда 58,5 пайызға, яғни 2015 жылы 7,6 триллион теңгеге дейiн өсуі тиіс», - деді.
Бұл орайда Қ.Келімбетовтің пайымынша, Экономикалық даму және сауда министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, «Самұрық - Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры экономикаға шетелдiк капитал тарту жөніндегі іс-қимыл жоспарын пысықтауы қажет.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, өнеркәсіп өндірісінің және жүк тасымалының артуы көлік инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіретін болады. Сондықтан да Көлiк және коммуникация министрлiгi, Қазақстан темір жолы және тағы басқа көлiк компаниялары көлiк инфрақұрылымымен қамтамасыз етілу бөлiгiндегi мүмкiндiктерін бағалаулары қажет.