Жоғарғы Сот төрағасы Павлодар облысы соттарының бірінші жартыжылдықтағы есебін тыңдады
Алты айдың ішінде сотқа 30800 іс жолданса, оның 20910 - азаматтық, 1168 - қылмыстық және 8722-сі әкімшілік істер болып табылады. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда түскен істердің саны 2409-ға (8,5 пайызға) артты.
11919 азаматтық және 400 қылмыстық істер бойынша шешімдер шығарылды. 54 тұлғаға қатысты сот актілері алқа билердің қатысуымен қабылданды.
Биылғы алғашқы жартыжылдықта жазалау тәжірибесі 8,8 пайызға төмендеп, 41,6 пайызды құрады. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда сотталушылардың саны көбейгенімен, жазалаудың балама шарасын қолдану деңгейі 12 пайызға артқан.
Кеңестің жұмысына қатысқан ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров еліміз бойынша Павлодар облысында сот әділдігінің сапасы үздіктердің қатарында екенін атап өтіп, судьяларға жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.