«Жол картасы» дер кезінде алынған шара екендігін көрсетті
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылы бағдарламаға сәйкес 86,538 млн. теңге бөлінсе, биыл одан көбірек, 108,4 млн. теңге қарастырылды. Соның ішінде республикалық бюджеттен әлеуметтік жұмыс орындарын кеңейтуге - 12 млн., жастар тәжірибесін ұйымдастыруға 4,8 млн. теңге берілді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметі бойынша он мекеме-ұйыммен келісім жасалып, 27 түлек жіберілді. Жүзге жуық адам қайта оқып шықты.
Ауданда екі инвестициялық жоба - Бөрлі ауылындағы мектеп жанындағы интернатты және Бөрлі ауыл шаруашылығы колледжінің шатырын жөндеуге республикалық бюджеттен - 61,167 млн., жергілікті қазынадан 30,537 млн. теңге қаралды. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Сыдықтың сөзіне қарағанда, қыркүйектің 1-інде мектеп жанындағы интернат 53 тәрбиеленушіні қабылдады. Бұл ғимаратты «Эксперимент» ЖШС күрделі жөндеп, 48 жұмыс орны ашылды. Жергілікті жерден 40 жұмыссыз тартылды. Интернат ғимараты түгелдей қайта жаңартылып, жаңа жиһаз, құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етілді. Осы жұмыстарға республикалық бюджеттен 29 млн., жергілікті қазынадан 14 млн. астам теңге жұмсалды. Ауыл шаруашылығы колледжі ғимаратының төбесін «Болашақ» ЖШС жөндеп шықты. Қос бюджеттен сәйкесінше 31,819 млн. және 15,885 млн. теңге бөлініп, 52 жұмыс орны ашылды. 45 жұмыссыз табыс тапты.