«Жол картасы» Жұбан ақынның туған жеріндегі құрылыс жұмыстарын жандандыруға мүмкіндік берді

Бұл туралы Ақжайық ауданы Қурайлысай ауылдық округінің әкімі Асқар Жұмашев мәлім етті.
Оның айтуынша, ауылдық округке қарасты Сайқұдық ауылында «Жол картасына» сәйкес 200 орындық жаңа мәдениет үйі салынып жатыр. Соңғы шыққан материалдар пайдаланылып жатқан құрылыс жұмысына жергілікті тұрғындардан 65 адам тартылған. Бұған дейін осы ауылдағы Ж.Молдағалиев атындағы кітапхананы күрделі жөндеуден өткізген «Нұр-ғасыр» ЖШС бұл нысанды да уақытында тапсырмақ. Қурайлысайдың өзінде орта мектеп күрделі жөнделуде. Бұған жергілікті жерден жүзшақты адам тартылды. Келесі жылы Сайқұдық ауылынан жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. «Таза су» бағдарламасы арқасында ауыз су тапшылығынан құтылған Қурайлысай ауылына алдағы жылдары табиғи газ тарту мәселесі де ойластырылуда.