ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР: Монакода тұңғыш қазақстан-монако бизнес-семинары өтті

Кездесуге қатысушылар мен ұйымдастырушылар Монако іскер топтарының оның дамуының жаңа кезеңінде Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға бұрын-соңды болмаған зор қызығушылығын атап көрсетті. Оны шараға 90-нан астам адам, солардың ішінде Монако Князы кабинетінің басшысы, экономикалық блок министрліктерінің басшылары, сондай-ақ Княздіктің ірі банктері мен «жасыл» экономиканы дамыту, энергетика, құрылыс, телекоммуникациялар, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, туризм және ойын бизнесі компанияларының басшылары қатысуы қуаттайды.
Қазақстанның Монакодағы елшісі міндетін қоса атқарушы Нұрлан Дәненов өзінің құттықтау сөзінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізілген әлеуметтік-экономикалық дамудағы маңызды жетістіктер және еліміздің сыртқы саяси бастамалары туралы айтып берді.
Кездесуде Мемлекет басшысының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауының басты қағидаттарына баса назар аударылды. Елші біздің еліміздің бірқатар салаларындағы инвестициялық артықшылықтар мен даму басымдықтары туралы айта келіп, монаколық компанияларды қазақстандық нарыққа шығуға шақырды.
Монаконың Княз Кабинетінің басшысы (әкімшілік басшысы) Жорж Лизимакио еліміздің саяси және экономикалық жетістіктеріне жоғары баға берді, Қазақстан Президентінің көреген саясатын атап өтті және әртүрлі салаларда қазақстан-монако қатынастарының серпінді нығая түсетініне сенім білдірді.
Семинардан кейінгі қызу пікірсайыс барысында және кәсіпкерлердің әңгімесінде Қазақстанмен ынтымақтастыққа шынайы мүдделілік білдірілді. Княздік басшылығы біздің елге келетін арнайы бизнес-делегацияны жасақтамақ.
Шараға қатысушылар арасында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының француз тіліндегі мәтіні басылған кітапша таратылды. Сонымен бірге инвестициялық жобалардың каталогтары, бизнес-анықтамалықтар, таныстырылым материалдары және Қазақстанның әлеуеті мен маңызы туралы баяндайтын басқа да ақпараттық-имидждік материалдар таратылды.