ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР: «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына 80 мыңнан астам адам қатысуда
«Бүгінде жаңа экономика білікті кадрлардың жаңа генерациясын талап ететін болғандықтан еңбек рыногының тиімділігін арттыру қажет», - деп атап өтті Мемлекет басшысы. Осы орайда Елбасының атап өтуінше, билік жұмыс істеу үшін азаматтарға жағдай жасау қажет. Бірақ, иек артушылық мінезге бас шұлғымау керек. «Мемлекет тек объективті тұрғыдан еңбекке қабілетсіздер мен аз қамтамасыз етілгендерге ғана көмектесетін болады», - деп баса айтты Н.Назарбаев.
2011 жылдың наурызында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов басқарған Үкімет Президент жүктеген міндетті орындап, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын әзірледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау миинстрлігінің алқа мәжілісінде сөз алған К.Мәсімов Қазақстан Үкіметі «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен 2015 жылға қарай 1,5 млн-ға дейінгі адамды қамтуды көздеп отырғандығын жария етті. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде кедейшілік деңгейі 8,2-ден 6 пайызға дейін төмендеп, ал жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан аспайды деп болжануда. 2011 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 40 млрд. теңге жұмсалатын болады, ал ол 2012 жылдан бастап толық жұмыс істей бастайды.
Кәрім Мәсімовтің атап өтуінше, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы қазақстандықтарға еңбек нарығында ұтқыр болуға және елді индустрияландыруға барынша белсенді қатысуға мүмкіндік береді. «Бізге келген көптеген инвесторлар: «Барлығы жақсы, біз жаңа құрал-жабдықтар әкелеміз. Ал осы жаңа кәсіпорындарда кімдер жұмыс істейді?», - дейді. Әрі шетелдік жұмыс күштерін әкелуге рұқсат сұрайды. Бірақ, бұл дұрыс емес. Қоғамды дамыту үшін ұзақмерзімді перспективада біз өз халқымызды жұмыспен қамтумен айналысуымыз керек», - деді ол.
Бағдарлама үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт аясында кәсіптік оқыту арқылы жұмысқа орналастыру көзделеді. Екінші бағыт бойынша ауылда кәсіп ашып, жеке ісін жүргізгісі келетіндерге жәрдем жасалады. Үшінші бағыт аясында ратын жері бойынша келешекте жұмысқа орналастыру немесе бизнесті дамытуға мүмкіндік жоқ болғандықтан, бағдарлама арқылы ондай адамдардың экономикасы дамыған өңірлерге көшуіне мүмкіндік қарастырылған. Бұл өз кезегінде еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға ықпал етеді.
Белгіленген жоспарлар дер уақытында орындалуда. Ең алдымен сәйкесінше құқықтық база қалыптасты. Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын қабылдады және 27 маусымда Мемлекет басшысы қол қойды. Заң жұмыспен қамту саласында түбегейлі жаңа тәсілдерді қарастырады. Жергілікті атқарушы органдардың ресми деректері бойынша ағымдағы жылдың 12 желтоқсанындағы жағдайға сәйкес қарастырылған өтініштер негізінде 56,2 мың адам бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосылды, олардың 55,6 мыңымен әлеуметтік келісімшарт жасалды. Әлеуметтік келісімшарт жасалғандардың 59,3 пайызы 29 жасқа дейінгі жастар болып отыр.
Өз біліктіліктеріне сәйкес бос орындар базасындағы бос жұмыс орындарына 5,6 мың адам жұмысқа орналастырылды. Бағдарлама аясында кәсіптік оқумен 68,9 мың адам қамтылды, бұл жоспардың 94,8 пайызын құрайды. Олардың ішінде 44 мың адам кәсіптік даярлаудан өтіп жатса, қайта даярлауға қазірдің өзінде 21,3 мың адам және біліктілік арттыруға 3,8 мың адам жіберілді.
28 желтоқсан күні өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қроғау миинстрі Гүлшара Әбдіқалықованың мәлім етуінше, мемлекеттің әлеуметтік саясаты сәтті жүзеге асырылуда. Оның айтуына қарағанда, ағымдағы жылдың 11 айында бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 52 мың теңгеден 61,5 мың теңге дейін артқан. Министрдің: «Біз әлеуметтік саясатты жаңғырту бойынша жұмыстарды жалғастырамыз», - деген сөзін www.pm.kz . Ақпараттық порталы келтіреді.
Алдағы жылдары да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру есебінен жұмыссыздықты одан әрі төмендетуге қол жеткізуді жоспарлауда. Ағымдағы жылдың қарашасындағы бағалау бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайызға төмендегенін атап өткен орынды. Бұл 210 жылдың қарашасымен салыстырғанда 0,1 пайыздық тармаққа төмен.
«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына 80 мыңнан астам адам қатысуда. Бағдарлама аясында 64 мың адам кәсіптік дайындықтан, қайта даярлаудан және біліктілік арттырудан өтті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде шамамен 6,4 мың адам жұмысқа орналасты. Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін 2011 жылы республикалық бюджеттен 13 081,6 млн. теңге бөлінді.