17:05, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Жолдауда көтерілген міндеттер ретімен жүзеге асырылса, ауыл халқы да бір жасап қалар еді ? Б.Жылқышиев
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында әсіресе ауыл мәселесіне көп көңіл бөлді. Бұл Жолдауда көтерілген және қазіргі таңда еліміздегі ең өзекті мәселе деп білемін», дейді сенатор Болат Жылқышиев.
Бұл туралы ол бүгін «Нұр Отан» партиясының жетекшілерімен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазір еліміздің халқының жартысынан астамы ауылды мекендеп отыр. Біз бұл салаға кезінде үлкен жобаларды жүзеге асырамыз деп тиісті көңіл бөлмей келдік. Ал мемлекет басшысы оны айтуындай айтып-ақ еді. Енді осы істерді мықтап іске асырудың сәті түскен сияқты. Өйткені Президент ондағы көріктендіру, көгеріштендіру мәселесіне дейін қаржы бөлу қажеттігін айтты. Әр ауылға 50, 100 миллион теңге қаржы салынатын болса, ауылдағы ел бір жасап қалары сөзсіз», деді Сенат депутаты. Оның пікірінше, жергілікті аймақтар осы міндеттерді ретімен жүзеге асыратын болса, алдағы уақытта көптеген жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты дұрысталып қалады. «Жасыратыны жоқ, кезінде Президент инфрақұрылым мәселесіне де баса көңіл бөлуді міндеттеген. Бұл ретте де біз көбіне ірі жобаларға көңіл бөліп, ұсақтары назардан тыс қалып қойған. Ал ұсақ инфрақұрылымдар дегеніміз, қазір осы ауылдық аймақтардағы жолдар. Енді осы жолдарға көңіл бөліп, олардың жағдайын түзейтін болсақ, ауыл халқының еңсесі көтеріліп қалатыны шындық», дейді Б.Жылқышиев.