Жолдаудан туындайтын міндеттер үлкен жауапкершілік жүктейді, мен мұны мекеме басшысы ретінде де, елімнің патриоты ретінде де жақсы сезінемін - Жазира Жылқышиева

- Жазира Жақсылыққызы, еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендету мемлекетіміздің алға қойып отырған бірінші кезектегі міндеті болып табылады. Осы бағыттағы қабылданған түрлі бағдарламалар сіз басқарып отырған басқарма арқылы жүреді. Бір сөзбен айтқанда міндет үлкен, жүк ауыр...
- Рас айтасыз. Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жүргізіп отырған жұмыстарының мақсаты - халықтың барынша жұмыспен қамтылуына жағдай жасау, мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызметтер көрсету, оларды белсенді өмірге тарту. Елбасы айтқандай, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін жағдайға жеткізу, тұрмысы төмен азаматтарға әлеуметтік көмек түрлерін көрсету боп табылады. Елбасының «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» Жолдауынан туындайтын міндеттер үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен мұны мекеме басшысы ретінде де, елімнің патриоты ретінде да жақсы сезінемін.
Үстіміздегі жылы сала бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Атап айтар болсақ, облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыздан 5 пайызға төмендеді. 9261 жаңа жұмыс орындары ашылды. 77 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізіліп, 3362 бос жұмыс орындары ұсынылды, 3794 адам жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне жолдама алды. 16 рет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілді. 455 мүгедек тұрақты жұмыспен қамтылды. «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында 60 пәтерлік қызметтік үй халық игілігіне ұсынылды. 1030 адамға шағын несие беріліп,. 1817 адам жастар тәжірибесіне жолданды. 2227 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды.
Бағдарлама жүзеге асырылғалы бері 1113 адам, 237 отбасы қоныс аударды. Жыл аяғына дейін тағы да 63 отбасының экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударуы жоспарлануда. Облыс бойынша 2014 жылдың 1 қарашасына 64655 түрмысы төмен азаматқа 985,9 млн. теңгеге әлеуметтік көмектер және балаларға арналған жәрдемақы төленді. Оның ішінде: 2417 азаматқа 30,4 млн. теңгеге атаулы әлеуметтік көмек төленді, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда алушылардың саны 429 адамға, ал төленген қаражат көлемі 1,3 млн. теңгеге артты, 8122 отбасына 236,4 млн. теңгеге тұрғын үй көмегі төленді, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда көмек алушылар саны 1629 отбасына, төленген қаражат көлемі 5,8 млн. теңгеге азайды.
- Аймақта тұрмысы төмен әлеуметтік топтар мен мемлекеттен қолдау күтетін жандардың жайы қалай болып отыр?
- Бюджетте тұрмысы төмен азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуге барлығы 151,8 млн. теңге қаражат қаралған. Осы бағытта нақтыланған бюджет - 124 млн. теңге. 2014 жылдың 1 қарашасына 2417 азаматқа 30,4 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Атаулы әлеуметтік көмектің орташа айлық мөлшері 1296,6 теңгені құрайды. Бұған қосымша тұрғын үй көмегін көрсету қарастырылған. Облыс бюджетінде тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсетуге 339,6 млн. теңге қаражат қаралған. 2014 жылдың 1 қарашасына 8122 отбасына 236,4 млн. теңге көмек төленді. Сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы төленеді. 2014 жылға бюджетте аз қамтылған отбасылардағы 18 жасқа дейінгі балаларға арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны төлеуге барлығы 875,5 млн. теңге қаражат қаралған. Нақтыланған бюджет 899,3 млн.теңге. 2014 жылдың 1 қарашасына 54116 балаға 719,1 млн. теңге балалар жәрдемақысы төленді. Мұның сыртында жергілікті өкілетті органдардың шешімімен берілетін әлеуметтік көмектер бар. 2014 жылдың 1 қарашасына жергілікті бюджеттің есебінен жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 10629 адамға 705,5 млн. теңгеге әлеуметтік төлемдер тағайындалып төленді.
- Мемлекетіміз бүгінде мүгедек және мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлуді қолға алды. Олардың өмір сүру сапасы көтерілді деп ойлайсыз ба?
- Соңғы жылдары мемлекет тұрғысынан жасалып жатқан қамқорлық артты. Жылдан-жылға бөлінген қаржы көлемі де ұлғайып, түрлі әлеуметтік жағдайлар жасалуда. Біздің міндетіміз де мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсарту. Қызылорда облысында мүгедектердің орталықтандырылған деректер қорына сәйкес 2014 жылдың 1 қарашасына 26468 мүгедек, оның ішінде I топтағы - 2519, II топтағы - 10946, III топтағы - 9069, 18 жасқа дейінгі - 3934 мүгедек бала тіркелген. Мүмкіндіктері щектеулі жандарды оңалтуға, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге облыстық бюджет есебінен 2014 жылы мүгедектерді кресло-арбалармен, таяқтармен, балдақтармен, тифло және сурдоқұралдармен, протезді-ортопедиялық көмек түрлерімен және санаторий-курорттық емделумен қамтамасыз ету мақсатында 238,3 млн. теңге бөлінді. Мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық құралдар және жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуге құралдарды қалалық және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне таратылды. Мүгедектерге 2014 жылға санаторий-курорттық емделуге 998 жолдама қарастырылып, «Жаңақорған», «Денсаулық», «Taraz Recorst SPA» шипажайларына кестеге сәйкес кезең-кезеңімен мүгедектер санаторий-курорттық емделумен қамтамасыз етілуде. Протезді-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету үшін «Алматы протез-ортопедиялық орталығы» АҚ-мен 73,5 млн. теңгеге келісімшартқа отырып, мүгедектерге протезді-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етуге кезең-кезеңімен жіберіліп отыр. Есепті кезеңге үйде қызмет көрсетілетін 879 жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге және үйде қызмет көрсетілетін 1247 мүмкіндігі шектеулі мүмкіндіктері шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Бүгінгі күнге басқармаға қарасты мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелеріндегі 683 мемлекет қамқорындағыларға стандартқа сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Мүгедектерге арналған оңалту орталығында ағымдағы жыл басынан 1033 мүгедектер мен қарттарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Күндізгі бөлімшеде психоневрологиялық ауытқуы бар 20 мүгедек балаға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар І және ІІ топтың 20 мүгедегі арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Күндізгі бөлімшелерде 342 ардагер мен мүгедекке арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. 2014 жылдың 1 қарашасына 8009 жеке оңалту бағдарламасы даярланып, 5645 жеке оңалту бағдарламасы және 2013 жылдың 6203 жеке оңалту бағдарламасы орындалды.
- Ш етелден келетін қандастарымыз, яки оралмандарға қатысты мәселе. Олардың жай-күй қалай болып жатыр?
- Оралмандар бойынша соңғы 3 жылда облысқа 219 оралман отбасы (505 адам) қоныс аударды. Олардың басым көпшілігі Өзбекстан Республикасынан келгендер. Оралмандардың келу мақсаты тарихи отанына оралу ғана емес, сонымен қатар білім алып, отбасын құру және жұмысқа орналасу.
Облысымызға келген оралмандардың 61 пайызы еңбекке жарамды жастағылар, олардың 26,3 пайызының жоғары және орта арнаулы білімі бар.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес оларға әр түрлі әлеуметтік төлемдер түріндегі әлеуметтік көмектер (18 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақы, тұрғын үй көмегі, атаулы әлеуметтік көмек және т.б). көрсетілуде. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жұмысқа тұруға және оқуға қолдау көрсетілуде.