Жолшылардың жұмысы айтарлықтай жеңілдеген, алайда маман тапшы – сала маманы
- Еркен Мұратұлы, жолшы мамандығына қалай келдіңіз, ата-ана қалауы ма, өз шешіміңіз бе?
- Менің ата-анам - мамандығы бойынша екеуі де құрылысшы. Мектеп бітіргеннен кейін олардың жолын қуамын деп шештім. Осылайша, Өнеркәсіптік-азаматтық құрылысты таңдап, колледжді және университетті бітірдім.
Жол саласына 2014 жылы келіп, жолға таңба салу машинасының операторы болып жұмысқа орналастым. Көктем-жаз уақытында республикалық маңызы бар автожолдарда жұмыс істеп, асфальтті таңбаладым. Қыста жол белгілерін, сигнал бағандарын жасадым.
2016 жылы «Солтүстікжоллаборатория» РММ инженері болып жұмысқа орналастым. Салынған жол мен пайдаланылған материалдардың сапасын тексердім.
2019 жылы мекеме СҚО бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК болып қайта құрылды. Инженер ретінде менің жұмысым ғана емес, жауапкершілігім де артты. Заманауи жабдықтарға қол жеткіздік, оны меңгеру үшін біліктілікті арттыру курстарынан өттік, қызметкерлер саны артты, еңбекақы өсті.
2020 жылы орталық республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын алғаш рет жылжымалы жол зертханалары арқылы аспаптық диагностикалауды жүргізе бастады. Мені бұл іске жауапты қызметкер етіп бекітіп, содан бері еңбек етіп келемін.
- Жол салу – сауапты іс. Қарапайым жолшыдан бастаған екенсіз, қазір сіздің міндетіңізге не кіреді?
- Белгілеу машинасының операторы болған кезде өңірдің жол желісімен таныстым. Қазір біздің филиал облыс бойынша ұзындығы 2 мың км республикалық автожол желісін қамтиды. Бұдан басқа облыстық, аудандық жолдарда және қалалар мен кенттердің көшелерінде де жұмыс жүргізіледі. Жеке шарттармен де жұмыс істейміз.
Жол құрылысында жұмыс істеу үшін, ең алдымен, құрылыс материалдары, құрылыс техникасы, технологиялар және құрылыс негіздері туралы түсінік болуы шарт. Білімнен бөлек, үнемі мұқият болу қажет. Жолшылардың жұмысы аса қауіпті кәсіптердің біріне жатады, сондықтан өзіңіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін бақылауда ұстау керек. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, әртүрлі сигналдық құрылғыларды, белгілерді, конустарды және т.б. дұрыс орналастыра білу – мұның бәрі керек дағдылар.
Біздің кәсіпорын жол-құрылыс материалдарының және атқарылған жұмыстың сапасын бақылайды. Үлгілерді іріктеп алып, зертханалық сынақтан өткіземіз. Нәтижесі бойынша сынақ хаттамалары мен ілеспе хаттар беріледі. Қандай да бір көрсеткіш сәйкес келмеген жағдайда жұмысты атқаруға тапсырыс берушіге, мердігерлік ұйымға және инженерлік қызметтерге дереу хабарланады. Анықталған олқылықтар мен ақаулар түзетілуі және жойылуы тиіс. Облыс бойынша жұмыстың үлкен көлеміне байланысты, сондай-ақ регламентке сәйкес кәсіпорын сараптаманы іріктеп жүргізеді.
Мәселен, орташа жөндеу бойынша біздің кәсіпорын ведомстволық сараптама жүргізеді. Сараптама жобада ұсынылған жол құрылымын және басқа да құрамын бағалайды. Егер қандай да бір параметрлер нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмесе, түзетулер енгізіледі. Бірақ жөнделіп жатқан жолдарда инженерлік қызметтер - техникалық қадағалау үнемі болуы керек. Сонда ғана жұмыс сапалы атқарылмақ.
Ал нақты жылжымалы жол зертханасының инженер-операторы ретіндегі менің міндетіме тоқталар болсақ, жұмысым - жол желісіне компьютерлік диагностика жүргізу және ол бойынша жөндеуді қажет ететін учаскелерді белгілеу, сондай-ақ жөндеу қажет болса қандай түрі – қайта төсеу, күрделі, ағымдағы жөндеу керектігін көрсетіп, ұсыныстармен толық есеп беремін.
Жұмыс қыста алдын ала ақпарат жинаудан басталады: жолдардың атаулары, олардың құрылысы, кепілдіктегі учаскелер мен олардың ұзақтығы анықталып, жұмыс және күнтізбелік жоспар құрылады. Көктем келісімен жылжымалы жол зертханасын сайлап, жолға шығамыз.
Әдетте тексерілетін учаскелерде арнайы құралмен қозғалыс қарқындылығы өлшенеді. Содан кейін әр бағыттың жолағы бойынша өтеміз. Жол жүру кезінде компьютер датчиктердің көрсеткіштерін тіркейді және кестелік түрде жолдың сипаттамаларын ұсынады, оның ішінде жолдың ұзындығы, учаскенің ерекшеліктері, тіпті, жол төсемесінің серпімділік модулі де ескеріледі. Арнайы камера ақауларды анықтау үшін жолдың әр метрін суретке түсіреді - әрбір жарықшақ, жарықтар торы немесе шұңқыр ұзындығы, ауданы және координатасын көрсетеді. Бұл жұмыс көктемнен күзге дейін жүргізіледі. Биыл республикалық желінің шамамен 1,5 мың км және облыстық желінің 154 км кепілдік мерзімі бар учаскелерін диагностикалаудан өткіздік.
- Жолда негізінен қандай ақаулар анықталады?
- Анықталған ақаулар есептерде көрсетіледі және тексеріске тапсырыс берушілерге жіберіледі. Тапсырыс берушілер өз кезегінде мердігерлерге ақауларды жою бойынша талаптар қояды. Мысалы, кепілдік мерзімі аяқталмаған учаскеде жол түзу болмай шықты. Мердігер жабынның жоғарғы қабатын қайта төсеу арқылы ақауды жойды.
Ал жалпы, тексеріс барысында асфальт жабыны қалыңдығының сәйкес келмеуі, асфальтбетонның жеткіліксіз тығыздалуы, судың мөлшерден артық болуы, сәйкес келмейтін материалдарды қолдану сияқты олқылықтар анықталады. Мұндай жағдайларда тапсырыс беруші, мердігер және инженерлік қызметтер дереу хабардар етіледі. Тапсырыс беруші біздің қорытындымызды негізге алып, атқарылған жұмысты қабылдамайды және ақауларды жоюды талап етеді. Кейін біздің мамандар жоспардан тыс қайта барып, түзетілген учаскені тексереді.
- Ал олқылық анықталғанда мердігердің оған «көз жұма қарауды» сұраған кездері болады ма?
- Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты айтар болсам, кәсіпорында қатаң менеджмент жүйесі бар. Атқарылған жұмыстың «ашықтығы» үшін барлық инспекциялық тексерістер мен сынақтардың нәтижелері автомобиль жолдары саласындағы уәкілетті орган қол жеткізе алатын арнайы электрондық порталға енгізіледі және сақталады. Әрбір іріктеліп алынған сынама мен тіркелген олқылықтардың фото-, GPS-фиксациясы болады және оларды түзету мүмкін емес, деректер тексерілген нысанда бірден электрондық планшет арқылы енгізіледі.
Кәсіпорында атқарушы органнан тәуелсіз өз өкілеттігін жүзеге асыратын, директорлар кеңесіне есеп беретін және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету кезінде тәуелсіз болып табылатын комплаенс-офицер жұмыс істейді.
- Жалпы, өңір жолдарының сапасына көңіліңіз тола ма?
- Автожолдардың сапасы көптеген факторға байланысты. Жол құрылысын немесе жөндеуді дұрыс жобалау, жөндеудің түрі, құрылыс материалдарының сапасы және жұмысты орындау барысында технологияның сақталуы, қолайлы жабдықтың болуы – мұның бәрі сапаға әсер етеді.
Өкінішке орай, біздің өңірде «жаман» жолдар бар. Бұл ескі жүктеме нормаларына сәйкес және өте ертеде салынған жолдар. Оларды қазіргі жүктеме және қозғалыс қарқындылығын ескере отырып жаңғырту қажет. Сондай-ақ, ауыр жүк көліктеріне бақылауды қатаңдату керек. Бұл көліктердің шанақтарының ұлғаюы, карьерлік самосвалдарды пайдалану, жүкті шамадан тыс арту – жолдардың жауы, мұндай көлік жаңадан салынған жолдарға да айтарлықтай зиян келтіреді.
Жалпы, облыс бойынша жол сапасының көрсеткіші біртіндеп жақсарып келеді.
- Өткен дәуірден қалған «кадр бәрін шешеді» деген сөз бар. Жол саласында, жалпы құрылыста маман жетіспеушілігі өткір тұрғанын білеміз. Сіздер бұл мәселені қалай шешіп жатырсыздар?
- ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білімге деген көзқарасты өзгерту қажеттігін айтты. Гуманитарлық мамандықтардан кетіп, техникалық кәсіпке бетбұруды, өнеркәсіп инженерлерін көптеп даярлау керектігін сөз етті. Қазір техникалық мамандықтарға гранттар көп бөлініп жатыр, бірақ жастар арасында бұл салаға қызығушылық төмен.
Жол – маңызды сала. Жолшыларға қашанда сұраныс болады. Тағы бір айта кететін нәрсе, қазіргі жолшылардың еңбек жағдайы жақсарған, бұрынғыдай ыстық-суыққа қарамай күні бойы жолда жүрудің қажеті жоқ. Озық технологияларды қолдану, өндірісті цифрландыру біздің жұмысты айтарлықтай жеңілдетті.
Мысалы, орталықта жылжымалы зертханалар, заманауи сынақ жабдықтары бар, зертхана қызметкері орындалған жұмыстың актісін толтырып, оларды порталға мобильді құрылғыдан жібере алады. Осы ақпараттық жүйенің арқасында кәсіпорынның барлық инженерлері планшеттерге көшті.
Жолдарды паспорттау цифрлық форматта жүргізіледі. Егер бұрын паспортты далада, қолмен толтырсақ, бүгінде көлік қозғалыс сәтінде өткен жолды, жол геометриясын, координаттарын, көлденең және бойлық тегістігін тіркейді. Әрі қарай бұл деректер компьютерде өңделеді.
Қазіргі уақытта біздің салаға жол шеберлері, құрылыс инженерлері, сметалық инженерлер, зертханашылар, асфальтбетоншылар, төсеушілер, автогредершілер, механизаторлар, ресайклерлер, арнайы техника машинистері және т.б. қажет. Бұл негізгі жол мамандары. Бұдан басқа геодезистерге, картографтарға, метеорологтарға, механиктерге, ұсталарға, дизайнерлерге және т. б. сұраныс жоғары.
Біздің орталық талдау жүргізді, нәтижесінде еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері мен басқармаларында еңбек етіп жатқандардың тек 10 % ғана осы сала бойынша арнайы білім бар екенін анықтады.
Мәселені шешу үшін кәсіпорынға жыл сайын студенттерді ақылы тәжірибеден өтуге шақырамыз, олардың шамамен әр оныншысы кейін жұмыс істеуге қалады.
Мәселе шешімін табады деген үміттеміз.
- Әңгімеңізге рахмет!