ЖОО оқытушыларына 60 мыңнан астам ChatGPT лицензиясы берілді

АСТАНА. KAZINFORM – 60 мыңнан астам оқытушыға ChatGPT лицензиясы беріліп, жүздеген ЖИ агентін әзірлеу жұмысы қолға алынған. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары білім беру мазмұны басқармасының басшысы Анаргүл Құрманбаева жоғары білім беру жүйесіндегі жасанды интеллект технологияларын енгізу барысы туралы айтты.

жұмыспен қамту, құжатпен жұмыс
Фото: Астана әкімдігі

Оның сөзінше, бұл жұмыс 2024 жылдан бері жүргізіліп келеді. Министрлік оқу-әдістемелік бірлестіктермен бірлесіп, жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай стандартын әзірлеген.

Анаргүл Құрманбаева
Фото: видеодан алынған скрин

– Біздің негізгі мақсатымыз – студенттер мен оқытушылардың мамандығына қарамастан жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін түсінуіне жағдай жасау. Біз тек технологияны пайдалануды ғана емес, сыни ойлау қабілетін дамыту мен этикалық мәдениетті қалыптастыруды да маңызды бағыт ретінде қарастырдық, – деді Анаргүл Құрманбаева.

Оның айтуынша, бастапқы кезеңде ЖИ бойынша базалық мазмұн әзірленіп, кейін әрбір жоғары оқу орны оны өз бағытына қарай бейімдеген. Қазіргі таңда университеттерде оқытушыларға арналған арнайы курстар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

– Жасанды интеллект өте жылдам дамып жатыр. Сондықтан оқытушылардың білімін үздіксіз жетілдіру маңызды. Осы бағытта біз OpenAI компаниясымен ынтымақтастық орнаттық. Соның аясында 60 мыңнан астам лицензия бөлініп, оқытушылар ChatGPT құралдарын білім беру процесінде қолдануды меңгеріп жатыр, – деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, лицензиялар арқылы оқытушылар тест тапсырмаларын әзірлеу, практикалық жұмыстар дайындау және оқу материалдарын жүйелеу сияқты міндеттерді орындай алады.

Сонымен қатар елімізде AI Sana ұлттық бағдарламасы аясында студенттерге арналған курстар ұйымдастырылып жатыр. Бағдарламаның келесі кезеңінде қатысушылар ЖИ агенттерін әзірлеуге кіріскен.

– Қазіргі уақытта 308 ЖИ агенті әзірленіп жатыр. Олардың бір бөлігі қазірдің өзінде қолданыста Мысалы кәсіпкерлерге арналған агенттер бухгалтерлік процестерді автоматтандыруға көмектеседі. Ал ерекше білім беру қажеттілігі бар азаматтарға арнайы инклюзивті жобалар да дамып келеді, – деді Анаргүл Құрманбаева.

Айта кетейік, Қазақстан 2026 жылы білім беру жүйесі аясында ChatGPT Edu платформасын енгізуге кіріскен әлемдегі алғашқы елдердің бірі.