Жұмысшылар жалақысын төлемеген басшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Маңғыстау облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бірнеше ай бойы жалақыларын ала алмай жүрген жұмысшылардың мүдделері қорғалып, олар қызмет ететін жұмыс орындарына арнайы тексерулер жүргізілген.
Нәтижесінде 31 кәсіпорын мен мекемеге тексеру жүргізу барысында 2 798 азаматтың конституциялық құқығы қорғалған.
«Жұмысшылардың 179 млн. 965 мың 819 теңге мөлшерінде жалақыдан жиналған қаражаттары толығымен төленді», дейді МО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Прокуратураның тексеруімен «Ақтау-Восток» ЖШС-нің екінші дәрежелі банктердің филиалдарындағы есеп шоттарына 2009 жылдың сәуір айынан бері барлығы 45 млн. 692 мың 773 теңге түскен.
Оның жұмысшыларға жалақы ретінде тек қана 20 млн. 448 мың 500 теңгесі төленгені, ал қалған 25 млн. 425 мың 273 теңге өзге мақсаттарға жұмсалып отырғаны, алайда серіктестіктің бүгінгі күнде 124 жұмысшы қызметкеріне мамыр және тамыз айлары аралығындағы 20 млн. 906 мың 388 теңге жалақыдан жиналған қарыздары бар екендігі анықталған.
«Ақтау-Восток» ЖШС-нің лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттерінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 148 бабының 3 бөлігінде көзделген қылмыстың құрамы бар, яғни ақша қаражатын өзге мақсаттарға пайдаланумен байланысты жалақының толық көлемінде және белгіленген мерзімде төленуін бірнеше рет кідірткен», дейді баспасөз қызметіндегілер.
ҚР Қылмыстық Кодексінің 148 бабының 3-ші бөлігімен «Ақтау-Восток» ЖШС-нің директорына және басқа лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР еңбек заңнамасын бұзғанына байланысты қылмыстық іс қозғалуда.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының Ақтау қалалық прокуратурасы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамаларының қолданысына, соның ішінде жалақыны дер кезінде төлемеудің алдын алу мақсатында тексерулер жүргізіп жатыр.