Жұмыссыздықпен күрес жанданып келеді

АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлемдік дағдарыс салдарынан көптеген елдерде белең алған жұмыссыздық мәселесі әлі де күн тәртібінен түспеген, қызуы басылмаған басты проблемалардың қатарында тұрғаны анық.  Мұхиттың арғы бетіндегі адуынды АҚШ та, Еуропаның дамыған бірқатар мемлекеттері де халқын жұмыспен жарылқаудың қамында жүр. Қазақстан да мұндай жаһандық үдерістен шет қалған емес.
None
None

Дегенмен, қазірдің өзінде жұртшылық арасындағы жұмыссыздақ жағдайының жақсарып отырғаны байқалады. Бұған былтырғы 1 шілдеден бастап елімізде жүзеге аса бастаған «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы көп септіг тигізіп отырғаны да рас.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген жаңа бағдарлама еліміздің еңбек нарығындағы қалыптасқан жағдайды оң шешуге, индустриялық саясатты жүзеге асыру үшін еңбек әлеуетін оңтайлы пайдалануға мүмкіндік береді. Бағдарламаның негізгі мақсаты - тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табыс деңгейін арттыру болып табылады. Тоқтала кететін жайт, соңғы онжылдықта елдегі еңбек нарығында бірталай оң өзгерістерге қол жеткізілгенімен, өз бетінше жұмыспен айналысушылардың проблемасы күрделеніп отырғаны айқын болатын. Осы мәселені және Үдемелі индустриялық‑инновациялық даму бағдарламасына сәйкес еңбек нарығының жаңа талаптарын ескере отырып, Мемлекет басшысы билік алдына халықты жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасын әзірлеп, қабылдауды міндеттеген еді.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы негізінен үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт аясында кәсіптік оқыту арқылы жұмысқа орналастыру көзделеді. Екінші бағыт бойынша ауылда кәсіп ашып, жеке ісін жандандырғысы келетіндерге жәрдем жасалады. Яғни бағдарламаның  басты бағыты ‑ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу болып табылады. Жалпы, өз бетінше жұмыспен айналысатындардың, жұмыссыздар мен табысы төмен отбасылардың көпшілігі ауылды жерлерде тұратынын ескерсек, оның үстіне елді мекендерде жалдамалы жұмыс орындарын құру оңайға түспейтінін есепке алсақ, ауыл кәсіпкерлігін дамытудың маңызы зор болмақ. Үшінші бағыт -  тұрғылықты жері бойынша келешекте жұмысқа орналастыру немесе бизнесті дамытуға мүмкіндік жоқ болғандықтан, бағдарлама арқылы ондай адамдардың экономикасы дамыған өңірлерге көшуіне мүмкіндік қарастырылған. Бұл өз кезегінде еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға ықпал етеді.

 Бұдан бөлек, мемлекет жұмыс берушінің кадр даярлауға кететін шығынның 70 пайызына дейін өтеп беру арқылы бағдарламаға қатысушыларды оқытуға және жұмысқа орналастыру мәселесін қосымша шешуге ұмтылады. Бұл жаңалық жаңа басталған 2012 жылдан бастап күшіне енетіні көзделген болатын. Жыл жаңа басталғанда келіп жеткен ақпарларға сүйенсек, бағдарламаның әлеуеті зор екендігін аңғарамыз.

Мәселен, осы аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасының аясында Қазақстанның сегіз өңірінде шағын несиелендіру басталғанын хабарлады. 8 облыс бойынша өңірлерде бағдарламаның 618 қатысушысына шағын несиелер ресімделген. Ереже бойынша микроқаржылық ұйымдарды іріктеу міндеті жүктелген уәкілетті өңірлік ұйымдар ретінде және азаматтарды шағын несиелендіру үрдісін жүзеге асырушы орган ретінде жергілікті ӘКК анықталғаны белгілі. Ендігі күш осы корпорациялардың еншісіне түсетін болады.

Ал 2011 жылғы 12 желтоқсандағы жағдай бойынша, бағдарлама аясында 4447 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып-үйренсе,  олардың барлығы шағын несиелердің әлеуетті алушылары атанған. Жалпы алғанда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері Жұмыспен қамту орталықтарына 82 мыңнан астам адам жүгініпті.  Мәселен, жергілікті атқарушы органдардың ресми мәліметтеріне сүйенсек, 2011 жылдың 12 желтоқсандағы жағдай бойынша қаралған өтініштердің негізінде 56,2 мың адам Бағдарламаға қатысушылардың қатарына енгізілген, олардың ішінде 55,6 мыңы әлеуметтік келісімшарттарға қол қойған. Ал әлеуметтік келісімшартқа отырғандардың 59,3 пайыздан астамы - 29 жасқа дейінгі жастар. Бос қызмет орындарының базасындағы тікелей бос жұмыс орындарына өтініш берген 5,6 мың адам жұмысқа тұрғызылған.

Бұдан бөлек, 2011 жылдың 11 айында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 9460 адам әлеуметтік жұмыс орындарында еңбекпен қамтылды. Осындай санатта жұмысқа тартылып, нәпақасын айырғандардың орташа жалақысы 45 849 теңгені құрайды. Министрліктің мәліметтері бойынша, 2011 жылы аталған бағытты жүзеге асыру үшін бюджеттен 1218,8 млн. теңге бөлініпті. Қазіргі уақытта бөлінген қаржының 933,2 млн. теңгесі немесе 76,6 пайызы игерілген.

Жалпы алғанда Үкімет 2016 жылға қарай бағдарламамен бір жарым миллионға жуық адамды қамтуды жоспарлауда. Соның нәтижесінде еліміздегі кедейлік деңгейін 6 пайызға дейін төмендетіп, жұмыссыздық деңгейін 5,5 пайыздан  асырмай ұстап отыру міндеті көзделуде. Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етіп, алдағы стратегиялық міндеттерді тиімді іске асыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Айта кетерлігі, жұмыссыздықпен күресте Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының да көп жәрдем болатыны анық. Индустрияландыру бағдарламасының арқасында соңғы екі жылдың өзінде-ақ 350-ден астам әртүрлі өндіріс пайдалануға берілді. Сол арқылы елімізде 200 мыңға тарта білікті индустриялық жұмыс орындары ашылды. Бүгінгі таңда Индустрияландыру картасына жалпы құны 9,6 трлн. теңге болатын 609 жоба енгізілген, жобалар жүзеге асырылған кезде 205 мың жұмыс орнын, ал жобалар пайдалануға берілген соң 179 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде республикалық Картаға жалпы құны 8,6 трлн. теңге болатын 142 жоба, аймақтық Картаға жалпы құны 1 трлн. теңге болатын 467 жоба қосылды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметінше, 2011 жылдың 11 айында жалпы құны 970 млрд. теңге болатын 288 жоба пайдалануға берілген, соның ішінде жыл басынан бері жалпы құны 170 млрд. теңге болатын 136 жоба іске қосылды. 30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Айта кетсек, аталмыш жобаларды жүзеге асыру арқылы жалпы сомасы 332 млрд. теңгенің тауары мен қызметі жасалған. Өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі іске қосылған Карта жобаларының үлесі 2,7 пайызды, соның ішінде өңдеуші өнеркәсіпте 4 пайызды құрап отыр. 

Төтенше жағдайға орай Жаңаөзенде Мәжіліс сайлауы өтпейтін болды

здание ЦИК Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының шекараларында төтенше жағдайдың қолданысын 2012 жылғы 31 қаңтардағы  7 сағат 00 минутқа дейін ұзарту туралы Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлықтың құқықтық жай-жапсарын саралау туралы Орталық сайлау комиссиясының өтінішін қараған ҚР Конституциялық Кеңесі «2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы  Жаңаөзен қаласында өтпеуі мүмкін» деген қорытынды шығарған болатын. ОСК-ның жолдаған хатында қойылған мәселелерді талдай келіп, Конституциялық кеңес төтенше жағдай режімі қолданылып отырған жерлерде сайлау өткізілмейді деген қорытынды шығарды. Кеңес төрағасы Игорь Роговтың айтуынша, мемлекет азаматтардың сайлау құқығының жүзеге асырылуының  тәртібі мен шарттарын айқындап қана қоймай, бұл құқығын өзге конституциялық құқықтары және бостандықтарымен бірге толық көлемде өздерінің жеке қауіпсіздігі, сондай-ақ сайлаудың жариялылығы мен бәсекелестігі жағдайында іске асыруында қамтамасыз етуі тиіс. Дегенмен, төтенше жағдай режімі кезінде жеке және заңды тұлғалардың бірқатар құқықтары мен бостандықтарына уақытша шектеу қолданылатындықтан аталған мақсаттарға қол жеткізу өте қиын. «Демек, төтенше жағдай қолданылып отырған кезде ҚР азаматтарының өз қалауын еркін білдіруін, конституциялық құқықтары мен бостандықтарын толық жүзеге асыруын қамтамасыз ету  мүмкін болмағандықтан және төтенше жағдай туралы заңда тікелей тыйым салынғандықтан төтенше жағдай режімі қолданылып отырған жерлерде сайлау өткізілмейді»,-деді И. Рогов.

Конституциялық Кеңестің осы қорытындысына орай, осы аптада Орталық сайлау комиссиясы 2012 жылғы 15 қаңтарда Жаңаөзен қаласында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының  сайлауын өткізбеу туралы шешім қабылдады. «Бұрын біз Жаңаөзен қаласында сайлаудың 15 қаңтарда өтетінін мәлімдегенбіз. Өйткені Президенттің Жарлығымен төтенше жағдай 2012 жылдың 5 қаңтарына дейін енгізілген болатын. Бұл бізге сайлауды белгіленген мерзімде ұйымдастырып, өткізуге мүмкіндік беретін. Алайда, төтенше жағдайдың мерзімі ұзартылды. Конституциялық Кеңес берген түсініктемелер негізінде ОСК Жаңаөзенде Парламент Мәжілісі депуттарының сайлауын өткізбеу және мәслихаттар депуттарының сайлауын басқа уақытта өткізу туралы шешім қабылдады», - деді ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. Төрағаның айтуынша, Жаңаөзенде кезектен тыс Мәжіліс сайлауын өткізбеу осы қала азаматтарының конституциялық құқығын шектемейді. «Біз басқа да амалдарды қарастырдық, алайда, барлық өтетін шаралар конституциялық сайлау туралы заңнамаға қайшы келіп отыр. Сондықтан, Конституциялық Кеңестің түсініктемесін негізге алып, Жаңаөзенде Мәжілістің сайлауын өткізбейтін болдық. Ал мәслихат сайлауын кейінірек өткіземіз», - деді ОСК төрағасы.

Соңғы жаңалықтар