Журналистер арасында өтетін «Нұр сұңқар» байқауына биыл блогшылар да қатысады

АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Биыл журналистер арасында 2010 жылдан бері өтіп келе жатқан «Нұр сұңқар» республикалық байқауына қосымша номинациялар енгізілді және жүлде қоры едәуір ұлғайды. Бұл туралы бүгін аталған байқауға байланысты өткізілген брифингте «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин мәлімдеді.
None
None

«Байқау қазақстандық журналистердің шығармашылық әлеуетін арттыру, «Нұр Отан» партиясы мен тілшілер қауымдастығы арасындағы әріптестік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған», - деп атап өтті Е. Қарин.

Оның айтуынша, байқауға қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық тақырыптардағы, «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» ҚР Президентінің Жолдауын жүзеге асыру барысына арналған, сондай-ақ, партия және оның филиалдарының, барлық деңгейдегі мәслихаттардың, бастауыш партия ұйымдарының қызметі туралы, партиялық бастамалардың қоғамдық маңыздылығы мен партияның жастар саясаты жөніндегі материалдар қабылданады.

Сыйлықтар 7 номинация бойынша: «Ерекше пікір» - Ең үздік телевизиялық журналист, «Сөз шебері» - Ең үздік баспасөз журналисі, «Медиа-профи» - Ең үздік ақпараттық агенттік журналисі, «Көзқарас» - Ең үздік блогер, «Аймақ айнасы» - Ең үздік өңірлік корреспондент, «Қазақстандық журналистикаға қосқан үлесі үшін», «Партия қызметі туралы ең үздік материал үшін» бекітіледі.

«Өздеріңіз білесіздер, осы жылдың басында «Қазақ сайттары редакторларының бірінші құрылтайы» өткен болатын. Сол жиналыста айтылған ұсыныстар бойынша және бүгінде қарқынды дамып келе жатқан интернет журналистиканың маңызын ескере отырып, біз биылғы байқауға блогтарда, әлеуметтік желілерде өзіндік пікір білдіріп, оқырмандарға ой салып жүрген азаматтарды да қатыстыруды жөн деп отырмыз», - деп атап өтті партия хатшысы.

Айта кету керек, байқауға 2012 жылғы 1 қыркүйектен 2013 жылғы 10 маусымға дейінгі аралықта қазақ және орыс тілдерінде түрлі жанрларда (очерк, сұхбат, мақала, телевизиялық және радио бағдарламалар, әлеуметтік тергеулер және басқалары) жарияланған немесе эфирге шыққан материалдар, сондай-ақ жарияланымдар мен бағдарламалар қабылданады. Материалдар қабылдаудың соңғы күні - 2013 жылғы 11 маусым деп белгіленіп отыр.

Байқау ережесі бұқаралық ақпарат құралдарында және «Нұр Отан» ХДП ресми веб-сайтында www.ndp-nurotan.kz жарияланатын болады.

Соңғы жаңалықтар