Журналистердің этикалық кодексінде ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар да көрініс табуы тиіс - Мәдениет министрі

Бүгін Астанада Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласын түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттың негізгі бағыттарын айқындау жөнінде өткен кеңесте Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай осылай мәлім етті.
«Біздің министрлікке журналистердің қоғамдық бірлестіктерімен біріге отырып, Журналистердің этикалық кодексінің жаңа жобасын әзірлеу тапсырылды. Еске сала кетейін, бұндай құжат алғаш рет өткен ғасырдың 1997 жылы әзірленген болатын және онда негізінен ұлтаралық және конфессияаралық қатынастарды жазып-көрсету қарастырылған еді. Расында да, ұлтаралық қатынас - біздің қоғам үшін стратегиялық мәселе. Ендеше оның жаңа Кодекс жобасында да көрініс табатынына, сондай-ақ осы тақырыпта қалам тербейтін журналистердің ерекше иммунитетін қалыптастыруға негіз болатынына сенімдімін», - деді Д. Мыңбай.
Бұл ретте министр Қазақстан журналистер одағы мен Бас редакторлар клубы бірлесе отырып, аталған құжаттың жаңа параметрлерін талқылауға кіріскенін жеткізді.