Журналистік әдеп кодексінің жобасы дайын, таяуда ол қоғам назарына ұсынылмақ

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада бас қосып, журналистік әдеп кодексінің жобасын талқылаған еліміздің БАҚ басшылары оны әлі де болса пысықтау қажеттігіне ерекше назар аударды.
None
None

Алқалы жиынды ашқан Қазақстан Журналистер одағы Астана қалалық филиалының директоры Мағжан Садыханның атап өтуінше, кодексті Қазақстан Журналистер одағы, Бас редакторлар клубы және еліміздің жетекші журналистері біріге отырып әзірлеген.

«Бұл тек қана жоба. Оның әлі де өңдеп, түзетіп, ұсыныстар енгізу қажет. Айта кетерлігі, Журналистік әдеп кодексін жасау - бұл уақыт талабы», - деген оның айтуынша, құжатты дайындау барысында Литва, Жапония, Оңтүстік Корея, Украина сынды елдердің тәжірибелеріне назар аударылған.

Жиын барысында сөз алған танымал публицист Бигелді Ғабдуллиннің пайымынша, бұл құжатты қабылдауға асықпай, оны барынша тыңғылықты әрі жан-жақты дайындау қажет.

«Мұндай құжат жоғарыдан, министрліктен түспейді. Бұл біздің ішкі құжатымыз. Бізге кәсіби әдеп - бұл заңды құжат еместігін нақты беру міндеті тұр. Дегенмен ол өте маңызды әрі біздің кәсіби өмірімізді айқындайды. Біз асықпайық, тыңғылықты талқылап, біраз уақыттан кейін осы жобаны газет беттерінде жариялайық», - деді ол.  

Ал Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай өз кезегінде кодексті ұзақ талқылау, оның қабылдануын ұзартып жіберетіндігіне алаңдаушылық білдірді.

«Естеріңізде болса, 2002 жылы өткен бірінші Журналистер конгресінде бұл мәселе күн тәртібіне енгізіліп, осындай талқылау болған еді. Сондықтанда мен осы маңызды әрі қажетті құжатты талқылап-талқылап, орта жолда қалдырып кетеміз бе деп қорқамын», - деді К.Жолдыбай.

Соңғы жаңалықтар