12:09, 03 Тамыз 2012 | GMT +5
Жыл басынан бері Қарағанды облысында 1700 адам алаяқтардың құрбаны болды
АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 1 тамызында Қарағанды облысының ІІБ құрылымдарында 1700 алаяқтық фактісі тіркелді, олардың 829 оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жылдың басынан бері 190 қылмыстық беті ашылды, өткен жылдың сол кезеңінде бұл көрсеткіш 175-і құраған болатын. Бұл туралы Қарағанды облысы ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Қылмыстардың басым бөлігі - алдап-арбау арқылы қаражат иемдену. Ағымдағы жылы 512 қылмыстық іс қозғалды, олардың 33-і банктік несиелерге қатысты. Сондай-ақ пәтер мен ұялы телефондар да алаяқтардың нысанасына ілігіп жатады.
Облыстық криминалдық полиция басқармасы олармен күресу үшін нақты шаралар қабылдады. Ағымдағы жылы алаяқтық жасаған 187 адам ұсталды. Сондай-ақ қылмыстың бұл түрін жасаған 2 не одан да көп адамнан тұратын 6 қылмыстық топ құрықталды.
Бүгінгі күні сотқа 21 қылмыстық іс тапсырылды.