11:17, 04 Қараша 2009 | GMT +5
Жыл басынан бері Қазақстан мұнайының Қытайға жеткізілімі 6 миллион тоннадан асты
БЕЙЖІҢ. Қарашаның 4-і. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытай Халық Республикасы Шынжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің кедендік органдарының мәліметтері бойынша, ағымдағы жыл басынан бері «Атасу-Алашаңкоу» құбыр желісі бойынша мұнай жеткізілімі 6 миллион тоннадан асып отыр.

Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға көп.
Ұзындығы 962,2 шақырымды құрайтын «Атасу-Алашаңкоу» мұнай құбырының құрылысы 2004 жылы басталғанын айта кету керек. Қазақстандық шикі мұнайдың алғашқы партиясы бұл құбыр желісімен Алашаңкоуға 2006 жылы мамырдың 25-де келіп жетті.
Содан бері құбыр арқылы ағылған «қара алтынның» жылдық өсімі 20 пайызды құрады. Қазіргі уақытта мұнай жеткізілімінің жалпы көлемі 18 миллион тоннадан асып отыр.