Жыл басынан бері Қазақстаннан 205 мың тонна астық жеткізілді - Қырғызстанның ауыл шаруашылық министрі М.Тұрдықұлов
Көршілес Қырғыз елінің ауыл шаруашылығындағы қазіргі жағдай туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қырғыз Республикасының ауыл шаруашылық министрі Мәметшәріп Тұрдықұлов айтып берген еді.
- Министр мырза, Қырғызстанның ауыл шаруашылық саласындағы дәнді дақылдар жинау науқанының қазіргі жағдайы қандай?
-Қазіргі жағдай бойынша, республика аумағында масақты дәнді дақылдардың 87 пайызы (440 мың гектар) орылды, соның ішінде бидай 87 пайызды, арпа 89 пайызды құрады. Салыстыратын болсақ, 2009 жылдың осы кезеңінде 437,4 мың гектар аумақта ғана астық жиналған болатын, соның ішінде 325,9 мың гектарды бидай, 111,5 мың гектарды арпа алған болатын. Республика бойынша астық науқанына 726 комбайн жұмылдырылған, былтыр бұл науқанға 834 дана техника ат салысқан еді. Бір гектардан 190 пайыз өнім алынып, жалпы бақшалық дақылдар мен картоп мөлшерінің артқандығы байқалды, былтырғы жылмен салыстырғанда өнім мөлшері 16 пайызға көбейген. 2010 жылдың аяғына дейін 870 мың тонна бидай алу жоспарда бар.
- Ағымдағы жылдың сәуірінде орын алған саяси оқиғалар мен республиканың оңтүстігіндегі шиеленістердің ауыл шаруашылық саласына тигізген әсері болды ма?
- Аталмыш фактіні жоққа шығаруға болмайды. Алайда, Қырғызстанның уақытша үкіметі жағдайды дұрыстау үшін бірқатар шараларды қолға алды. Мысалға, ауыл шаруашылық саласындағы жұмысшыларға айтарлықтай мөлшерде тұқым бөлінді. Халықаралық донорлар шақырылып, тиімді жұмыс істеді.
Республиканың оңтүстігіндегі жағдайға тоқталсақ, шынымен де маусым айында шаруалар өз алқаптарына барудан қорыққандықтан, белгілі бір үрдістер тоқтап қалған болатын. Осы себептерге байланысты, астық жинауда кемшіліктер болды. Комбайндардың жетіспеуіне қатысты мәселелер де бар. Комбайншілер басқа аудандарға баруға қорқады, яғни халық үрейі елдің оңтүстігіндегі негізгі мәселе болып қалған.
- Қырғызстанға жеткізілетін астық импортын толықтай қазақстандық өндірушілер толтырып отыр десек болады. Қырғызстандағы қазақстандық астықтың бағасы қандай жағдайда?
- Ең алдымен, бұл сала еркін нарықтық қарым-қатынас саласы. Біз жыл сайын Қазақстан Республикасынан астықтың 300-350 мың тоннасын импорттаймыз. Жыл басынан бері көршілес республикадан 250 мың тонна астық тасымалданып үлгерді. Осыған қосымша, Қазақстан мен Қырғызстанның үкіметаралық келісіміне сәйкес, 150 мың тонна қазақстандық астық регламенттелді. Соңғы деректерге сүйенсек, «Луговая» жүк тиеу темір жол стансысындағы қазақстандық бір тонна астықтың бағасы 185-195 АҚШ долларын көрсетті.
- Қырғызстан малшылары Қазақстанға ет жеткізеді. Қазіргі таңда осы шикізатты импорттау тоқтатылды, осы мәселе бойынша ілгерлеушілік бар ма?
- Ресей, Қазақстан және Қырғызстанның мал дәрігерлік мамандары біздің елдердегі эпидемиологиялық жағдай туралы үнемі ақпарат алмасып отырады. Біздің үкіметіміздің Бүкіләлемдік банкпен бірге сәйкес бағдарламаларды қаржыландыруының арқасында Қырғызстанда малдардың эпидемиологиялық ауруларға шалдығу мөлшері төмендеп келеді. Біз біздің елдер арасындағы келіссөздер екі жаққа да тиімді нәтижелер әкеледі деп үміттенеміз.
- Сұхбатыңызға рахмет.