Жыл басынан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 74 шаруа қожалығына 582,5 млн. теңге несие берілді БҚО әкімі Н. Ноғаев

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәлім еткеніндей, жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 74 шаруа қожалығына 582,5 млн. теңге несие беріліп, олар 120 бас бұқашық және 3065 бас сиыр мен қашар сатып алды. Сонымен қатар шетелден етті, сүтті және етті тұқымды ірі қара малдарын кіргізу бағдарламасына сәйкес ауыл шаруашылығы құрылымдарының жобалары іріктеліп қаралуда.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі артып, ағымдағы жылдың алты айында 13,0 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 119,6 пайызды құрады. Өндірілген шұжық өнімдерінің көлемі - 9,6 есе, өсімдік майы - 2,9 есе, балық қалбырлары - 2,2 есе, ет қалбырлары - 2,0 есе, жармалар мен ірі тартылған ұн - 79,2 пайызға, макарон өнімдері 5,4 пайызға артты.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін арттыру мақсатында облыста қуаттылығы ауысымына 10 тонналық тоңазытқышпен жабдықталған мал сою орны («Кублей» ЖШС), қуаттылығы тәулігіне 20 тонналық шұжық цехы («Жайық ет» ЖШС) құрылыстары жүргізілуде.