«Ұлы дала жорығы-2023»: бәйге жеңімпаздары анықталды

Жылқы
Фото: из открытых источников

Шабандоздар елордадан 1300 шақырымды Түркістанға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің 14-кезеңі аяқталып, бүгін таңғы сағат 7:00-ден бастап соңғы 50 шақырымды еңсерген 4 команда ішінде Жетісу облысының шабандоздары топ жарып, мәреге бірінші жетті.

Осылайша жеңімпаз Жетісу облысының командасы бас жүлдеге (18 000 000 теңге) ие болды. Ақтөбе облысы командасы 2-ші орын үшін – 16 000 000 теңге, ал 3-ші орын иегері Алматы қаласының командасы 9 000 000 теңгені қанжығасына байлайды.

Төрешілердің шешімімен, мәреге 4-інші болып келген Абай облысының командасына 5 000 000 теңге берілетін болды.

Алғашқы төрттікке кірген командалардың уақыт көрсеткіші:
Жетісу облысы – 93 сағат 47 минут 43 секунд
Ақтөбе облысы – 95 сағат 06 минут 37 секунд
Алматы қаласы – 104 сағат 23 минут 57 секунд
Абай облысы – 112 сағат 12 минут 46 секунд

Сонымен қатар соңғы кезеңде Маңғыстау облысының «Адай» жылқысы рекорд жасады. «Рекорд» командасындағы 21 жастағы Мағжан Абдолұлы 1300 шақырымның соңғы 50 шақырымын бағындыруға таңғы сағат 7:10-да аттанып, Түркістандағы мәре сызығын 08 сағат 44 минут 09 секундта бірінші болып кесті. Астанадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырымды бастан-аяқ 1 атпен еңсеруді мақсат еткен «Рекорд» командасының құрамы Астана қаласы, Маңғыстау мен Жетісу облыстарының шабандоздарынан құралған.

Еске сала кетсек, «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі 5-19 қыркүйек аралығында өтті. Бәйгеге еліміздің 19 өңірінен команда қатысты. Марафонға қатысушылардың еліміздің киелі жерлері Жошы хан, Алаша хан кесенелері және Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасау мүмкіндігі туды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі кешкі сағат 18:30-да «Түркістан-арена» стадионында өтеді.