1 ақпан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 1 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
77 жыл бұрын (1948) әнші-композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынбек Қоразбайұлы ҚОРАЗБАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы Қызылсай ауылында туған.
1973 жылдан Жамбыл облыстық «Алатау» эстрадалық ансамблінің көркемдік жетекшісі, сонан соң облыстық филармония директоры болып істеді. Халық сүйіп тыңдайтын «Қара кемпір», «Қара шал», «Шашбаулым», «Сырғалым», «Аяулы Таразым», «Кенен ата», «Сағындым Кенен атамды» және т.б. әндердің авторы.
Мәдениет саласындағы жоғары жетістіктері үшін А. Қоразбаевқа Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, «Қазақ КСР-ның Еңбек сіңірген артисі», 1993 жылы «Қазақстан халық әртісі», 1994 жылы «Қырғызстан Республикасының халық артисі» құрметті атақтары берілді.
2004 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2010 жылы «Парасат» ордені, 2016 жылы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін алды.
65 жыл бұрын (1960) биология ғылымдарының докторы, «Экомед» медицина орталығының негізін қалаушы және жетекшісі Салтанат Берденқызы БАЙҚОШҚАРОВА дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. 1983 жылы Қазақ Ұлттық университетінің биология факультетін бітірген. Медицинадағы еңбек жолын 1988 жылы Алматы қалалық кеңесханасында дәрігер-лаборант болып бастаған.
Ерлер бедеулігін анықтаумен айналысып, күйеуінің немесе донордың шәуһетімен жатырішілік инсеминация жасау және аталық ұрық криоконсервациясы әдістерін енгізген. 1995 жылы бедеулікті емдейтін «Экомед» орталығын ұйымдастырып, Қазақстанда және Орталық Азияда алғашқы болып денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) әдісін енгізді.
Нәтижесінде 1996 жылы 31 шілдеде осы лабораторияда Қазақстандағы алғашқы «құтыдағы бала» дүниеге келді. Қазақстандағы алғашқы лаборатория ретінде «Экомед» емханасы 1995 жылы Франциядағы Дүниежүзілік ДТҰ регистріне тіркелген.
Ұлттық медицина қауымдастығының «Алтын Дәрігер» атағының иесі. «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігіне» атты құрмет белгісімен марапатталған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық cақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.
45 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі Берік Серікұлы БЕРКІМБАЕВ дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Болашақ бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Шеффилд университетін бітірген.
Еңбек жолы: 2001-2004 жылдары Алматы қаласы, Оңтүстік-Шығыс көлік аймағы бойынша ҚСжАО прокуроры, кадр жұмысы және ішкі қауіпсіздік жөніндегі аға прокуроры, 2004-2005 жылдары ҚР Бас прокуратурасының ҚСжАЕК басқармасының аға прокуроры, 2005-2010 жылдары ҚР Бас прокуратурасының Алматы облысы бойынша ҚСжАЕКБ бастығының орынбасары, бастығы, 2010 жылы Алматы облысы прокурорының кадр жұмысы жөніндегі аға көмекшісі, 2010-2011 жылдары ҚР Жоғарғы сотының және Әділет министрлігінің атқару өндірістерін қамтамасыз ету жөніндегі басшылық лауазымдарында жұмыс істеді. 2011-2014 жылдары Ақмола облысы бойынша сот актілерін орындау департаментінің басшысы, 2015-2016 жылдары Ақмола облысы әділет департаменті басшысының орынбасары, 2016-2017 жылдары ҚР ӘМ мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары, 2017-2018 жылдары Ақтөбе облысы әділет департаментінің басшысы, 2018-2022 жылдары ҚР Әділет министрлігі стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры болды. 2022-2023 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметіне 2023 жылдың ақпанында кірісті.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) мерекелік медальдарымен марапатталған.
36 жыл бұрын (1989) Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қаныбекұлы КАДРАЛИЕВ дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында дүниеге келген. Б2010 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Физика» мамандығы бойыынша тәмамдады. 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Бизнес және басқару» мамандығы бойынша магистр атағына ие болды.
Еңбек жолы: 2010-2012 жылдары Студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының Батыс Қазақстан облыстық штабының координаторы, 2011-2015 жылдары "Нұр Отан" партиясы жанындағы "Жас Отан" Жастар қанатының Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы, 2012-2014 жылдары Батыс Қазақстан облыстық студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының облыстық штабының жетекшісі, 2012-2015 жылдары "Батыс Қазақстан облысы бойынша "Жас Отан" қоры" корпоративтік қорының директоры, 2012-2013 жылдары "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы қоғамдық саяси бөлімінің жастар саясаты жөніндегі кеңесшісі, 2015-2016 жылдары "Нұр Отан" партиясы Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2016-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы болып қызмет атқарған. 2016-2021 жылдары Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары. 2021-2024 жылдары Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы қызметінде болды.
Қазіргі лауазымына 2024 жылдың шілде айында кірісті.
91 жыл бұрын (1934-2006) Қазақстаннның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәкен Нұрмақұлы ЖҮНІСОВ дүниеге келген.

Көкшетау облысы, Қызылтау ауданы, Кішкенекөл ауылында туған. 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1957-1959 жылдары «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында және 1960-1964 жылдары Қазақ мемлекеттік драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1988-1991 жылдары КСРО Әдеби қоры қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған. Балаларға арналған алғашқы кітапшасы («Сонарда») 1959 жылы шықты.
Бұдан соң жас жеткіншектер үшін «Әжем мен емші және дәрігер» (1961), «Кімнің мекені жақсы» (1962), «Сақау бәтеңке» (1983), т.б. кітаптары жарық көрді. «Өшпейтін іздер» повесін (1968), «Жапандағы жалғыз үй» романын жазды (1965; орыс тілінде - 1968). «Ақан сері» дилогиясы жарық көрді. (1кіт., 1971; 2кіт., 1977; орыс тілінде - М., 1979). «Алғашқы вагон» (1982), «Заманай мен Аманай» (1987) повестерін жазды.
Жазушының «Ажар мен ажал» (1967), «Тұтқындар» (1970), «Қызым, саған айтам» (1972), «Жаралы гүлдер» (1973), «Қос анар» (1974), «Әр үйдің еркесі» (1975), «Қысылғаннан қыз болдық» (1976), «Кроссворд немесе масханадағы маскарад» (1981), т.б. пьесалары республика театрларында қойылды.
«Өліара» пьесасына Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді (1986). 2000 жылы «Сәкен сері ел жайында, ел Сәкен сері жайында» кітабы жарық көрді.
Көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Л.Н.Толстойдың, С.Цвейгтің бірқатар әңгімелерін, О.Т.Гончардың «Перекоп», «Көк адыр» романдарын, т.б қазақ тіліне аударған.