1 ай мерзім сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарына толығымен жеткілікті - Владимир Фоос

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан қоғамы арасында қызу талқыға түскен кезектен тыс президенттік сайлау мәселесіне өткен аптада Елбасы Н.Назарбаев соңғы нүкте қойып, саяси науқанның өту мерзімі 26 сәуірге белгіленгені белгілі. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоосты әңгімеге тартып, кезектен тыс сайлаудың ерекшеліктері, сайлау науқаны процедурасы барысындағы өзгерістер жайында сұхбаттасқан болатын.

1 ай мерзім сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарына толығымен жеткілікті - Владимир Фоос

- Владимир Карлович, ағымдағы жылдың 26 сәуірінде өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауының ерекшеліктері жайында айтып берсеңіз.

- Мемлекет басшысы Президент сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Ол 26 сәуір күні өтеді. Заңға сәйкес, егер кезектен тыс сайлау жария етілетін болса, онда ол кезекті сайлауға қарағанда тағайындалған күннен бастап екі айдың ішінде өтуі тиіс. Ал кезекті сайлауға дайындық және оны ұйымдастыру жұмыстарына үш ай мерзім беріледі.

- Президенттің кезектен тыс сайлауды тағайындау туралы Жарлығы жария етілген сәттен бастап Орталық сайлау комиссиясы қандай ұйымдастыру шараларын жүзеге асырды?

- ОСК іс-шараның күзтізбелік жоспарын бекіту туралы қаулы қабылдады. Онда кандидаттарды ұсыну 26 ақпанда басталып, 15 наурызда аяқталатындығы нақты айқындалған. Кандидаттарды тіркеу 25 наурызда аяқталады да, 26 наурыздан президенттікке үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары басталады. Ол 24 сәуірдің түн ортасында дейін жалғасып, ал 26 сәуірде дауыс беру өтеді. Заңға сәйкес кезекті және кезектен тыс сайлауға түсуге ниет танытқан кандидаттардың санына еш шектеу жоқ. Кандидаттарды республикалық қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар ұсына алады және үміткердің өзін-өзі ұсынуына да болады.

- Кандидаттарға қойылар талаптарды оқырман қаперіне тағы бір салып өтсеңіз.

- Кандидаттар Конституцияға сәйкес туғаннан Қазақстан азаматы болып табылуы және қырық жасқа толу сынды талаптарға сай келуі керек. Бұдан бөлек, ҚР Президентіне кандидат ретінде тіркелу үшін ол мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын азамат болуы қажет. Сайлау туралы заңда кандидатқа мынадай да талаптар бар - өтелмеген соттылығының болмауы және сотпен жемқорлық заң бұзушылығы үшін жауапқа тартылмауы керек. Сондай-ақ кандидаттар бірқатар шарттарды орындауы тиіс. Атап айтқанда, өңірлерден, янғи, 9 облыс пен Астана және Алматы қалаларынан сайлаушылардың кемінде 1 пайыз қолын жинауы, 1 млн. 60 мың теңге мөлшерінде сайлау жарнасын төлеуі, өзіне және жұбайына салық декларациясын өткізуі қажет. Жоғарыда айтылған шарттар толық орындалған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тіркейді. Тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін кандидат үгіт-насихат жұмыстарына кіріседі.

- Қол қою парақтарын беру және ҚР Президентіне кандидаттарды қолдау қолдарының растығын тексеру мерзімі қандай себептермен қысқартылды?

- Орталық сайлау комиссиясы қол қою парақтарын беру және Қазақстан Респубилкасының Президенттігіне кандидатты қолдап жиналған қолдардың растығын тексеру мерзімін қысқарту туралы шешім қабылдады. Аталған қаулы сайлау іс-шаралары мерзімін оңтайландыру мақсатында қабылданып отыр және ол кандидаттардың сенімді тұлғаларына кандидатты қолдау қолдарын жинау жұмыстарына ертерек кірісуге мүмкіндік береді. Соған сәйкес, оларда бұл жұмыстарды атқару үшін уақыт жеткілікті болады. ҚР ОСК-нің бұл шешімі кез келген кандидатты қолдау мақсатында жиналған қолдардың растығын аумақтық комиссиялардың тексеру процедурасын жеделдетуге де мүмкіндік жасайды. Осылайша, кандидаттар үшін қажетті уақыт арта түседі. Мерзімді бұлайша қысқарту сайлау комиссиясы жұмысының тиімділігіне еш кедергі келтірмейді.

- Кандидаттарға қол жинау үшін қанша уақыт беріледі?

- Олардың қолдау қолдарын жинауға тіркеу аяқталғанға дейін уақыттары бар. Естеріңізге сала кетейін, кандидаттар кемінде 93 мың дауыс жинауы тиіс. Әрине, олар мұнан да көп қол жинай алады. Өйткені, тексеру процесі барысында кейбір қол жарамсыз деп танылуы да мүмкін.

- Кандидаттың қанша сенімді тұлға ұстауға мүмкіншілігі бар және шетелдік байқаушыар үшін қандай жағдай жасалған?

- Әрбір кандидат әрбір сайлау учаскесінде 3 сенімді тұлғадан ұстауына болады. Яғни, олардың саны шамамен 27 мыңнан асып жығылады. Ал шетелдік байқаушыларға қатысты айтар болсам, олар аккредиттелуі тиіс әрі ережелерге сәйкес оларға бір аудармашы ілесіп жүре алады. Өткен сайлауларда да осылай болған еді.

- Сіздіңше, сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарына 1 ай жеткілікті ме?

- Сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарына 1 айлық мерзім толығымен жеткілікті деп санаймыз. Өйткені, мұндай мерзім 2011 жылғы сайлау барысында да қолданылған еді.

- Соңғы жылдары сайлау заңнамасына енгізілген өзгертулер жайында айтып берсеңіз.

- Заң 1998 жылы қабылданып, сол уақыттан бері отандық және шетелдік байқаушылардың, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының ұсыныстарын ескере отырып, 15 мәрте өзгертулер енгізілді. Дегенмен, 2011 жылдан бері сайлау процедурасы еш өзгермегендігін атап өткен орынды.

- Алынып тасталған «Сайлау» жүйесі жайында не айтар едіңіз?

- «Сайлау» жүйесі 2004 жылы іске қосылғанымен, 2011 жылдан бастап ол қолданыстан алынып тасталды. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама тоқтап тұр. Бұл жүйеге қоғам тарапынан көзқарас өзгергеннен кейін ғана оның қайтадан қолданысқа енгізілуі мүмін.

- ҚР Президенті сайлауына қай уақытта ең көп кандидат тіркелгендігін айтып берсеңіз.

- Ең көп кандидат 2005 жылғы ҚР Президентінің кезекті сайлауында ғана тіркелген болатын.

- Сұхбатыңызға рахмет!