1 қаңтар. Туған күн иелері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 1 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1909-1993) көрнекті әнші, композитор, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғарифолла ҚҰРМАНҒАЛИЕВ дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туған. Ата-анасынан ерте айрылған болашақ әнші немере ағалары Ғұбайдолла мен Хамидолланың қолында тәрбиеленеді. 10 жасынан домбыра тартып, ән сала бастады. Өзі туып-өскен өңірдің мақтанышы Мұхит Мерәліұлының өнерін бойына сіңіруге ниет қылып, оның туыстары Шынтас пен Шайхыға жолығады, ән үйренеді. Ақтөбе, Орынбор, Атырау, Орал өңірлеріне Мұхит әндерін насихаттайды. 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-ші слетіне қатысып, сол жерде Опера және балет театрына қабылданды. Ол Елемес, Сақан, Жарас, Шеге, Естай, Нарымбет образдарын шебер сомдап, ұлттық операның негізін қалаған көрнекті өнер қайраткерлерінің біріне айналды. Халықтың, әсіресе Мұхиттың әндерін нақышына келтіріп орындауы арқылы бүкіл қазаққа танымал болды. Сондай-ақ өзі де әндер шығарды. Олар: «Ақжайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін, туған өлкем», т.б. Құрманғалиев өнерпаз жастарды баулып, өзінің тамаша мектебін қалыптастырды, сөйтіп ұлттық кәсіби ән өнеріміздің дамуына баға жетпес үлес қосты. Республикалық эстрада студиясында ұстаздық ете жүріп, талантты әншілердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. 1967 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Республикалық өнер және цирк студиясында ұстаздық етті. «Қызыл жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.
105 жыл бұрын (1914-1995) актриса, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лаураты Сәбира МАЙҚАНОВА дүниеге келді.
Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. 1932 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды. Шығармашылық жолы осы театрдың тарихымен, өсу жолымен тығыз байланысты. Театр сахнасында сомдаған тұңғыш рөлі - Б.Майлиннің «Майдан» драмасындағы Алтынай. Бұдан кейін ол замандас құрбыларының сахналық бейнесін жасады. Роза (Д.Рахманқұлов, «Документ»), Зотова (В. Киршон, «Астық»), Рая (М.Әуезов, «Алма бақ»), Гүлжәмила (М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, «Ақ қайың»), Любовь Яровая (К.Тренев, осы аттас пьеса), Әлжан (М.Әуезов, «Абай»), Зейнеп (С.Мұқанов, «Шоқан Уәлиханов»), Мақпал (Ғ.Мүсірепов, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Толғанай (Ш.Айтматов, «Ана - Жер-Ана»,), Кесария (О.Иоселиани, «Арбаң аман болсын»), Тхань (И. Куприянов, «Вьетнам жұлдызы») сияқты аяулы аналар образын мүсіндеп, сахна суреткері ретінде танылды. Актерлік өнері қызуқандылығымен, қарапайымдылығымен әрі тұрмыстық бояуының қанықтығымен ерекшеленді. Майқанова классикалық туындылар бойынша Ж.Фрозина (Мольер, «Сараң»), Мария Антоновна (Н.Гоголь, «Ревизор»), Кабаниха, Галчиха (А.Островский «Найзағай», «Жазықсыз жапа шеккендер»), т.б. рөлдерін ойнады. 1936 және 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1954 жылдан киноға түскен: Мақпал («Махаббат дастаны»), Гүлбарша («Қыз бен жігіт»), Торғын («Біз осында тұрамыз»), Дәметкен («Құйма»), т.б. Жазушы Д.Исабеков актрисаға «Мұрагерлер» драмасын арнаған, осы пьеса бойынша қойылған спектакльде Майқанова 1983 жылы басты рөл - Салиқаны ойнады. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған.
96 жыл бұрын (1923-2000) актриса, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бикен Ырымқызы РИМОВА дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Алматы театр училищесін бітірген. 1940 жылдан өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының труппасында өнер көрсеткен. Актриса театр сахнасында алғаш Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясындағы Мәрзия рөлін ойнаған. Ол Сәуле, Жанар, Дәмеш (Ә.Әбішев «Достық пен махаббат», «Бір семья», «Күншілдік»), Ғани (Т.Ахтанов «Күтпеген кездесу»), Дәметкен (Е.Домбаев «Біздің кластың қыздары»), Еңлік, Мөржан (М.Әуезов «Еңлік - Кебек», «Қарагөз»), Зейнеп (М.Әуезов, С.Соболев «Абай»), Батагөй ана (Ә.Кекілбаев «Абылай хан»), Жаңыл, Жер - ана (Ш.Айтматов «Аңсаған менің әнімсің», «Ана - Жер ана»), т.б. рөлдерді орындауымен қазақ сахнасында замандастар образын жасауға елеулі үлес қосқан. Ол ойнайтын рөлінің өзіне тән ой-мінезін, тағдыр талқысын терең ашып, даралық сипат беруді орындаушылық өнерінің басты мақсаты тұтатын өткір мінезді актриса болған. Сонымен қатар «Ана туралы аңыз», «Тамтам үні», «Ұлдың оралуы», «Өжет қыз» фильмдеріне, отандық көп сериялы «Тоғысқан тағдырлар» телефильміне түскен. «Абай - Әйгерім», «Қос мұңлық» драмалық шығармалардың және «Өнердегі өнегелі өмірлер» атты кітаптың авторы. Актриса есімі Алматы облыстық қазақ драма театрына берілген. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
76 жыл бұрын (1943) мәдениеттанушы, әдебиет зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Мұхтарұлы ӘУЕЗОВ дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын, Әлем әдебиеті институтының аспирантурасын бітірген. 1965-1977 жылдары - КСРО Ғылым академиясы Азия және Африка институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1977-1980 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі. 1980-1982 жылдары - Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының бөлім меңгерушісі. 1982-1988 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы, көркемдік жетекшісі. 1988-1990 жылдары - Халықаралық «Невада - Семей» қозғалысының вице-президенті. 1990-1992 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма және әдеби байланыстар алқасы бас редакциясының төрағасы. 1992-1995 жылдары - Қазақстанның Қытайдағы Елшісі. 1995-1997 жылдары - Мәдени мәселелерді зерттеу ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі. 1999 жылдан Халықаралық «Сорос» қоры Қазақ бөлімшесінің төрағасы болған. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры болған. Ол «Үлкен жол», «Гүл іспеттес жол», т.б. деректі фильмдердің, «Времен связующая нить», «Иппокрена. Хождение к колодцам времен», т.б. атты кітаптардың авторы.
71 жыл бұрын (1948) Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, тарих ғылымының кандидаты, саясаттану ғылымының докторы, Халықаралық инженерлік академияның, Ресей Федерациясы Әлеуметтану ғылымдары академиясының академигі, Л.Гумилев атындағы Халықаралық өнер академиясы сыйлығының лауреаты Тайыр Аймұхаметұлы МАНСҰРОВ дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ политехникалық институтын, КОКП Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. Ұзақ жылдар бойы аудандық, облыстық партия қызметтерінде лауазымды қызметтер атқарған. 1994-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 1996-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Финляндиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі Елшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 2003-2007 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған. 2007-2014 жылдары - Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Бас хатшысы. 2014 жылы ЕАЭО энергетика және инфрақұрылым алқасының мүшесі (министрі). Бірнеше монографиялық еңбектердің авторы. 2-ші дәрежелі «Достық», «Құрмет» ордендерімен, Ресейдің «Достық» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
56 жыл бұрын (1963) ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Байұзақұлы ЕРМЕКБАЕВ дүниеге келді.
Шымкентте туған. 1986 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің Мәскеудегі Әскери Қызылтулы институтының шығыс тілдері факультетін тәмамдаған. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының экономика факультетін бітірген. Қазақ, орыс, қытай, ағылшын және португал тілдерін меңгерген. Саяси ғылымдар кандидаты.
І сыныпты Төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық рангі бар. 1981-1991 жылдары - КСРО Қарулы Күштерінде қызмет етті. 1984-1985 жылдары - Ангола Халық Республикасында қызметтік іссапарда болды. 1991 жылы КСРО ҚК қатарынан босатылған соң сыртқы экономикалық компанияларды басқарған. 1993-1995 жылдары- Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Сауда өкілдігінің аға сарапшысы. 1996-1997 жылдары- Алматы сауда-қаржы банкі басқарма төрағасының кеңесшісі. 1997-1999 жылдары - «ЮНИТЭК ЛТД» ЖШС директоры. 1999-2000 жылдары- «Қазақстанның халық банкі» ААҚ-ның Қытай Халық Республикасындағы өкілдігінің басшысы. 2001-2003 жылдары- Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасының Сингапурдағы уақытша сенімді өкілі (Дипмиссия басшысы). 2004-2006 жылдары- Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі. 2006-2007 жылдары- Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі. 2007-2010 жылдары- Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары. 2010-2012 жылдары- Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2012-2014 жылдары- Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі. 2012-2013 жылдары- Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы. 2012-2014 жылдары- Қазақстан Республикасының Корея Халықтық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы. 2014-2016 жылдары - ҚР Президенттің көмекшісі - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы; Қазақстан Республикасының дін істері және азаматтқ қоғам министрі (2016-2018); Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы (2018).
Қазіргі қызметін атқаруға 2018 жылғы тамызда кірісті.
«Құрмет» орденімен (2006), «КСРО Әскери Күштеріндегі қызметі үшін», «ҚР Конституциясына 10 жыл медалімен» наградталған.
69 жыл бұрын (1950) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Бекмырза Қайыпұлы ЕЛАМАНОВ дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында «Қорқыт» теміржол бекетінде дүниеге келген. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын 1974 жылы «ғалым-зоотехник», Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін «экономист» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1966 жылы Жосалы кенті, №149 кәсіптік-техникалық училищеде жөндеуші болып бастаған. 1974-1983 жылдары Қармақшы ауданының шаруашылықтарында мамандығы бойынша түрлі қызметтер атқарған. 1983-1987 жылдары Қармақшы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «III Интернационал» ұжымшары парткомының хатшысы, 1987-1990 жылдары осы ауданда «Қуаңдария» кеңшарының директоры, 1990-1993 жылдары Қармақшы аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары, төрағасы болды. 1994-1995 жылдары «III Интернационал» ұжымшары басқармасының төрағасы, 1995-2001 жылдары Қармақшы ауданының әкімі, 2001-2004 жылдары Сырдария ауданы, «Шапағат лимитед» ЖШС директоры; 2004-2008 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, 2008 жылғы қыркүйек-қараша айларында облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 2008-2011 жылдары Жаңақорған ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 2012 жылғы 5 қаңтарда №8 «Төретам» сайлау округінен V сайланған облыстық мәслихаттың депутаты болып, 2012 жылғы 20 қаңтарда облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
2014 жылдан қазіргі қызметінде.
67 жыл бұрын (1952) ҚР Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымының депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесі Байділда ЖЫЛҚЫШИЕВ дүниеге келген.
Ол Оңтүстік Қазақстан облысында туған, 1974 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген, мамандығы бойынша ғалым агроном.
Еңбек жолын 1974 жылы облыстық ауылшаруашылығы тәжірибе станциясы совхоз-техникумының оқытушысы болып бастаған. 1980-1981 жылдары Сайрам ауданы «Сельхозхимия» ауданаралық бірлестігінің аға агрономы. 1981-1984 жылдары Шымкент облыстық агроөнеркәсіп бірлестігінің дала жұмыстары бөлімінің бас агрономы, бөлім бастығы. 1984-1989 жылдары Шымкент облыстық жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы Шымкент облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі бөлімінің нұсқаушысы. 1989-1993 жылдары Қазақстан Компартиясы Келес аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Келес аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Халық депутаттары Келес аудандық кеңесінің және атқару комитетінің төрағасы. 1993-1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1999-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының әкімі. 2002-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының әкімі. 2006 жылғы ақпаннан 2016 жылғы наурызға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды. 2016 жылғы 24 наурыздан бастап - алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Фракциясы Төралқасының мүшесі.
«Құрмет» орденімен (2006) және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Тыңға 50 жыл» (2004), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл»,(2005), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) мерекелік медальдарымен марапатталған.
60 жыл бұрын (1959) ҚР Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымының депутаты, Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің мүшесі Уәлихан Анарбайұлы ҚАЙНАЗАРОВ дүниеге келген.
Ол Өзбек ССР Ташкент облысында туған. Г.В.Плеханов атындағы Ленинград тау институтын Инженер-металлург мамандығы бойынша бітірген (1981).
Еңбек жолы: Тәжік алюминий зауытының электролизшісі, Турсунзаде қаласы, Тәжікстан (1981-1982); Шымкент қорғасын зауытының жұмысшысы (1983-1984); Шымкент қорғасын зауыты комсомол комитетінің хатшысы (1984-1985); Қазақстан ЛКЖО Шымкент облысы, Абай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы (1985-1986); Қазақстан ЛКЖО Шымкент облыстық комитетінің бірінші хатшысы (1986-1990); «Рауан» шағын кәсіпорынның директоры (1990-1993); «АДиК» кіші кәсіпорынның директоры (1993-1997); Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі (1997-1998); Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласының әкімі (1998-1999); «Шарапат» ЖШС директоры (1999-2002); «Бостан - 1» ЖШС директоры (01-10.2002); Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік сатып алу басқармасы бастығының орынбасары (2002-2005); Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі (2005-2007); Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы (2007-2008); Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары (2008-2010); Сайрам ауданының әкімі (2010-2016).
Қазіргі лауазымын 2016 жылдың маусымынан бері атқарып келеді.
«Құрмет» ордені, «Қазақстан Республиксының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республиксының Парламентіне 10 жыл» медалдарымен марапатталған.
59 жыл бұрын (1960) Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Ісләмұлы БЕСКЕМПІРОВ дүниеге келген.
Ол Талдықорған облысында туған. Алматы энергетика институтын Инженер-электрик мамандығы бойынша тәмамдаған (1983).
Еңбек жолы: Үштөбе қаласындағы ет комбинатында шебер, механик, аға шебер (1983, 1985-1993); «Темірлан» ЖШС директоры (1993-1998); Талдықорған қаласы әкімі аппаратында бөлім бастығы (1999-2000), «Айдын» өнеркәсіп кооперативінің директоры (2000), Қаратал ауданы әкімінің орынбасары (2000-2002); Қаратал ауданының әкімі (2002-2004); Панфилов ауданының әкімі (2004-2005); Алматы облысы Текелі қаласының әкімі (2005-2012); Алматы облыстық мәслихатының бесінші шақырылымының хатшысы (01.2012-06.2012).
Қазіргі лауазымын 2012 жылғы маусымнан бері атқарып келеді.
57 жыл бұрын (1962) ҚР Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Қайырбекұлы ЛАМА ШАРИФ дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген (1990). Филолог-арабист, шығыстанушы. 1993 жылдан бастап Дипломатиялық қызметте - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық басқармасының үшінші хатшысы (1993), Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Елшілігінің үшінші, кейін екінші хатшысы (1993-1996), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мәдени байланыстар, гуманитарлық ынтымақтастық және ЮНЕСКО істері жөніндегі басқарманың екінші хатшысы (1996-1997), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Таяу және Орта Шығыс, Африка басқармасының екінші, кейін бірінші хатшысы (1997-1998), Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кейін Кеңесшісі (1998-2002), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің бөлім бастығы, кейін басқарма бастығы (2002-2003), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаменті директорының орынбасары (2003-2004), Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі жанындағы Сыртқы саясат орталығының Бас инспекторы (2004-2006), Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы Бас консулы (2006). 2006 жылдан Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі. Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымдағы Тұрақты өкілі (2006-2010), Қазақстан Республикасының Оман Сұлтанатындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы (2008-2010) болған. 2007 жылғы мамыр айынан бастап Кувейт Мемлекетіндегі және 2009 жылғы наурыз айынан бастап Бахрейн Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. 2011-2013 жылдары ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы. Қазіргі қызметінде 2013 жылдан.
Қайрат Лама Шариф «Араб тілінің хрестоматиясы» (2004), «Қазақша-арабша тілашар» (2005), «Қазақстан және әлем елдері» (2005), «Қажылық» (2010) және араб тіліндегі «Қазақстан - Орталық Азияның інжу-маржаны», «Экономикалық дамудың қазақстандық моделі», «Қазақстан фактілер мен сандарда», «Қазақстан - көпұлтты ел» және «Киіз үй - көшпенді қазақтардың үйі» атты кітаптардың авторы. Сонымен қатар, оның жалпы редакторлығымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жылсайынғы жолдаулары, Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандық жол» және «Ғаламдық қоғамдастықты түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» кітаптары, «Дағдарыстан шығу кілті», «Бесінші жол» және «Еуропадағы қауіпсіздік пен қауіпсіздік ұйымының тағдыры мен болашағы» мақалалары, Қазақстан Республикасының Атазаңы, «Нұрсұлтан Назарбаев - ұлтаралық және дінаралық татулықтың қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы» кітабы, Қ.Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы дипломатиясы» және «Нұр мен көлеңке» кітаптары араб тілінде және «Қазақстан мен Сауд Арабиясы: стратегиялық әріптестік жолында», «Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы жолында» атты кітаптар орыс тілінде жарық көрді. Бірінші класты Кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар. «Қазақстан Республикасының Ата Заңына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) және «Ерен еңбегі үшін» (2008), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) медальдарымен марапатталған.
76 жыл бұрын (1943) қазақ телевидениесінің ардагері, журналист Амангелді ЖАҚСЫБЕКОВ дүниеге келді.
1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Сарысу ауданы, бұрынғы Байқадам, қазіргі Саудакент ауылында туған.
1959 жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне түскен. 1965 жылдан «Қазақ радиосында», Қазақ телевидениесінде редактор, аға редактор, комментатор болып еңбек еткен. 1982-1991 жылдары - «Спорт» республикалық газетінің редакторы. 1991-1993 жылдары - ҚазТАГ-та бас редактордың орынбасары. 1993-1997 жылдары - ҚР Жоғарғы төрелік сотында, Жоғарғы сотында бөлім бастығы-бас редактор болып қызмет атқарды. 1997-1998 жылдары - ҚазТАГ-та бөлім меңгерушісі, 1998-2000 жылдары - ҚР Әділет министрлігінде бөлім бастығы, 2000-2012 жылдары - «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-да аға редактор.
ҚР ІІМ-нің «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалімен және түрлі мемлекеттік ведомстволардың Құрмет грамоталарымен марапатталған.
58 жыл бұрын (1961) Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Әбдуахимқызы АСЫЛМҰРАТОВА дүниеге келген.
Алматы қаласында туған. С.М. Киров атындағы Ленинград опера және балет театрының - Мариин театрының 1982-1999 жылдардағы солисі, прима-балеринасы, Англия Корольдік балетінің (1989-1993) және Марсель балетінің (1995-1997) прима-балеринасы; Ресей халық әртісі, РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2001). Париж ұлттық операсының этуалі (1995). А.Я. Ваганова атындағы Орыс балет академиясының көркемдік жетекшісі (2000-2013), 2015 жылдан бастап Astana Opera балет труппасының көркемдік жетекшісі.
Екі дүркін (2002 және 2012 жылдары) «Бенуа биі» сыйлығының қазылар алқасының мүшесі болды. 2003 жылы «Лозанна сыйлығы» (Швейцария) халықаралық конкурсының қазылар алқасының мүшесі болды, Dance Open (Санкт-Петербург) балет фестивалінің қазылар алқасына бірнеше рет мүше болды.
Қазіргі лауазымын 2016 жылдың тамызынан бері атқарып келеді.
52 жыл бұрын (1967) Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы ӘБДІРОВ дүниеге келген.
Қарағанды облысында туған.
Қарағанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Қарағанды қаласының Совет ауданында тергеуші (1991 жылдан); Қарағанды облысының прокуратурасында тергеу басқармасының бөлім прокуроры, Теміртау қаласы прокурорының орынбасары, Қарағанды қаласы прокуратурасының жедел іздестіру, тергеу және алдын ала анықтау қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы, Шет ауданының прокуроры, Қарағанды облысы прокуратурасының мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы (1991-2002); жедел іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау Департаменті Басқармасының бастығы лауазымды қызметіне тағайындалуына байланысты Бас прокуратураның орталық аппаратында қызметте (2002 жылдан); Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Бас прокуратураның тергеу және алдын ала анықтау заңдылығын қадағалау Департаментінің бастығы, Алматы қаласының және Шығыс-Қазақстан аймақтық көлік прокурорының бірінші орынбасары, Бас прокуратураның мамандандырылған прокурорлар, ұсталған, қамауға алынған және жазасын өтеп жатқан тұлғалардың құқықтарының сақталу заңдылығын қадағалау Департаменттерінің бастығы (2002-2012); Ақтөбе облысының прокуроры (2012-2017); Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры (2017-2018).
Қазіргі лауазымы атқаруға 2018 жылдың тамыз айында кірісті.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
44 жыл бұрын (1975) Астана қаласы әкімінің орынбасары Асқар Кемеңгерұлы ӘМРИН дүниеге келген.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін халықаралық құқық мамандығы бойынша (1997), Корнель құқық мектебін құқық магистрі бойынша тәмәмдаған.
Еңбек жолы: Ақмола облысы бойынша Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықта заңгер-консультант (1997); Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде бас маман, құқықтық сараптама және заң жобалары жұмыстары басқармасының бастығы (1997-2001); Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгi төрағасының орынбасары (2001-2003); Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің орынбасары (2003-2006); «Lancaster Invest» АҚ вице-президенті (2007-2012); Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жауапты хатшы (02.2012-09.2012); Республикасының Бас Прокуроры аппаратының басшысы (2012-2016); Астана қаласы әкімінің кеңесшісі (2016-2017).
Қазіргі лауазымын 2017 жылғы қазаннан бері атқарып келеді.
43 жыл бұрын (1976) Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Сапарбекұлы ИСПАНОВ дүниеге келген.
Ол Шымкент облысында туған. Қапланбек зоовет техникумын, Қазақ мемлекеттік басқару Академиясының нарық институтын қаржыгер мамандығы бойынша (1996), Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін (2007) бітірген.
Еңбек жолы: «Ақ-бастау» АБ Сарыағаш филиалының бухгалтер-экономисі, валюта бөлімінің маманы, директордың орынбасары (1993-1996) Сарыағаш қаласының «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі» есеп-касса орталығының бастығы (1996), Республикалық бюджеттік банкі Сарыағаш бөлімінің бастығы (1996-1997); «Темірбанк» ААҚ-ы Шымкент филиалының меңгерушісі (1997-1998); Сарыағаш қаласының «Күркелес» ӨК төрағасының орынбасары (1998-1999); Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының сараптама-талдау бөлімінің бас маманы, әкімнің көмекшісі (1999-2002); Қазақстан Республикасы Астана қаласы бойынша Кеден бақылау агенттігі төрағасының көмекшісі (2002-2003); Астана қаласы бойынша Кеден басқармасының бірінші орынбасары (2003-2005); Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі дәрменсіз борышкерлермен жұмыс істеу комитеті төрағасының орынбасары (2005-2006); Астана қаласының Соттар әкімшісі (2006-2007); Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары (2007-2009), Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы департаментінің бастығы (2009-2010); Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы (2010-2013); Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Жоғарғы Сот аппараты) басшысы (2013-2016).
Қазіргі лауазымын 2016 жылғы шілдеден бері атқарып келеді.
«Құрмет» Орденімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан қаржы полициясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған; «ҚР Прокуратура органдарының құрметті қызметкері» атағы берілген; Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының «Үш би» Құрмет белгісінің иегері.
40 жыл бұрын (1979) «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Құрақбайұлы ТҰЯҚБАЕВ дүниеге келген.
Қызылорда қаласында туған. Таяу Шығыс техникалық университетін (Түркия, 2001); 2004 жылы Торонто университетін (Канада) тәмамдаған.
Еңбек жолы: 2005 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік қызметті құқықтық қамтамасыз ету департаментінің мемлекеттік қызмет саласында заңнаманың сақталуын бақылау бөлімінің бас сарапшысы (2005-2006); Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің үшінші хатшысы (2006-2007); Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Стратегиялық жоспарлау департаменті ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметін үйлестіру және бақылау бөлімінің бастығы (2007); Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Хатшылығы - Стратегиялық жоспарлау және жиынтық талдау департаменті стратегиялық жоспарлау бөлімінің бастығы (2007-2008); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің кеңесшісі (2008-2009); Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің кеңесшісі (2009); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы (2009-2012); Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары (2012-2016); Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы (2016-2017).
Қазіргі лауазымын 2017 жылғы қарашадан бері атқарып келеді.
39 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Әлия Ғалымжанқызы РАҚЫШЕВА дүниеге келген.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген (2001).
Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Халықаралық құқық және протокол департаменті, Халықаралық құқық және мемлекеттік мүліктік құқықтарды қорғау департаменті, Заңнамалық департаментінің жетекші маманы (2001-2002); Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнамалық департаменті заң жобаларын сараптау және дайындау басқармасының бөлім бастығы, Заң жобалары қызметін үйлестіру, заңнаманы жүйеге келтіру департаментінің бөлім бастығы, Заңнамалық департаментінің бөлім бастығы, одан кейін басқарма бастығы (2002-2005); Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы аппараты заң бөлімінің консультанты, меңгерушісі (2005-2007); Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы әкімшілік басқармасының бастығы - аппарат басшысы (2007-2013); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі (2013-2018).
Қазіргі лауазымын атқаруға 2018 жылғы сәуірде кірісті.
«Ерен еңбегі үшін» (2008) медалімен марапатталған.
34 жыл бұрын (1985) қазақстандық белгілі бизнесмен, қоғам қайраткері, ірі меценат Нұралы Рахатұлы ӘЛИЕВ дүниеге келген.
Ол Алматы қаласында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін экономика мамандығы бойынша; Pepperdine University (АҚШ), International University (Аустрия) және Imadec University Халықаралық бизнес мектебін бітірген, іскерлік әкімшілендіру магистрі.
Еңбек жолы: «Қант орталығы» АҚ президенті (2004-2006); «Нұрбанк» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, «Hit TV» музыкалық телеарнасының президенті (2006-2007); «Нұрбанк» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары (02.2007-10.2007); «Нұрбанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы (10.2008-12.2008); «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ вице-президенті (2008-2009); «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарушы директоры (2009-2013); «Транстелеком» АҚ басқарма төрағасы (2013-2014); Астана қаласы әкімінің орынбасары (2014-2016).