1 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 1 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.1 қазан. СӘРСЕНБІ

1 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

Бүгін - Халықаралық қарттар күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылғы желтоқсанның 15-індегі № 45/106 қарары негізінде жыл сайын атап өтіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 65 жастан асқандар халықтың 7,5 пайызын құраса, ал 2030 жылы 11,5 пайызын құрайтын болады. БҰҰ-ның бұл болжамы осы аумақтағы туудың төмендеуі мен ер адамдардың өлімінің жоғарылығына негізделген. Бүгін - Халықаралық музыка күні. ЮНЕСКО-ның Халықаралық музыка кеңесінің шешімімен жыл сайын қазанның 1-інде атап өтіледі. Бүгін - ҚХР-дің Мемлекеттік мейрамы - Қытай Халық Республикасының құрылған күні (1949). Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 3-інде орнатылды. Бүгін - Кипр Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Кипр - Жерорта теңізіндегі көлемі жағынан үшінші орындағы аралда орналасқан. Астанасы - Никосия қаласы. Мемлекеттік тілі - грек және түрік тілдері. Ақша бірлігі - кипр фунты. 1960 жылы Кипр тәуелсіздігін алды. Келісім бойынша Ұлыбританияның бірнеше әскери базасы Кипр жерінде қалып, әлі күнге дейін сонда. Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 2-інде орнатылды. Бүгін - Нигерия Федеративтік Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Нигерия - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде - Нигермен, шығысында Чад, Камерунмен, батысында Бенинмен, оңтүстігінде Гвинея шығанағымен шектеседі. Астанасы - Абуджа қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - найра. Ел әкімшілік жағынан 36 штат пен федералдық аумаққа бөлінеді. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғарғы заң шығарушы органы - Парламент. Бүгін - Тувалудың Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1978). Тувалу - Тынық мұхитының батыс бөлігіндегі 9 атоллда орналасқан мемлекет. Басты аралы болып Фунафути атоллы есептелінеді. Астанасы - Фонгафале қаласы. Мемлекеттік тілі - тувалу және ағылшын тілдері. Ақша бірлігі - доллар. Мемлекеттік құрылысы конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - Ұлыбритания королевасының өкілі генерал-губернатор. Үкімет басшысы - Премьер-Министр. Бүгін - Палау Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1994). Палау - Тынық мұхитындағы Каролин аралдары тобындағы 200-ге жуық аралда орналасқан мемлекет. Астанасы - Корор қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар палау, каролин тілдері де кеңінен қолданылады. Ақша бірлігі - АҚШ доллары. Ел аумағы әкімшілік тұрғыдан 16 штатқа бөлінеді. Мемлекет пен үкімет басшысы - президент. Жоғары заң шығарушы органы қос палаталы парламент - Ұлттық конгресс (Сенат және депутаттар палатасы). Палау аралдарын алғаш рет 1543 жылы испан теңізшісі Руи Лопес де Вильялобос ашқан. 16-17 ғасырларда испандықтар аралдарды толық отарлаған. 1910 жылы Германия аталмыш аралдарды сатып алған, ал 1914 жылы жапондар оккупациялаған. 1947 жылдан бастап Палау басқа Каролин аралдарымен бірге БҰҰ-ның қамқорлығына алынып, АҚШ басқаруындағы Тынық мұхиты аралдары құрамына кірген. БҰҰ-ның қамқорлық жөніндегі кеңесі 1986 жылы мамырдың 28-де қабылдаған 2183-ші резолюциясына сәйкес 1994 жылы қазанның 1-де ел өз тәуелсіздігін жариялады. Бүкіләлемдік күлімсіреу күні Жыл сайын қазанның бірінші жұмасында атап өтіледі. Бұл ғажайып мейрамның болуына әлем суретші Харви Бэллуға (Harvey Ball) борышты. 20 ғасырдың ортасында ол Америкада өмір сүрді. Оның шығармашылығы ешқандай қызығушылық танытпады. Бір күні сақтандыру компаниясының өкілдері келіп, есте тез сақталатын визитка карточкасын ойлап табуын сұрады. Харви көп ойланбастан тапсырыс берушілерге, қазір барлық интернет пайдаланушылар «смайлик» деп атайтын - күліп тұрған сары бетті ұсынды. Бұл 1963 жылы болатын. Тапсырыс берушілер оның ұсынған жұмысын қабылдап, компанияның жұмысшыларына таратып берді. Сосын бұл сүйкімді бет футболкаларда, бейсболкаларда, конверттерде, ашық хаттарда, сіріңке қораптарында пайда бола бастады. АҚШ-тың почтасы осы символмен маркалар шығарды. Дүниежүзілік күлкі күні алғашқы рет 1999 жылы атап өтілді. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 121 жыл бұрын (1893) Верный (Алматы) қаласында облыстық сот пен тұтынушылар қоғамы ашылды. 43 жыл бұрын (1971) Павлодар есеп-экономика техникумы құрылды. 18 жыл бұрын (1996) Алматыда алғаш рет «Айналайын» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі өтті. Ұйымдастырушысы - «Бөбек» балалар қоры. 16 жыл бұрын (1998 қазанның 1-4-і) Астанада алғаш рет жас таланттардың «Шабыт» республикалық фестивалі өтті. 9 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында «Мәдени мұра» атты кітап көрмесі ашылды. Көрмеге мемлекеттік бағдарлама мен мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрген 200-ден астам кітап, альбом, салт-дәстүр, өнер, тіл саясаты мен археология және Қазақстанның сәулет ескерткіштері туралы басылымдар қойылған. Олардың қатарында 100 томдық «Балалар сөзі» топтамасының алғашқы 8 томы, «Қазақ әдебиеті тарихының» 7-8-ші томдары, сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия», «Қазақтың ата заңдары», «Ешкіөлмес тауындағы таңбалы тастар», «Қазақ әдебиетінің тарихы» сынды аса құнды басылымдар бар. Сондай-ақ, бұл көрмеде ғасырлар қойнауынан жеткен батырлар жыры, салт өлеңдер, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар жинақталып, қазақ халқының тарихында аса маңызды орын алатын қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар да көрсетілді. 106 жыл бұрын (1908) автомобиль құрастыру саласындағы танымал американдық маман, құрастырушы Генри Форд жұртшылыққа өзінің жаңа машинасы «Форд Лизиді» көрсетті. Берік әрі құны арзан (850 доллар) көлік көпшіліктің көңілінен шықты. 1909 жылы аталмыш көліктің 19 000 данасы шығарылды. Ал 1927 жылы аталмыш машинаның саны 15 миллионға жетті. 92 жыл бұрын (1922) Көкшетау-Бурабай темір жол учаскесі пайдалануға берілді. 69 жыл бұрын (1945) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Самарқан елді мекені Қарағанды қаласы аймағынан шығарылып, атауы Теміртау қаласы болып өзгерді. Бастапқыда жиырма мың тұрғыны, бір ауруханасы, екі мектебі және жиырма мың шаршы метр тұрғын үйі болды. Сол жылдардан бастап қаладағы өнеркәсіптің дамуы қарқындап, одақтас республикалардың барлығынан адамдар келе бастады. 1950 жылдары тұрғындар саны екі есе өсті. Қазір Теміртау қаласында болат, электр және жылу энергиясы, сірке қышқылы, синтетикалық каучук, кокс, минералды тыңайтқыштар, цемент, т.б. өнімдер өндіріледі. Теміртау 1971 жылы Қазақстан қалаларының ең алды болып, халық шаруашылығын және ауыр индустрияны дамытудағы еңбектері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бүгінгі таңда Теміртау - индустриялы Қарағанды қаласының сыңары, Қазақстан қара металлургиясының орталығы. 5 жыл бұрын (2009) Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты білім және ғылым мекемелерінің «Сібір ашық университеті» қауымдастығына қабылданды. Сібір университеттер консорциумы аймақтағы жоғары білімнің зияткерлік ресурстарының басын біріктіріп, заманауи телекоммуникациялар мен қашықтықтан оқыту технологияларының негізінде ортақ ғылыми-білім кеңістігін құруды мақсат етіп отыр. Павлодар педагогикалық университетін қауымдастыққа қабылдау туралы шешім қауымдастықтың 45 өкілінің қатысуымен Томбыда өткен жалпы жиналыста қабылданды. Олар - Ресей мен Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінің жетекшілері. 23 жыл бұрын (1991) Алматыдағы Достық үйінде посткеңестік 13 мемлекеттің және Республикааралық экономикалық комитет басшыларының кездесуі өтті. 83 жыл бұрын (1931) С.Орджоникидзе атындағы Харьков трактор зауытында алғашқы трактор жасалды. 83 жыл бұрын (1931) КСРО-да тұрақты телебағдарламалар беріле бастады. 63 жыл бұрын (1951) «Поляк радиосы» құрылды. 33 жыл бұрын (1981) Швецияда Еуропа бойынша алғаш рет ұялы байланыс желісі жұмыс істей бастады. ЕСІМДЕР 136 жыл бұрын (1878-1956) педагог, жазушы, аудармашы КӨБЕЕВ Спандияр дүниеге келді. Қостанай облысында туған. Ы.Алтынсарин ашқан ауылдық орыс-қазақ мектебінде сауат ашып, 1901 жылы Қостанайдағы мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықпен айналысып, жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісімен шұғылданған. Қазақ балаларына орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Өзінің 50 жылдық ұстаздық іс-тәжірибесін «Орындалған арман» атты мемуарлық әдеби еңбегінде баяндады. Ол ұстаздық жұмысты жазушылық қызметпен тығыз байланыстыра жүргізді. Орыс жазушыларының тәлімдік шығармаларын қазақ тіліне аударып, «Үлгілі тәржіме» (көпшілігі И.Крыловтың мысал өлеңдері) деген атпен жеке кітап етіп бастырып шығарды. 1912 жылы «Үлгілі бала» атты екінші оқу құралын (хрестоматия) жариялады. Оған өзі аударған Крыловтың мысалдарымен бірге қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінің озық нұсқаларын (аңыз, әңгіме, ертегі, мақал-мәтелдер) енгізді. Сонымен бірге, бұл хрестоматияға қазақ балаларына табиғаттың түрлі құбылыстары мен жануарлар әлемі туралы мәлімет беретін қызықты қысқа әңгімелер де енгізілді. 1913 жылы «Қалың мал» романын жазды. Романда сол кезеңдегі қазақ ауылындағы әлеуметтік жағдайлар шынайы баяндалған. Оның педагогикалық ой-пікірлері «Орындалған арман» атты мемуарлық романында, сондай-ақ, әр жылдардағы мерзімді басылымдарда жарияланған «Оқытушының беделді болуының маңызы», «Балаларды мәдениеттілікке тәрбиелеу», «Балаларды оқуға ынталандыру туралы» атты мақалаларында ғылыми тұрғыда баяндалды. 2 рет «Ленин» орденімен марапатталған. 96 жыл бұрын (1918-1977) қазақстандық ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры ЛУГАНСКИЙ Сергей Данилович дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Орынбордағы ұшқыштар мектебін, Мәскеудегі әскери-әуе академиясын бітірген. 1939-1940 жылдары кеңес-фин соғысына қатысты. Ұлы Отан соғысы кезінде 390 рет ұшу сапарына шығып, жаудың 37 ұшағын атып түсірді. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО Қарулы Күштерінің әскери әуе күштері саласында әр түрлі жоғары басшылық қызметтерде болды. «Ленин», «Александр Невский», 2 мәрте «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. 76 жыл бұрын (1938-1999) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БЕЙСЕМБАЕВ Болат Балтақайұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын және аспирантурасын бітірген. Ол Қазақстан Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың орынбасары, директоры, Қазақстан Ғылым академиясы жер туралы ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы қызметтерін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері түсті және сирек металдар металлургиясын зерттеуге арналған. Ол түсті металдар мен фосфордың баланстан тыс және қиын байытылатын кентастарын кешенді өңдеу процесінің химия-металлургиялық негізін жасады. Сапасы төмен Жаңатас кварциті мен құрамында марганеці бар Шолақтау фосфоритін қайта өңдеу технологиясын өндіріске енгізді. Титан өндіру кезінде ванадийлі қосылыстар алудың жаңа технологиясын, сондай-ақ, қорғасын-мырышты кентастарды жер астында шамалау жобасын жасады. Оның геотехнологиялық тәсілін қолдану нәтижесінде Ақтоғай және Айдарлы мыс кентасы орындарының қоры едәуір арттырылды. Васильков кен орны кентасынан жыл бойы алтын шаймалау технологиясы игерілді. 110 жыл бұрын (1904-1981) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері ГОРЯЕВ Михаил Иванович дүниеге келді. Ресейдің Пермь облысында туған. Пермь мемлекеттік университетін бітірген. 1936-1939 жылдары - Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтының кафедра меңгерушісі. 1939-1946 жылдары - КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының химиялық-технологиялық институтының лаборатория меңгерушісі, директоры. 1946-1981 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының вице-президенті, Қазақстан Химия ғылымдары институтының лаборатория меңгерушісі, табиғи және биологиялық активті қосылыстар бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері эфир майларын зерттеуге, оларды өнеркәсіптік жолмен өндіру әдістерін жетілдіруге арналған. Маңғыстау мұнайының құрамындағы қатты парафиндерден белок бөліп алып, оны мал азығы ретінде пайдалануды ұсынды. 100 өнертабыстың авторы. Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. 105 жыл бұрын (1909-1988) қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым кайраткері БӘЙІШЕВ Сақтаған Бәйішұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Ақжар ауылында туған. 1927 жылы Темір орыс-қазақ жетіжылдық мектебін бітіріп, Қарсақпайда жас пионерлер аудандық бюросының төрағасы болған. 1930 жылы Түркістан қаласында БЛКЖО аудандық комитетінің хатшысы болып істеген. Осы жұмыстарда жүргенде-ақ С.Бәйішев экономикалық зерттеулермен шұғылдана бастаған. Журналистикаға деген құштарлық С.Бәйішевті республикалық жастар газеті - «Лениншіл жасқа» алып келеді. Мұңда ол алғашқыда бөлім меңгерушісі, сосын редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. С.Бәйішев 1937-1941 жылдары Алматы жоғары оқу орындарында сабақ берген. 1937-1938 жылдары - Қазақ Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1938-1941 жылдары - «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты редакторы. 1941-1945 жылдары - Кеңес Армиясы қатарында әскери құраманың комиссары, саяси бөлім бастығы, Кеңес Армиясының Саяси Басқармасы аппаратының жауапты қызметкері. 1946-1956 жылдары - КОКП Орталық комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институты Қазақ филиалының, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы Партия тарихы институтының директоры, 1956-1968 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті қызметімен қатар Экономика институтының директоры. 1968-1982 жылдары Экономика институтының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Осы жылдары ол елімізде ғылыми кадрлар даярлау, жаңа ғылым салаларын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосты. Ол алпысқа жуық ғылым кандидаттары мен докторларының ғылыми жетекшісі болды. С.Бәйішев Карл Маркс «Капиталының» І-томының тарауларын, В.Лениннің «Ресейде капитализмнің дамуы», «Империализм - капитализмнің жоғары сатысы» атты күрделі еңбектерін тұңғыш рет қазақ тіліне аударған. Ғалым 1959 жылы Республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Ғылыми және қоғамдық қызметі кезінде 300-ден аса ғылыми мақала, 7 монография жариялады. Өмірінің соңғы жылдарын академик Сақтаған Бәйішев оқытушылық жұмысқа арнап, ғылыми кадрлар мен экономистердің жаңа ұрпағын даярлау саласында ұланғайыр іс тындырды. Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. КСРО ордендерімен, медальдармен марапатталған. Ақтөбе қаласындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға, Алматы қаласындағы бір көшеге, Темір қаласындағы орта мектепке ғалымның есімі берілген. 119 жыл бұрын (1895-1938) Қазақстанның қоғам және саясат қайраткері КИСЕЛЕВ Андрей Дмитриевич дүниеге келді. Ресей Федерациясының Қазан облысында туған. Ленинград коммунистік университетін бітірген. 1913-1918 жылдары - Каспий теңізінде «Петроград» теплоходында, «Ермак», «Святополк» кемелерінде матрос болған. 1918-1921 жылдары - әскер қатарына алынып, Азамат соғысына қатысқан. 1927-1930 жылдары - Орал облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1930 жылы Есіл округтік комитетінің хатшысы. 1930-1931 жылдары - Златоуст қалалық БКП (б) комитетінің хатшысы. 1931-1933 жылдары - Орал облыстық БКП (б) комитетінің хатшысы. 1933-1934 жылдары - Түрксіб саяси бөлімінің бастығы. 1934-1937 жылдары - Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1937 жылдан Севастополь қалалық БКП (б) комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1938 жылғы тамыздың 28-інде ату жазасына кесілді, 1956 жылы ақталды. 104 жыл бұрын (1910-1956) шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Орталық Азияны мекендеген түркі тілдес халықтардың тарихын зерттеушілердің бірі БЕРНШТАМ Александр Натанович дүниеге келді. Ресейдің Керчь қаласында туған. Ленинград университетін бітірген. 1936 жылдан бастап жыл сайын ұйымдастырылып, Бернштам басқарған археологиялық экспедициялар солтүстікте Қаратау жоталарынан, оңтүстікте Памир тауларына дейінгі, шығыста Іледен, батыста Зеравшан үстіртіне дейінгі жерлерді зерттеп, Орталық Азия халықтарының көне тарихына қатысты маңызды мәліметтер жинаған. Ол 1930-1940 жылдары қазақ-қырғыз тарихына қатысты тың мәселелер көтеріп, сақ-үйсін, және түркі дәуірін зерттеуге елеулі үлес қосты. Археологиялық материалдарға сүйеніп, Теріскей Қырғыз өлкесінің қола дәуірден XV ғасырға дейінгі тарихын түбегейлі талдайды. Оның 250-дей еңбектері мен мақалалары бар. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. 84 жыл бұрын (1930-1995) жазушы САҚАБАЙҰЛЫ Көкей дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Алматы металлургиялық тау-кен институтын бітірген. Жезқазған, Лениногроск (қазіргі Риддер), Өскемен қалаларында мамандығы бойынша инженер болып істеген. «Өткел ауызында», «Кенші келбеті», «Көктас», «Төлеген Тоқтаров» секілді көркем прозалық және бірнеше очерк кітаптардың авторы. 98 жыл бұрын (1916-1997) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері, денсаулық сақтау үздігі БУЛЬИНА Мария Андреевна дүниеге келді. Ресей Федерациясында туған. Алматы медицина институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1939-1942 жылдары Қостанай облысында дәрігер, 1945-1960 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институты акушерлік және гинекология кафедрасының асистенті, доценті қызметтерін атқарған. 1960 жылдан бастап Ақтөбе медицина институтының кафедра меңгерушісі, емдеу факультетінің деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры, кеңесші-профессоры болған. Негізгі ғылыми еңбектері гинекология мәселелеріне арналған. Ғалымның жетекшілігімен 7 кандидаттық диссертация қорғалған. Екі мәрте Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 93 жыл бұрын (1921-1943) Кеңес Одағының Батыры ИГИШЕВ Георгий Иванович дүниеге келді. Ақмола қаласында туған. Мәскеу артиллерия училищесін бітіріп, Ұлы Отан соғысы майданына араласқан. 1943 жылы шілде айында Самадуровка (Курск облысының Поныровский ауданына қарасы қазіргі Игишево ауылы) ауылы аумағында болған ұрыста жаудың 19 танкісін жойған. Осы соғыс барысында ерлікпен қаза тапты. Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. 69 жыл бұрын (1945) саяси ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің саясаттану кафедрасының профессоры, Қазақ КСР-нің ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Білім саласының құрметті қызметкері ҚАЛИЕВ Наубат Қалиұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Н.К.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын (қазіргі Семей мемлекеттік педагогикалық институты) бітірген. 1966-1972 жылдары - Абай аудандық орта мектептің мұғалімі, ҚЛКЖО комитетінің бірінші, екінші хатшысы, бөлім меңгерушісі. 1972-1973 жылдары - Семей педагогикалық институтының аға оқытушысы. 1973-1976 жылдары - Қазақ педагогикалық институтының аспиранты. 1976-1986 жылдары - Семей педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі. 1986-1991 жылдары - Семей облыстық партия комитеті лекторлар тобының жетекшісі. 1991-1992 жылдары - Семей педагогикалық институтының доценті. 1992-1996 жылдары - М.О.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің директоры. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің мүшесі. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бөлімінің бастығы, басқармасының бастығы. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты Аппараттының Бұқаралық ақпарат құралдары мен байланыс жөніндегі бөлімінің консультанты. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты Аппараттының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің консультанты, бас консультанты қызметтерін атқарған. 2004 жылдың қараша айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты Аппараттының Ақпараттық-талдау бөлімінің бас сарапшысы. 2008 жылдың сәуірінен - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің политология кафедрасының профессоры қызметтерін атқарады. 60 ғылыми еңбектің және саясат жүйесінің проблемалары, демократия, парламент, саясат партияларының қызметі жөніндегі екі кітаптың авторы. «Қазақстан парламентаризмі: саяси талдау» атты ғылыми монографияның авторы. «Астана» (1998) естелік медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006) мерейтойлық медальдармен марапатталған.

73 жыл бұрын (1941) ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының директоры, Төтенше және Өкілетті Елші СҮЛЕЙМЕНОВ Төлеутай Ысқақұлы дүниеге келді. Семей қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын, КСРО СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. 1971-1977 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Теміртау қалалық комитетінің бірінші хатшысы, қалалық бақылау комитетінің төрағасы, қалалық партия комитетінің екінші хатшысы. 1980-1981 жылдары - КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің бірінші хатшысы. 1981-1985 жылдары - КСРО-ның Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласындағы Бас өкілдігінің (консульство) консулы. 1985-1988 жылдары - КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің кеңесшісі. 1988-1991 жылдары - КСРО-ның Ирандағы Елшілігінің кеңесшісі. 1991-1994 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрі. 1994-1996 жылдары - ҚР-ының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 1996-2001 жылдары - ҚР-ының Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-ының Польша, Болгария, Чехия, Словакия және Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. 2001-2003 жылдары - ҚР-ының Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-ының Люксембург Ұлы герцогтығындағы, Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі және ҚР-ының Еуропалық Одақ және Солтүстік-Атлантикалық шарт ұйымы жанындағы өкілдігі басшысы қызметін қоса атқарушы. 2003-2005 жылдары - ҚР-ының Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді. «Құрмет белгісі», Құрмет, Венгрияның Орта Крест, Словакияның Қос крестің ақ орденімен және медальдармен марапатталған. 68 жыл бұрын (1946-2003) ҚР Денсаулық ісінің үздігі ҚҰРМАНОВ Нұрлепес Төлегенұлы дүниеге келді. Атырау облысында туған. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1975-1977 жылдары - 1-ші Мәскеу медицина институтының клиникалық ординаторы. 1977-1992 жылдары - Маңғыстау облыстық ауруханасының бөлімше меңгерушісі, бас дәрігерінің орынбасары, бас дәрігері. 1992-1994 жылдары - Маңғыстау облыстық әкімдігі басшысының орынбасары. 1994-2000 жылдары - «Каскор» АҚ-ының вице-президенті, президенті. 2000-2003 жылдары «Ча-Кур» медициналық фирмасының директоры болған. Медальдармен марапатталған. 39 жыл бұрын (1975) ресей актрисасы ХАМАТОВА Шолпан Наилқызы дүниеге келді. 133 жыл бұрын (1881-1956) американдық ұшақ жасаушы, авиа жасау компаниясының негізін қалаушы Уильям БОИНГ дүниеге келді. 149 жыл бұрын (1865-1935) француз композиторы Поль ДЮКА дүниеге келді. 50 жыл бұрын (1964) ғалым, медицина ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі ДӘУЛЕТБАЕВ Дамир Абайділдәұлы дүниеге келді. Қызылорда қаласында туған. Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын бітірген. Қызылорда облыстық ауруханасының реаниматолог дәрігері, хирургі, аурухана бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары болды. 1999-2003 жылдары - Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2003-2005 жылдары - Қызылорда облыстық медициналық орталығының директоры. 2005-2006 жылдары - Қазақстан медицина университетінің ғылыми кеңесшісі. 2006-2008 жылдары А.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталығының өңеш, асқазан, және көкірек аралық хирургия бөлімінің бас ғылыми қызметкері болған. 2008 жылдың қыркүйек айынан Алматы медицина колледжінің директоры. 1 монография, 72 ғылыми еңбектің, 9 өнер табыстың авторы. Ғалымның жетекшілігімен 4 кандидаттық диссертация қорғалды. «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. 52 жыл бұрын (1962) Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі МЫРЗАХМЕТОВ Асқар Исабекұлы дүниеге келді. Ауыл шаруашылығы және экономикалық мамандықтары бойынша білім алған. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Аспирантураны аяқтаған соң 1988-1991 жылдары Бүкілодақтық ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының шығыс бөлімшесі жүйесінде кіші, кейіннен аға ғылым қызметкері болып жұмыс істеген. 1991-1997 жылдары шаруашылық субъектілерде мен қоғамдық ұйымдарда (Орта Азия және Қазақстан биржа Қауымдастығы Басқармасының, Қазақстандағы Кәсіпкерлері Форумы Кеңесінің төрағасы) басшылық қызметтерін атқарған. 1997 жылдан 2006 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан Премьер-Министрінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі, бірінші вице-министрі және Ауыл шаруашылығы министрі лауазымдарында қызмет атқарған. 2006 жылдың сәуірінен 2007 жылдың қыркүйегі арасында Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі. 2007 жылдың қыркүйегінен 2009 жылдың наурызы аралығында - «Оңтүстік» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы. 2009 жылдың наурызынан бүгінгі күнге дейін - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі.