1 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 1 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, мемлекет және саясат қайраткері
1948 жылы Атырау облысында туған.
Уфа мұнай институтын бітірген. Техника ғылымының докторы, ҚР Минералдық ресурстар академиясының, Халықаралық минералдық ресурстар академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі.
Еңбек жолы: 1973-1983 жылдары «Қазмұнайгазбарлау» басқармасының аға инженері, техникалық мөлшерлеу және еңбекті ғылыми ұйымдастыру отрядының бастығы, зертхана меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, 1983-1987 жылдары Совет Одағының Йемендегі мұнай барлау экспедициясының аға инженері, 1987-1991 жылдары Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, Атырау тәжірибелік-әдістемелік экспедициясының бас технологы, бастығы, 1991-1993 жылдары ҚР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі терең ұңғымаларды игеру және бұрғылау технологиялары бөлімінің бастығы, Мұнай және газ басқармасының бастығы болды.
1993-2003 жылдары «ҚазақТүрікМұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біріккен кәсіпорынының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының теңіз жобалары жөніндегі атқарушы директоры, «Қазмұнайтеңіз» теңіз мұнай компаниясы» жабық акционерлік қоғамының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының біріккен кәсіпорын үлестерін басқару жөніндегі басқарушы директоры, 2003-2007 жылдары ҚР Энергетика және минералды ресурстар бірінші вице-министрі, министрі қызметтерін атқарған.
2007-2012 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі, 2012 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, 2012-2016 жылдары Атырау облысының әкімі, 2016 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы болды. 2016 жылы «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, 2016-2021 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, 2021-2023 жылдары Астана қаласындағы «Ардагерлер кеңесі» ҚБ төрағасы, 2023-2026 жылдары VII шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
Альберт РАУ, мемлекет қайраткері, экономист
1960 жылы Қостанай облысының Таранов ауданында туған.
Рудный индустрия институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.
1992-1993 жылдары Лисаков қалалық кеңесінің төрағасы, 1993-1994 жылдары Лисаков қалалық әкімшілігі басшысының орынбасары, 1994-2004 жылдары Лисаков қалалық әкімшілігінің басшысы, әкімі, 2004-2006 жылдары Қостанай облысы әкімінің орынбасары, 2006-2007 жылдары «Сарыарқа» ӘКК директорлар кеңесінің төрағасы, 2008-2010 жылдары Ақмола облысының әкімі қызметтерін атқарған.
2010-2014 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің бірінші вице-министрі, 2014-2016 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары, 2016-2017 жылдары ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі, 2017-2021 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, 2023-2026 жылдары VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, ІІІ дәрежелі Барыс орденімен, «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
Ержан Уақасұлы ИБРАЕВ, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы
1978 жылы Семей қаласында туған.
1995 жылы Алматы жоғары әскери училищесін тактикалық мотоатқыштар әскерлерінің командирі мамандығы бойынша, 2009 жылы Ұлттық қорғаныс университетін Жедел-тактикалық басқару (менеджмент) мамандығы бойынша, 2020 жылы Ресей Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын «Ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттік қорғаныс» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: лейтенанттан полковникке дейін әскери қызметтің барлық деңгейінен өтті – взвод командирінен әскерлер қолбасшысының орынбасарына дейін (1995-2017 жылдары) түрлі лауазымдарда қызмет етті.
2024 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.
1-дәрежелі «Отан соғыс» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Рустам АЛБАЕВ, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы
1978 жылы Ақмола облысының Зеренді ауданында туған.
«Балалар хирургиясы» мамандығы бойынша Ақмола мемлекеттік медициналық академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын Зеренді аудандық ауруханасында хирург болып бастаған. Әр жылдары Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде жауапты және басшылық лауазымдар атқарған.
Қазіргі қызметіне 2025 жылдың қазанында тағайындалды.
«Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен (2019), «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен (2021) және «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2024) марапатталған.
Кеңгірбай Қоңырұлы СМАҒҰЛОВ, Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы
1978 жылы Ұлытау ауданы, Қаракеңгір ауылында туған.
О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Өндірісті ұйымдастыру» мамандығы бойынша (2000), О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген (2012).
Еңбек жолы: 2000-2001 жылдары Жезқазған қаласы бойынша салық комитетінің салық инспекторы, 2001-2002 жылдары Жезқазған қалалық экономика комитетінің кәсіпкерлік және тұтыну нарығын дамыту бөлімінің бас маманы, 2002-2004 жылдары Жезқазған қаласы қаржы-несие қатынастары, әлеуметтік сала және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы, 2004-2005 жылдары Экономика және кәсіпкерлікті дамыту қалалық комитетінің Жезқазған қаласы бойынша бөлім меңгерушісі, 2005 жылы Жезқазған қаласы әкімі аппаратының талдау жұмысы бөлімінің бас маманы, 2006 жылы «Жезқазған қаласының кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы, 2006-2008 жылдары Жезқазған қаласы әкімі аппаратының басшысы, 2008-2009 жылдары «Жезқазған қаласының кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы, 2009-2010 жылдары «Жезқазған қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы болды.
2010-2013 жылдары «Жезқазған қаласының кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы, 2012-2015 жылдары «Жезқазған қаласының өнеркәсіптік кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы, 2015-2020 жылдары «Жезқазған қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы, 2020 жылы «Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы, 2020-2022 жылдары «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының орынбасары, 2022 жылы «АМАНАТ» партиясы Жезқазған қалалық филиалының жауапты хатшысы, 2022-2023 жылдары «Ұлытау облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы, 2023-2024 жылдары Ұлытау облысының қаржы басқармасының басшысы болып қызмет етті.
2024 жылдың тамызынан бастап қазіргі қызметінде.
Руслан МҰҚАНОВ, Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы
Павлодар облысында туған.
2008 жылы Инновациялық Еуразия университетін «Құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Лебяжі ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы болып бастаған. Әр жылдары Павлодар қаласы әкімі аппаратында және Павлодар облысы әкімі аппаратында бас маман қызметтерін атқарды.
2013-2023 жылдары мемлекеттік қызметтің түрлі лауазымдарында еңбек етті. Облыстық дін істері басқармасында, Ақсу қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімінде қызмет атқарды, Тереңкөл ауданы әкімі аппаратына басшылық етті, Аққулы ауданы әкімінің орынбасары, Ақсу қаласы әкімі аппаратының басшысы, сондай-ақ Павлодар облысы әкімі аппаратының хаттамалық-ұйымдастыру және аумақтық жұмыс бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. 2023-2026 жылдары Аққулы ауданының әкімі лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметіне 2026 жылдың шілде айында кірісті.
Ерлан ӘБДИЕВ, қоғам қайраткері, тау инженері
1987 жылы Түркістан облысы, Кентау қаласында туған. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Пайдалы қазбалар жерасты кен орындарын игеру» мамандығы бойынша бітірген (2010).
Еңбек жолы: 2007-2009 жылдары «NPF Dank» ЖШС сейсмикалық барлау кезінде сейсмолог, жарушының көмекшісі, жарушы, 2010-2012 жылдары Саяқ кеніші БКМ ПО «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС техникалық бөлімінің жетекші инженері, 2016-2017 жылдары «DORSTROYTREST» ЖШС дизайнері, 2017-2023 жылдары «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС тау-кен бөлімінің инженер-конструкторы, 2022-2023 жылдары Түркістан облысы әкімі аппаратының мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарған.
2023-2026 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Мағауия ЕРМЕКОВ, қазақ ғалымы, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Александр Скочинский атындағы сыйлықтың иегері
1921 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған.
Қазақ тау-кен институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті), осы институттың аспирантурасын бітірген.
1950-1958 жылдар аралығында СССР көмір өнеркәсібі министрлігінің Қарағанды қаласындағы «Қазақкөмір геология» тресінде геолог, аға геолог, топ жетекшісі қызметтерін атқарады.
1958-1963 жылдар аралығында СССР көмір өнеркәсібі министрлігінің Қарағанды қаласындағы Қазақстан Ғылым академиясының химия-металлургия институтында кафедра меңгерушісі, 1963-1970 жылдар аралығында СССР көмір өнеркәсібі министрлігінің Қарағанды қаласындағы Қазақ тау-кен қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана бастығы, 1970-1989 жылдар аралығында Қарағанды политехникалық институтының (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) геология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1989 жылдан Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің профессоры болды. Негізгі ғылыми еңбектері көмір алаптарындағы газды қабаттарды барлау, онымен күрес жүргізу мәселелеріне арналған. Қарағанды көмір бассейнінің газды қабаттарының картасын жасаған.
2006 жылы қайтыс болды.