1 қыркүйекте Qazaq AI Research University іске қосылады — Жаслан Мәдиев

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев экономиканың салалары мен мемлекеттік басқару жүйесін цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.

Жаслан Мәдиев
Фото: Үкімет

Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны Қазақстан дамуының негізгі басым бағыттарының бірі ретінде айқындаған еді.

— Соңғы алты айда біз Қазақстанның цифрлық болашағы үшін реттеуші жəне институционалдық негізді жедел қалыптастырдық. Қазақстан азаматтары жаңа Конституцияны қабылдады. Онда азаматтардың цифрлық құқықтары, соның ішінде дербес деректерді қорғау құқығы бекітілді. Конституциялық деңгейде Alatau City-дің ерекше мəртебесі айқындалды. «Цифрлық кодекс», «Жасанды интеллект туралы» заң, «Цифрлық активтер туралы» заң, «Киберқауіпсіздік туралы» заң, сондай-ақ телекоммуникациялар нарығын жəне деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға қатысты заң қабылданды, — деді Ж. Мәдиев бүгінгі Үкімет отырысында.

Биыл 9 маусымда Мемлекет басшысы 2029 жылға дейінгі жалпыұлттық Digital Qazaqstan стратегиясын бекітті. Бұл — экономика салаларында жəне мемлекеттік басқаруда цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні кең көлемде енгізуге арналған кешенді құжат.

Өткен жылы өңірде алғашқы суперкомпьютерлік кластерлер іске қосылды. Олар əлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлердің TOP500 рейтингіне енді. Бүгінде сол қуатты стартаптар, университеттер, ғылыми-зерттеу институттары, мемлекеттік органдар мен компаниялар пайдалануда.

— Биыл біз əлемдік деңгейдегі Дата-центрлер алқабын салуды бастадық. Жобаның мақсатты қуаты кемінде 1 гигаватт болады. Негізгі артықшылықтары — қолжетімді электр энергиясы жəне деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізу. Қазірдің өзінде шетелдік ірі компаниялармен бірлесе отырып жалпы қуаты кемінде 250 болатын 2 фазада жасанды интеллект дата-центрлерін іске қосу бойынша жұмыстар басталды. 13 маусымда NVIDIA қолдауымен Firebird AI компаниясымен 10 миллиард АҚШ доллары көлемінде келісімге қол қойдық, — деп толықтырды министр.

Байланыс цифрлық трансформацияның базалық шарты болып қала береді. 2028 жылға қарай ауылдардың 92%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. Жиырма ірі қалада 5G желісі дамытылуда. Ұзындығы 4 мың шақырымнан асатын талшықты-оптикалық гипермагистраль құрылысы жалғасуда.

40 мың шақырым республикалық жəне облыстық маңызы бар жол байланыспен қамтамасыз етіледі. Спутниктік интернет арқылы ел аумағы толық қамтылуда.

— Біз өз мамандарымызды даярлаудың үздіксіз траекториясын қалыптастырдық. Мысалы, TUMO — 12 мен 18 жас аралығындағы балаларға арналған креативті технологиялар орталығы. Tomorrow School болса ересектерге арналған. Ол практикалық жасанды интеллект мамандарын даярлауға бағытталған. Келесі кезең — биыл 1 қыркүйекте Қазақстандық жасанды интеллект зерттеу университеті — Qazaq AI Research University іске қосу, — деді Жаслан Мәдиев.

Айта кетейік, бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек.

Президент қазақстандықтарды Жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады.

Сондай-ақ Премьер-Министр Олжас Бектенов барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғырту басталғанын айтқан еді.