1 қыркүйектен бастап зейнетақы төлемінің тәртібі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет 2025 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен зейнетақы төлемдері мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жарналарды ұстау тәртібін реттейтін бірқатар нормативтік актіге өзгерістер енгізді.

Түзетулер 2023 жылы бекітілген ережелерге қатысты және мақсаты — зейнетақы тағайындау рәсімін жеңілдету, проактивті қызмет көрсетуді күшейту және есеп айырысу тәртібін нақтылау.
Негізгі өзгерістер:
Төлемді автоматты түрде тағайындау
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жыл сайын 1 наурызға дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен деректерді салыстырып отырады. Бұл зейнет жасына жеткен, бірақ өтініш бермеген азаматтарға төлемді проактивті түрде тағайындауға мүмкіндік береді. Қаражат алушылардың банк шотына автоматты түрде аударылады.
Электрондық өтінім
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен мемлекеттік корпорация арасындағы өзара іс-қимыл цифрлық форматқа көшіріледі. Енді салымшының төлем алуға келісімі электронды түрде тіркеледі.
Төлемді қайта есептеу
Зейнетақы төлемі өтініш берген күннен немесе электрондық өтінімді тіркеу күнінен бастап тағайындалады және зейнет жасына жеткенге дейін немесе жинақ толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жыл сайын төлем мөлшерін өздігінен қайта есептейді.
Ерекше жағдай
Қазақстан азаматтығынан айрылу, шетелге тұрақты тұруға кету немесе құжаттың жарамсыз деп танылуы жағдайында төлем ережеде көзделген тәртіппен тоқтатылады.
Адам қайтыс болған жағдайдағы төлем
Қайтыс болған салымшының туыстарына жерлеуге біржолғы төлем көзделген. Ол 94 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайды, бірақ шоттағы жинақ сомасынан көп емес. Егер осы төлемнен кейінгі қалдық ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болса, ол да отбасы мүшелеріне аударылады.
Орташа айлық табысты алмастыру коэффициентін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бекітілген әдістемеге сәйкес есептейді.
Зейнетақы жарнасын ұстау тәртібін түзету
Өзгерістер міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы және жұмыс берушілер жарнасын ұстау тәртібіне де енгізілді.
Осылайша, міндетті зейнетақы жарнасы мен міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы Салық кодексінде көзделген кейбір төлем мен табыстан ұсталмайды. Атап айтқанда, бұл босату:
— Салық кодексінің 319, 329, 330 және 341-бабында көрсетілген табысқа (жекелеген тармақшалардан басқа);
— мүгедектігі бар адамдарға төленетін заттай нысандағы төлем мен материалдық игілікке қолданылады.
Осыған ұқсас тәртіп жұмыс берушілердің жарнасында да белгіленген: кейбір төлем мен табыс түрін есептеу кезінде ескерілмейді.
Қаулы 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді, ал жекелеген нормалар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Жыл басынан бері қазақстандықтарға 2,4 трлн теңгеге жуық зейнетақы төленді.