1 мамыр. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 1 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

64 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, әдебиетші ғалым, белгілі журналист және публицист, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Жұмаханұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Бауыржан Жұмаханұлы ОМАРОВ
Фото: Akorda.kz

Қызылорда облысында туған. ҚазМУ-дың журналистика факультетін, қазіргі ҚазҰУ), Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін бітірген.

Филология ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолы: 1986-1994 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде тілші, аға тілші, аудармашы, бөлім меңгерушісі, 1994-1996 жылдары ҚазҰУ-да аға оқытушы, 1998-2000 жылдары доцент, аға ғылыми қызметкер, профессор, Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры, Қызылорда қалалық әкімінің орынбасары, 2000-2003 жылдары Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, 2001-2002 жылдары «Қайнар» университетінің профессоры, 2003-2006 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінде департамент директоры, 2006-2009 жылдары «Астана хабары» газеті бас редакторының 1-орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры болды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары; 2010 жылдан Тіл комитетінің төрағасы, ҚР Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі болды. 2013 жылы қаңтардан ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары қызметін атқарды.

2019 жылдан бастап – ҚР Президентінің кеңесшісі.

Б.Бұлқышев атындағы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, БАҚ саласындағы Президент грантының иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

«Қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы (генезис, типология, поэтика)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын, қазақ әдебиетіндегі зар заман, ежелгі әдебиет мәселелерін зерттеді. 70-тен астам ғылыми жарияланым мен 6 кітаптың авторы.

61 жыл бұрын (1965) журналист, филология ғылымының докторы Амантай Жарылқасынұлы ШӘРІП дүниеге келді.

Амантай Жарылқасынұлы ШӘРІП
Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. 1988 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін үздік бітірген.

ҚазҰУ-да стажер-зерттеуші, ассистент, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, 1996-1997 жылдары Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін атқарған. 1997-2000 жылдары ҚазҰУ-дің докторантурасында оқыған. 2000-2004 жылдары Еуразия университетінде кафедра меңгерушісі, гуманитарлық институт директорының орынбасары, әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарған. 2004 жылдан «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Қызылорда облысы филиалының директоры қызметін атқарған. Еліміздің бірқатар жоғары оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеді. 2008-2012 жылдары «Астана ақшамы» газетінің директоры – бас редакторы, кейін «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактор, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры болды.

Өлеңдері мен әдеби-сын мақалалары республикалық баспасөзде 1979 жылдан бастап жарық көрген. Шығармалары «Қарлығаш», «Ұлы дала жырлары», т. б. жинақтары мен антологияларға енген. «Құбыла» атты жыр кітабы шықты. «Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиетші», «Қайраткердің қаламгерлігі» зерттеу еңбектерінің, «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты ғылыми монографияның авторы. Филология ғылымдарының докторы. «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты.

58 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Алексеевич КАРПЛЮК дүниеге келді.

Сергей Алексеевич КАРПЛЮК
Фото: senate.parlam.kz

Қостанай қаласында туған. Ивановск химиялық технология институтын бітірген, мамандығы: химиялық инженер-технолог.

Еңбек жолы: 1996-1997 жылдары Қостанай облыстық индустрия және сауда басқармасының бас маманы, 1997-2008 жылдары Мемлекеттік департаменттердің басшысы қызметтерін атқарды. Қостанай облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің жетекшісі, 2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрінің кеңесшісі, 2010-2014 жылдары ҚР Индустрия комитеті төрағасының орынбасары, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, 2014-2020 жылдары Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2020 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

52 жыл бұрын (1974) Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлттық ғылыми-зерттеу университетінің ректоры – Басқарма төрағасы Мейрам Мұхаметрахымұлы БЕГЕНТАЕВ дүниеге келді.

Мейрам Мұхаметрахымұлы БЕГЕНТАЕВ
Фото: satbayev.university

Павлодар облысында туған. 1996 жылы Павлодар индустриалды институтын «Автомобильдер және трактор жасау» мамандығы бойынша үздік бітірді. 1999 жылы С.Торайғыров атындағы ПМУ-ды «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітірді.

2010 жылы экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрметті қызметкері болып танылды.

Еңбек жолы: 1994-1999 жылдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті студенттер кәсіподағы комитетінің төрағасы, 1999 жылы Павлодар университеті мәдениет академиясының директоры, 1999-2000 жылдары Қоғамдық ғылымдар кафедрасының тағылымгер-зерттеушісі, 2000-2001 жылдары Қоғамдық ғылымдар кафедрасының оқытушысы, 2001-2004 жылдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде институт директоры, басқарма басшысы, департамент директоры, 2004-2010 жылдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің проректоры, 2010-2012 жылдары

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, 2016-2019 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, 2019 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректорының міндетін атқарушы, 2019-2021 жылдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры қызметінде болды.

Қазіргі лауазымын 2021 жылдың сәуір айынан бері атқарып келеді.

47 жыл бұрын (1979) «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті, YPO Kazakhstan (Young President Organization) төрағасы, Bilim Media Group электронды білім беру компаниясының негізін қалаушы және басшысы, қоғам қайраткері Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ дүниеге келді.

Рауан Кенжеханұлы
Фото: «Қазақ тілі» қоғамы

Шығыс Қазақстан облысында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін – халықаралық қатынастар мамандығы бойынша (2001), Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын – іскерлік әкімшілік мастері мамандығы бойынша (2004), сондай-ақ, АҚШ-тағы Гарвард университетінің Халықаралық қатынастар орталығының Дж.Кеннеди атындағы басқару мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы Ұлттық дебат орталығында координатор ретінде бастаған. 2002-2005 жылдары «Хабар» агенттігінің Ақпараттық бағдарламалар дирекциясының редакторы, Ресей Федерациясы бойынша меншікті тілшісі, 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде екінші және бірінші хатшы, 2006-2008 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Маңғыстау облыстық филиалының директоры, 2008-2009 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі, 2010-2011 жылдары АҚШ-тағы Гарвард университетінде лингвистика департаментінің оқытушысы болып қызмет атқарған.

2011-2014 жылдары «Bilim Media Group» компаниясының директоры, 2014-2016 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. «Ұлтық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры (2017 жылдан). 2018 жылы тамыз айынан бастап Nur Otan партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болып тағайындалды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың шілде айынан бері атқарып келеді.

2011 жылы Уикипедия қорының жыл сайынғы халықаралық конференциясында қазақ тіліндегі Уикипедия қауымдастығын дамытуға және насихаттауға қосқан үлесі үшін Wikipedia әлемдік интернет-энциклопедиясының негізін қалаушы Джимми Уэльстің жеке сыйлығымен марапатталып, жыл Уикипедияшысы (Wikipedian of the Year) атағы берілді. Бұл сыйлық алғаш рет табыс етілген болатын.

38 жыл бұрын (1988) «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Оралбайұлы ИСМАГУЛОВ дүниеге келді.

Ильдар Оралбайұлы ИСМАГУЛОВ
Фото: fcc.kz

Астанада туған. Еуразия гуманитарлық институтын “Қаржы” мамандығы бойынша, Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін “Құқықтану” мамандығы бойынша, ”Инновациялық Еуразия университетін” (қашықтықтан оқыту курсы) “Менеджмент” мамандығы бойынша, біліктілігі – МВА іскерлік әкімшілендіру магистрі, Management & Marketing Universal BUSINESS SCHOOL, Edinburgh, Scotland UK, МВА General management, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, “Агрономия” мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы жеке ұйымда бастады. 2009-2011 жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратында жұмыс істеді. 2011-2017 жылдары “Қазақстан инжиниринг” Ұлттық компаниясы” АҚ менеджері, бас менеджері болды. 2017-2019 жылдары жеке секторда басшылық қызметтерді атқарды. 2019-2022 жылдары корпоративтік хатшы, басқарушы директор – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Ұлттық аграрлық ғылыми – білім беру орталығы” КЕАҚ Басқарма мүшесі, 2022-2023 жылдары “Agro Lab” ЖШС Бас директорының орынбасары, 2023-2024 жылдары Қаржы басқармасы басшысының орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы, 2024-2025 жылдары «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры-Басқарма мүшесі болған.

Қазіргі қызметін 2025 жылғы тамыздан бастап атқарып келеді.

78 жыл бұрын (1947-2010) мемлекет және қоғам қайраткері, кино және театр актері, театр педагогі, профессор Құдайберген Тәуекелұлы СҰЛТАНБАЕВ дүниеге келді.

Құдайберген Сұлтанбаев
Фото: instagram.com/kudaibergen_sultanbay

Қызылорда облысы, Арал ауданында туған. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік өнер институтының актерлік факультетін, кейін Абай атындағы университеттің заң факультетін бітірген.

Шығармашылық жолын 1968-1969 жылдары Арал аудандық мәдениет бөлімінде бастады. 1969-1970 жылдары «Гүлдер» ансамблі құрамында режиссердің ассистенті болды. 1974 жылдан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері. Тумысынан талантты актердің сахнада сомдаған айтулы рөлдері қатарында М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Жарас, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісі» мен «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Зілқара мен Жантық, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Тілмәш, Б.Мұқаевтың «Тоят түніндегі» Қали, Ш. Айтматовтың «Ақ кемесі» мен «Ғасырдан да ұзақ күніндегі» Сейдахмет пен Сәбитжан, Н.Гогольдің «Ревизорындағы» Бобчинский, У.Шекспирдің «Ричард ІІІ»-індегі Епископ, Ф.Эрвенің «Түлкі бикешіндегі» режиссердің көмекшісі, С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісіндегі» тілші секілді көптеген бейнелер бар. Оның соңғы кезде бейнелеген сәтті жұмысы Ә.Рахимовтың «Қылмыскерге куәлік» спектакліндегі Әкім образы болды. Қ.Сұлтанбаев талантының тағы бір қыры сатира жанрында жарқырап көрінді. Бұл ретте ол көрермен көңілінен орнықты орын тапқан «Тамаша» ойын-сауық отауының негізін қалаушылар қатарынан табылып, елімізде аталмыш жанрдың сахналық сипатының дамуына үлкен үлес қоса білді. Көрнекті актер кино өнерінде де өзіндік ізін қалдырды. Ол режиссер С. Нарымбетовтің бірнеше фильмінде, сондай-ақ Б.Шәмшиевтің «Көктөбедегі кездесу», З.Подольскийдің «Қош бол, Медеу!», С. Тәуекелдің «Махамбет», Т.Әбдірашевтің «Қаладан келген қыз», «Құрақ көрпе» деп аталатын көркем фильмдерінде әр алуан бейнелерді жасады. 1995-2000 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Ол Мәжілісте әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде осы саладағы көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысты.

«Астана» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталды.