1 МАМЫР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 1 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.

1 МАМЫР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

1 МАМЫР, БЕЙСЕНБІ

Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтіледі. 100-ден астам ұлт өкілдері тұратын Қазақстан үшін бұл мереке дәстүрлі мейрамдардың біріне айналды.

Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні. Әлемнің 66 мемлекетінде атап өтіледі. 1886 жылы америкалық жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, ереуіл ұйымдастырды. Аяғы полицейлермен қақтығысқа ұласып, үлкен қантөгіс болды. 1889 жылғы маусымда ІІ Интернационалдың Париж конгресі Чикагодағы жұмысшылар ереуілін мәңгі есте қалдыру мақсатында жыл сайын бірінші мамырда шеру өткізу туралы шешім қабылдады.

Маршалл Аралдары Республикасының Ұлттық мейрамы - Конституция күні (1979). Маршалл Аралдары Республикасы - Тынық мұхитының батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Ол 2 топқа бөлінген 34 аралдан тұрады. Оңтүстік-шығысы - Ратак аралы, солтүстік-шығысы Ралик аралы деп аталады. Әкімшілік жағынан 25 ауданға бөлінеді. Астанасы - Маджуро қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - АҚШ доллары. Елді президент басқарады. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Жоғарғы заң шығарушы органы екі палаталы парламент. Маршалл Аралдары Республикасы 1991 жылдан бастап БҰҰ-на мүше. Негізгі сауда серіктестері - АҚШ пен Жапония.

Микронезия Федеративтік Штаттарының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1979). Микронезия - Тынық мұхитының батыс бөлігінде, Каролин аралдарында орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан Трук, Костраэ, Понапе, Иап штаттарына бөлінген. Астанасы - Паликир қаласы. Ақша бірлігі - АҚШ доллары. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар жергілікті халықтардың тілдері де кеңінен тараған. Мемлекет және үкімет басшысы - Президент. Жоғарғы заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Ұлттық конгресс.

Францияда інжугүл күні. Бұл күні барлық жерде інжугүл сатылады. Аталмыш гүл бақыт әкеледі деп сенетін француздықтар оны бір-біріне сыйлайды және сақтап қояды.

Францияда мамырдың бірінде өсімдіктер мен заттар магиялық қайырымдылық қасиетке ие болады деп сенеді.

Әр халықтың мамырдың алғашқы күнін атап өту дәстүрі бар. Мысалы: Италияда мамырдың бірінші күні Серенадалар мерекесі деп саналса, Канадада - Саршұнақ күн, Нидерландыда - Қызғалдақтар күні, Голландияда - Раушан мен лалагүл күні, ал Мексикада Еңбек күні деп аталып өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

201 жыл бұрын (1813) Омбы кадет корпусы құрылды. Онда танымал ғалымдар мен қоғам қайраткері білім алған. Олардың қатарында қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы Шоқан Уәлиханов, сондай-ақ Сібір мен Орталық Азияның зерттеуші және саяхатшы Н.Потанин бар.

123 жыл бұрын (1891) іргетасы 1869 жылы қаланған Ақтөбе елді мекеніне қала мәртебесі берілді. Ақтөбе қаласы еліміздің батыс өңірінің ірі мәдени, білім және ғылым орталығы болып саналады. Қалада 11 жоғары, 16 арнаулы оқу орны бар. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясы, Жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесі және басқалары тек қана Қазақстанға ғана емес, шет елдерге де кеңінен танымал оқу орындары. Сонымен қатар қалада қазақ және орыс труппасы өнер көрсететін драма театры, қуыршақ театры, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы мұражай жұмыс істейді.

93 жыл бұрын (1921) М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасының түзетіліп, өңделіп, шын мәніндегі драматургия талабына жауап берер көркемдікке жеткен екінші нұсқасы Абайдың шәкірттері мен ізбасарлары ұйымдастырған «Ес-Аймақ» труппасының (қазіргі Абай атындағы музыкалық-драмалық театры, ол өзінің 70 жылдығын 2004 жылғы қазан айында атап өтті) сахнасында Жүсіпбек Аймауытовтың режиссерлік етуімен қойылды. Онда Еңлік рөлін Фарида Кәрімова, Кебекті Ахмет Әуезов, Абыз бен Кеңгірбай рөлін Төрекеш Оспанов ойнады. Осы қойылымнан кейін пьеса Орынборда жеке кітап болып шығып, Қазақстанның көптеген қалаларындағы труппалар мен көркемөнер үйірмелерінің репертуарынан тұрақты орын алды.

93 жыл бұрын (1921) РКФСР Халық комиссарлары кеңесінің кооперативтік ұйымдар арқылы айырбас жасауына мүмкіндік беретін «Айырбас туралы» декреті жарық көрді. Губернияларда нанға айырбас жасау үшін мата, галантерея және бакалея тауарлары, ыдыс-аяқ, керамика қорлары құрылып, жеке саудаға рұқсат берілді. Қалаларда жекеменшік ет, өндіріс тауарлары дүңгіршектері, асханалар, моншалар ашылды. Жәрмеңке саудасы қайта жанданды.

91 жыл бұрын (1923) Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы - мәдени-ағарту мекемесі құрылды. Мұражайдың алғашқы экспозициясы түрлі мекемелер сыйға тартқан жан-жануарлардың қаңқалары, қару-жарақ, сауыт-сайман, т.б. бұйымдардан құралды. 1927 жылы мұражай өзінің алғашқы экспедициясын ұйымдастырып, өлкенің табиғаты, тарихы жөнінде құнды мәліметтер жинады.

88 жыл бұрын (1926) республиканың Халық комиссарлары кеңесінің «Қазақ КСР-індегі бірыңғай еңбек мектептері жарғысы» қабылданып, онда қазақ қыздары мен шығыс ұлттары қыздарының білім алуына ерекше көңіл бөлінді. Қыздар үшін арнайы мектептер Алматы, Шымкент, Түркістан, Орда қалаларында ашылды.

84 жыл бұрын (1930) Орта Азия мен Сібір аралығын жалғастырған Түркістан-Сібір теміржолының ашылу салтанаты өтті. Бұл теміржол Семей қаласынан Алматы арқылы Жамбыл облысының Луговой бекетіне дейінгі аралықты жалғады. Ұзындығы 1452 шақырым. Теміржол құрылысы 1927 жылы басталып, 1931 жылы толығымен аяқталған. Құрылыс инженері Мұхамеджан Тынышбаев болды. Ең бірінші болып Э-1441 паровозы құрылыс заттарымен жүріп өтті.

25 жыл бұрын (1989) Қазақ КСР Мәдениет министрлігі дирекциясының Орталық көрме залында «Перекресток» атты республикалық көрме өтті. Онда М.Сейітов Т.Солоненко, З.Шайгелдинова сынды қылқалам шеберлері өз туындыларын қойды.

22 жыл бұрын (1992) Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Түркияның Премьер-Министрі Сүлеймен Демирель Бірлескен мазмұндамаға қол қойды. Ал Үкiмет басшылары Өзара жәрдемдесу және инвестицияларды қорғау туралы келiсiмге қол қойды. Екі жақтағы министрліктер мен мекемелердің жетекшілері автомобиль көлiгi, авиация қатынасы, мәдениет, радио және теледидар, кадр даярлау, орташа және шағын кәсiпорындар, банктiк және несие салаларын дамыту туралы, Қазақстанның батыс өңіріндегі мұнайды өңдеудегi түрiк фирмаларының жәрдемдесуi туралы, Ақтөбедегі газ электр станциялары ғимараттары туралы, Маңғыстаудағы мұнай өңдейтiн зауыттың құрылысы және қалпына келтiру жұмыстары туралы, Ақтау портын қалпына келтiру, Каспий теңізі арқылы Қара және Балтық теңіздеріне Қазақстанның жүктерін тасымалдау төңірегіндегі ынтымақтастық туралы келісімдерге және хаттамаларға қол қойылды.

14 жыл бұрын (2000) Алматыда Қазақстан халықтары достығының I фестивалі өтті. 2004 жылғы қазанның біріндегі ҚР Статистика агенттігінің мәліметі бойынша: қазақтар - 57,7%, орыстар - 26,8%, украиндар - 3,1%, өзбектер - 2,8%, немістер - 1,5%, татарлар - 1,5%, ұйғырлар - 1,5%, корейлер - 0,7%, белорустар - 0,6%- ды құраған.

70 жыл бұрын (1944) КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Кавказды қорғағаны үшін» медальдарын бекіту туралы Жарлығы шықты.

ЕСІМДЕР

86 жыл бұрын (1928) кескіндемеші, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері МӘМБЕЕВ Сабыр Әбдірәсілұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Репин атындағы Санкт-Петербор кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірген. 1956-1962, 1968-1982 жылдары және 1998 жылы Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы болған. Мәмбеев өзінің шығармаларында ауыл өмірін, оның сұлу табиғатын өзгеше қырынан бейнелейді. Ол әр жылдары «Сұхбат», «Қара кимоно», «М.О.Әуезов», «Тауда» (Мәскеудегі Шығыс халықтары мұражайы), «Киіз үйде» (Мәскеу, Третьяков галереясы), «Қоныс аудару», «Менің қаламда», «Терезе алдындағы қыз», «Көктем», «Жастар», т.б. суреттер, пейзаждар мен портреттер жазған. Оның шығармалары, негізінен, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік мұражайда сақтаулы. «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

86 жыл бұрын (1928-1993) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ХАМРАЕВ Халил дүниеге келді.

Алматы облысының Панфилов ауданында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 1964-1967 жылдары республикалық «Коммунизм туғи» газетінде жұмыс істеген. Оның алғашқы шығармалары ұйғыр тіліндегі Синьцзян газеттері мен журналдарында басылған. Ақынның «Жүрек сыры», «Іле жағалауындағы жыр», «Оңтайлы Садыр», «Ізгілік», «Дала жұлдыздары», «Ерлік», «Дала қырандары», «Отан жайлы жырлаймын» атты жыр жинақтары жарық көрген. Жекелеген шығармалары қазақ және орыс тілдеріне аударылған.

76 жыл бұрын (1938) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі АСЫЛБЕК Әбдірахман дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын орта мектептің мұғалімі болып бастаған. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің тілшісі, Республикалық Қазақ радиосының қызметкері болған. Сондай-ақ «Жазушы», «Жалын» баспаларында, Қазақстан Жазушылар одағындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық бөлімшесінде, Республикалық «Әділет», «Мәдениет», «Заң» газеттерінде істеген. Қазір «Көзқарас» және «Заңғар» журналдарында жауапты қызметкер болып істейді. Балаларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта 24 жыр кітабын шығарған. Лирика, ән мәтіндері және сатира жанрларымен де айналысып келеді. Оның өлеңдерінің біразына әндер шығарылған.

71 жыл бұрын (1943) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Жастар одағы мен Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты ҚАЛИҰЛЫ Сұлтан дүниеге келді.

Жамбыл облысының Жамбыл аудынында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облысының Шу ауданындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. 1967-1973 жылдары - Қазақ радиосы музыка, балалар редакциясының редакторы, аға редакторы. 1973-1991 жылдары - «Балдырған» журналының жауапты хатшысы. 1991 жылдан бері «Ұлан» газетінің бас редакторы қызметін атқарады. Негізінен балалар поэзиясы, сатира жанрында еңбек етеді. Ақынның «Сыныққа сылтау», «Дүрбі», «Теміртесер», «Бақыт деген не?», «Мен мектепке барамын», «Қандай болып өсемін», т.б. жыр жинақтары жарық көрген. Жекелеген өлеңдері орыс, украин, өзбек, грузин, түркімен, қарақалпақ, әзірбайжан тілдеріне аударылып, «Сәлем саған, мектебім» атты кітабы 1983 жылы Фрунзе қаласындағы «Мектеп» баспасынан қырғыз тілінде жарық көрген. Оның аударуында қазақ тілінде С.Маршактың «Ақымақ тышқан туралы ертегі», С.Михалковтың «Степа ағай», Р.Ғамзатовтың «Менің атам» атты поэмалары, Р.Киплингтің бірнеше ертегісі «Пілдің баласы» деген атпен, Бақытжан Момышұлының «Мен әлі сәбимін» повестері мен әңгімелері, «Жанымның жарық жұлдызы» романы жеке кітап болып шыққан.

Бірнеше медальмен марапатталған.

71 жыл бұрын (1943) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының, Жоғары мектеп ғылым академиясының, Ұлттық инженерлік академияның академигі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Ақтау қаласының құрметті азаматы БОЖАНОВ Есберген Тоқшылықұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1966-1976 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Математика және механика институтының аспиранты, аға инженері, аға ғылыми қызметкері. 1976-1990 жылдары - Ақтау қаласындағы Қазақ политехникалық институтының аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, жалпы техника факультеті деканының орынбасары, деканы. 1990-1993 жылдары - Қазақ политехникалық институты Маңғыстау филиалының директоры. 1993-1996 жылдары - Ақтау политехникалық институтының ректоры. 1996-2004 жылдары - Ш.Есенов атындағы Ақтау университетінің ректоры. 2001 жылдан Қазақ бас сәулет құрылыс институты Үздіксіз білім беру институтының директоры болған.

51 жыл бұрын (1963) ақын, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының С.Сәдуақасов атындағы сыйлығының, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығының лауреаты, Абайдың 150 жылдығына, Ж.Жабаевтың 150 жылдығына, Қ.Аманжоловтың 90 жылдығына, Ғ.Мүсіреповтың 100 жылдығына, Түркістанның 1500 жылдығына орай өткізілген жыр мүшәйраларының жүлдегері ЖАҚЫП Бауыржан дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын Қазақ телеарнасы Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясынан бастаған. «Жалын» баспасында редактор қызметін атқарған. 1986-2001 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, доценті, шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының, мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі болған. 2001 жылдан бастап аталмыш білім ордасының журналистика факультетінің деканы болды. Қазір "Қазақ энциклопедиясы" ЖШС бас директоры. Ақынның өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1980 жылдан бері жиі жарияланып келеді. «Аудитория», «Қарлығаш», «Бір кеменің үстінде», «Парус времени», «Баспалдақтар», «Аралым - арым, Балқашым - бағым», «Абыралы асулары» атты туындылары ұжымдық жыр жинақтарға енгізілген. «Көзімнің нұры», «Ақ лақ», «Айдындағы аспан», «Қолтаңба» атты жыр кітаптары жарық көрген. «Мұхтар Әуезов - публицист», «Ұлы суреткер ұлағаты» ғылыми монографиялары да жарық көрген.

38 жыл бұрын (1978) ақын, «Поэзия көктемі» жыр мүшәйрасының, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегері ҚАМШЫГЕР Саят дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. 2000-2004 жылдары Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болған. 2005 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сын жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған. 1999 жылы «Білім» баспасынан шыққан «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты студент ақындардың жыр жинағына өлеңдері енгізілген. 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен «Сары гүл» атты тұңғыш кітабы «Жазушы» баспасынан жарық көрген.

105 жыл бұрын (1909-1992) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, КСРО Медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның және Қарақалпақ АКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері ҚАРАҚҰЛОВ Ишанбай Қарақұлұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған. Алматы медицина институтын (қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген. 1937-1939 жылдары - Қазақстан Денсаулық сақтау халық комиссары. 1946-1947 жылдары Алматы медицина институты эпидемиология кафедрасының меңгерушісі. 1948-1950 жылдары - Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1950-1954 жылдары Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері адамға жұғатын ауруларды зерттеуге және Қазақстанның денсаулық сақтау ісін ұйымдастыруға арналған. Ол малдан жұғатын аса қауіпті ауруларға эпидемиологиялық тұрғыдан жіктеу жасап, олардың жұғу жолдарын анықтады, оларға қарсы қолданылатын кешенді шаралардың біртұтас жүйесін ұсынды. Cарыптан сақтану мақсатында адам терісіне алдын ала вакцина егу әдісін тапты. Оның ұсынған бұл әдісі қазіргі кезде шет мемлекеттерде де қолданылады.

И.Қарақұлов тәлім-тәрбиелік мәні бар 200-ден астам кітап жазды.

«Халықтар достығы» орденімен, медальдармен марапатталған.

75 жыл бұрын (1939-1984) жазушы ҚАЗИЕВ Қарауылбек дүниеге келді.

Жамбыл облысының Шу ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облыстық радиосынан бастап, кейін өмірінің соңына дейін Шымкент облыстық радио және теледидар хабарларын тарату жөніндегі комитеттің бас редакторы болған.

Қаламгердің алғашқы әңгімелер жинағы «Ақ бантик» деген атпен 1968 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. 1974 жылы жазушының «Иманжапырақ» повесі жабық бәйгеде бірінші жүлдеге ие болған. Бірқатар әңгіме мен повесі орыс тіліне аударылып, жеке кітап болып шыққан.

Шымкент қаласындағы орта мектепке Қ.Қазиевтің есімі берілген.

70 жыл бұрын (1944) әнші, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы «Қобыз сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЖҮНІСБЕКОВ Мұратбек дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Республикалық эстрада-цирк студиясын бітірген. Алматы облыстық филармониясында істеген. М.Жүнісбеков қол өнері шебері ретінде де танымал. 1986-1987 жылдары Республикалық қолөнер көрмесі мен Ялтада өткен көрмеде жүлдегер атанып, Ашхабадта өткен қолөнер шеберлерінің бүкілодақтық көрмесінің лауреаты атағын жеңіп алған. 1989 жылы өнер сапарымен Парижде өткен көрме-концертке, музыка аспаптары көрмесіне қатысқан. Оның жекеменшік музыка аспаптары мұражайы бар.

65 жыл бұрын (1949) Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрының режиссері, «Тарлан» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ХАДЖИЕВ Жанат Әубәкірұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Мәскеу қаласындағы М.Щепкин атындағы театр училищесінің Қазақ студиясын, Алматы театр-көркемсурет институтының режиссерлік факультетін бітірген. 1972 жылдан бұрынғы Торғай музыкалық драма театры труппасында актер болып, Арыстан (М.Әуезов «Айман-Шолпан»), Сәнжан (Ә.Тарази «Күлмейтін комедия»), Дәруіш (М.Кәрім «Ай тұтылған түн»), Ілияс (Ш.Айтматов «Арманым, Әселім»), тағы басқа рөлдерде ойнаған. 1980-1991 жылдары Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері, Торғай музыкалық драма театрының бас режиссері міндетін атқарушы, Жезқазған музыкалық драма театрының режиссері қызметтерін атқарған. М.Әуезовтың «Қараш-Қарашын», Ә.Таразидің «Қыз махаббатын», А.Вампиловтың «Тұңғыш ұлын», Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібегі» мен «Қозы Көрпеш- Баян сұлуын», М.Кәрімнің «Тастама отты, Прометейін» театр сахналарына шығарған. 2002 жылдан Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясында ұстаздық етеді.

65 жыл бұрын (1949) балалар жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, С.Ерубаев атындағы сыйлықтың иегері ӘДІЛ Балтабай дүниеге келді.

Қарақалпақстанда туған. 1973 жылы Хожелі педагогикалық училищесін бітіріп, ұзақ жылдар бойы мұғалім болып қызмет жасаған. Қазақ мемлекеттік университетін сырттай оқып бітірген. 1993 жылы ата жұры Қазақстанға қоныс аударған. Содан бері республикалық «Ұлан» газетінде қызмет атқарады.

Қаламгердің балаларға арналған «Атамның жұлдызы», «Алданыш», «Інімнің өкпесі», «Тырналар келе жатыр» атты кітаптары жарық көрген.

99 жыл бұрын (1915-1975) профпатолог-гематолог, медицина ғылымының докторы, профессор АЛДАНАЗАРОВ Әмір Тұрлыбайұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ташкент медициналық институтын бітірген.

Қазақстан Ғылым Академиясы Өлкелік патология институтының (қазіргі Х.Жұматов атындағы Қазақ тазалық және эпидемиология ғылыми орталығы) кіші, аға ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Алданазаровтың негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанда қорғасыннан уланудан болатын қан жүйесіндегі өзгерістердің белгілері мен дамуын, сақтандыру шараларын және емдеу әдістерін зерттеуге арналған.

2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.

73 жыл бұрын (1941) ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ХАЛМУРАДОВ Розақұл Сатыбалдыұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылында туған. Орта мектепті 1958 жылы бітіргеннен кейін Манкент ауылында колхозшы болып істеді. 1959 жылы В.И.Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны 1968 жылы «география» мамандығы бойынша бітірді. 1978 - 1982 жылдары Ташкент ауыл шарушылығы институтында «агрономия» мамандығы бойынша сырттай білім алды. 1983 - 1986 жылдары Алматының жоғары партия мектебінде сырттай оқыды. 1959 -1963 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеді. 1964-1965 жылдары - орта мектеп мұғалімі. 1965-1977 жылдары - Сайрам аудандық комсомол комитетінде, аудандық партия комитетінде жұмыс істеді, осы ауданның «Победа» ұжымшарының партком хатшысы болды. 1977 - 1989 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің Ұйымдастыру және партия жұмысы бөлімінің нұсқаушысы, облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, облыстық партия комитетінің Ұйымдастыру және партия жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Түркістан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1989 жылы - Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы. 1991 жылы - Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары - облыстық коммуналдық меншік басқармасының бастығы. 1992-1993 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының әкімі. 1993 - 2002 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары және әкімнің кеңесшісі. 2002-2007 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы тәртіптік кеңесінің төрағасы - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аумақтық басқармасының бастығы. 2007-2011 жылдары - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылдың қаңтарынан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған. I дәрежелі «Достық», II дәрежелі «Достық», «Құрмет белгісі» ордендерімен, Қазақстан КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен және 6 медальмен марапатталған.

188 жыл бұрын (1826-1906) айтыс ақыны ҚҰЛМАМБЕТ, Құланаян Құлмамбет дүниеге келген.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Жетісуда Сүйінбай бастаған айтыс мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Жас кезінен өлең-жырға құмар болып өскен. Түбек, Жанақ, Тезек, Майкөт, Жамбыл тәрізді айтыс майталмандарымен айтысқан. Ол «Мың бір түн», «Қыз Жібек», «Рақымжанның зары», «Мұңлық-Зарлық», «Туғанбай мен Қоңырбай» сияқты дастандарды жырлаған. Құлмамбеттің айтыстары Жамбылдың жинақтарында, Сәкен Сейфуллиннің алғы сөзімен «Жаңа мектеп» журналында, «Айтыс» жинақтарында жарияланған. Шығармалары «Сөзімнің қыл сыймайды арасына» деген атпен 1998 жылы жарық көрді. Ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев, т.б. ғалымдар зерттеулер жазды. Ақынның туындылары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында, Әдебиет және өнер институтының Қолжазба орталығында сақтаулы.

173 жыл бұрын (1841-1918) ақын ТОҚСАНБАЙҰЛЫ Қожабай дүниеге келген.

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Ауыл молдасынан сауат ашқан. Баршылық пен жоқшылық, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздіктер Қожабай жырларының өзекті тақырыбына айналды. Ол «Бай болмақ, кедей болмақ - бір Алладан» деген қалыптасқан қағидаға адал еңбек пен қажымас талапты қосады. «Кел, Қожабай, сөз сөйле, заманыңның зарынан» деген толғауында қоғамдағы кереғар құбылыстарға көзқарасын айқын танытса, «Қазақ баласына» атты жырында Сыр бойын жайлаған елдің кәсіп-тіршілігін салыстыра отырып ой түйеді, ел бастаған жақсылардың игі істеріне ризашылығын білдіріп, кейінгілерге үлгі етіп ұсынады. Қожабайдың Амангелді Имановқа хат ретінде жазған жыры болашаққа деген үміт пен жақсы тілекке толы. Ақынның «Ортадан асып барады менің жасым» деген ұзақ толғауы өмір мен өлім, баршылық пен жоқшылық, әділдік пен зұлымдық туралы философиялық ой түйетін күрделі туынды. Шығармадан ақынның шығыстың классикалық әдебиетімен жақсы таныс болғаны аңғарылады. Ақын шығармалары хақында ғалым М.Жармұхамедов жүйелі зерттеулер жүргізген.

153 жыл бұрын (1861-1904) ақын, Абай Құнанбайұлының үлкен ұлы ҚҰНАНБАЕВ Ақылбай Абайұлы дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған, ауыл молдасынан білім алған. Сазгерлі талантымен де халыққа танылған. Орыс, Еуропа әдебиетімен өз бетінше оқып танысқан. Әкесі Абайдың кеңесі бойынша 3 поэма жазған. «Зұлыс» поэмасының оқиғасы ағылшын жазушысы Г.Хаггарттың «Сүлеймен патшаның кеніші» атты әйгілі романынан алынған. Бұл поэма толық сақталмаған. «Жаррах» поэмасы мүлде жоғалып кеткен. Толық сақталған «Дағыстан» поэмасына Дағыстан елінде, Кавказда болған оқиға өзек етіп алынғанымен, қазақ өмірі үшін зор мәні бар әлеуметтік мәселелер көтерілген. Ақынның бірнеше лирикалық өлеңі сақталған.

123 жыл бұрын (1891-1956) әнші, халық композиторы БАБАҚОВ Қосымжан дүниеге келген.

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. 1937-1943 жылдары Қазақ филармониясының әншісі болған. Әнші Біржан, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, т.б. халық композиторлары әндерін ерекше нақышпен шырқаған. Өзі де 20-ға жуық ән шығарды. Қосымжан Бабақов әндерін кезінде Р.Есімжанова, М.Көшкімбаев, Ж.Қартабаева, т.б. орындады.

123 жыл бұрын (1891-1945) халық ақыны БАЙБОЛОВ Қазанғап дүниеге келген.

Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында туған. 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш съезіне халық ақыны ретінде қатысып, осы жылдан бастап баспасөзде өлеңдері жиі жарияланады.

«Толғау өлеңдер», «Халық қаһары», «Халық ақындары», «Пернедегі термелер» деген атпен шыққан шығармалары арқылы халық арасына танымал болды. «Төле бидің тарихы», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Өкірік Найман туралы» тарихи қисса-дастандары 17-18 ғасырларда қазақ елінде болып өткен тарихи оқиғалар желісін терең де көркем суреттейді.

«Сайыпжамал сұлу», «Шеризат-Күлшат» атты лирикалық шығармалардың авторы болып табылады. 1943 жылы Алматыда өткен ақындар айтысында саңлақ ақын Нартаймен сайысқа түсті. Осы айтысы 1966 жылы басылым көрген «Айтыс» кітабының үшінші томында басылды.

78 жыл бұрын (1936) Республикалық ана мен баланы қорғау ғылыми-ерттеу орталығының бас ғлыми қызметкері, «Акушерство, гинекология и перинатология» журналының бас редакторы ҚАЮПОВА Нина Әмірқызы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан қаласында туған. Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітірді (1959), емдеуші дәрігер; Алматы мемлекеттік медициналық институтының аспирантурасын бітірген (1965). Медицина ғылымдарының докторы (1988). Докторлық диссертациясының тақырыбы: «Аса қатерлі топтағы екіқабат әйелдерде кезігетін акушерлік асқынуының алдын алу». ҚР Алдын алу медицинасы академиясының профессоры, академик (1995 жылдан бері). «Қазақстанда әйелдердің босануға қабілетті денсаулығын қорғаудың ұлттық саясаты» (1996), «Екіқабат жағдайындағы аса қатерлі топтар» (1996), «Аборт және отбасын жоспарлау» (1997), «Перинатальдік биохимияның негіздері» атты монографиялардың, 200-ден астам мақаланың авторы.

1959 жылдан бастап - Алматы қаласындағы №1 перзентхананың акушер-гинекологы. 1962 жылдан - Алматы мемлекеттік медициналық институтының аспиранты. 1965 жылдан - Ана мен баланы қорғау ҒЗИ-дың кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері. 1971 жылдан - Алматы мемлекеттік медициналық институтының ассистенті, кафедра доценті. 1976 жылдан - Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы. 1981 жылдан - директордың орынбасары, 1983 жылдан - Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің акушерлік және гинекология ҒЗИ-дың директоры. 1991 жылдан - Ана мен баланы қорғау Республикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры. 1999 жылдың қазан айынан - ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аймақтық дамыту және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі комитеттің мүшесі, Әлеуметтік-мәдени дамыту жөніндегі комиттеттің мүшесі.

2003 жылдан бері - Ана мен баланы қорғау Республикалық ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері - «Акушерлік, гинекология және перинатология» журналының бас редакторы.

Қазақ республикалық әйелдер кеңесінің Төрайымы (1991-1995). Қазақстан Әйелдер кеңесінің төрайымы (1995 жылдың маусым айынан). ҚР Президенті жанындағы Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселелері жөніндегі кеңестің төрайымы (1995-1998). ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер мен отбасы істері жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары (1999-2005). Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі.

ҚР-ның 12-ші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің Депутаты.

«Парасат» орденімен наградталған (1994). Бейбітшілік және рухани келісім жөніндегі Президент сыйлығының лауреаты (1996).

69 жыл бұрын (1945) Дарынды балаларға арналған жамбыл атындағы Шығыс Қвазақстан облыстық мамандандырылған мектеп-гиназия-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі БІТІБАЕВА ҚанипаОмарғалиқызы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі (1993). Семей педагогика институтын бітірген (1968). 1968 -80 ж. Шығыс Қазақстан облысы Жетіарал мектебінде мұғалім оку ісінің менгерушісі болып жұмыс істеген. 1980 жылдан Өскемен қаласындағы Жамбыл гимназия-интернатында мұғалім. Жоғары оку орындарының студенттеріне арналған "Әдебиет оқыту әдістемесі" кітабы жарық көрген. 1991 жылдан Өскеменқаласында Бітібаеваның республикалық атаулы мектебі жұмыс істейді. Іс-тәжірибесі туралы бірнеше оқу фильмдері түсірілген. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1990). «Құрмет» орденімен, Н.К.Крупская медалімен, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталған. АҚШ-тың арзона штатындағы Тусон қаласының, Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданының құрметті азаматы.

67 жыл бұрын (1947) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі САҒЫНДЫҚОВ Елеусін Наурызбайұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Ақтөбе облысында туған. . Ақтөбе педагогикалық институтын, Батыс-Қазақстан ауылшаруашылық институтын, А.А.вознесенский атындағы Санкт-петербор мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. Математика мұғалімі, инженер-механик, э.ғ.д., профессор. Ақтөбе облыстық халыққа білім беру басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы білім министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің консультанты, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласының әкімі, Сенат депутаты, Ақтөбе облысының әкімі болып қызмет атқарған. II дәрежелі «Барыс», «Құрмет» ордендерімен, төрт медальмен марапатталған.

52 жыл бұрын (1962) ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары ОМАРОВ Бауыржан Жұмаханұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. ҚазМУ-дың журналистика факультетін (1986, қазіргі ҚазҰУ), Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін (1998) бітірген.Филология ғылымдарының докторы (2001), профессор (2002).

«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде тілші, аға тілші, аудармашы, бөлім меңгерушісі (1986-1994),ҚазҰУ-да аға оқытушы (1994-1996), доцент, аға ғылыми қызметкер (1998-2000), профессор (2002-2003), Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры (1996-1997), Қызылорда қалалық әкімінің орынбасары (1997-1998), Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі (2000-2003), «Қайнар» университетінің профессор (2001-2002); ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінде департамент директоры (2003-2006), «Астана хабары» газеті бас редакторының 1-орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры (2006-2009) қызметтерін атқарды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары; 2010 жылдан Тіл комитетінің төрағасы, ҚР Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі болды. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы қаңтардан бері. «Қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы (генезис, типология, поэтика)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын, қазақ әдебиетіндегі зар заман, ежелгі әдебиет мәселелерін зерттеді. 70-тен астам ғыл. жарияланым мен 6 кітаптың авторы.