1 маусымнан бастап 4 өңірде сумен жабдықтау және кәріз қызметтеріне тарифтер өзгереді

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаев мәлім етті.
- Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Өскемен су арнасы» МКК 2013-2015 жылдарға сумен жабдықтау және кәріз қызметтеріне тарифтердің шекті деңгейін 20 пайызға көтеруді енгізді. Соның нәтижесінде Өскемен қаласының тұрғындары үшін судың тарифі 1000 литрге 25,17 теңгені (20,98 теңге болған), кәрізге 1000 литрге 21,84 теңгені құрады (18,20 теңге болған),-деді төрағаның орынбасары.
Сонымен қатар «Қазсушаруашылығы» РМК-нің Шығыс Қазақстандағы филиалы Өскемен қаласында суды магистральдық құбыр арқылы беру қызметтерінің тарифтерін 38 пайызға көтеріп бекітті. Бұл өз кезегінде 0,155 теңге/ текше метрді құрады (0112 теңге болған).
А. Алпысбаевтың сөзіне қарағанда, Қарағанды облысы бойынша «Жылумен, сумен қамтамасыз ету кәсіпорны» АҚ сумен жабдықтау және кәріз қызметтеріне тарифтердің шекті деңгейін сәйкесінше 53 пайызға, сондай-ақ 49 пайызға көтеріп, 2 жылға бекітті. Нәтижесінде Жезқазған қаласы тұрғындары үшін судың тарифі 1000 литрге 35 теңгені (22,85 теңге болған), кәрізге 1000 литр үшін 17,10 теңгені (11,48 теңге болған) құрап отыр.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Бірлік» СПКВ (Шардар ауданы, Достық ауылының округі) суару жөніндегі қызметтеріне тарифтер 18,1 пайызға өсіп, 0,341 теңге текше метрді құрады (0,289 теңге болған).
Мұнымен қоса Жамбыл облысында биылғы маусым айында сумен жабдықтау қызметтеріне тарифтер біршама төмендеді. Атап айтқанда, «Жаңатас-Су-Жылу» КМК сумен жабдықтау қызметтеріне өтемдік тарифтерді енгізуіне байланысты Сарысу ауданы, Жаңатас қаласының тұрғындары үшін тариф 2 пайызға кеміп, 1000 литр үшін 29,40 теңгені құрайтын болады.
Ал, жаңадан құрылған «Мұрап» ПМК субъектісі (Сарысу ауданы, Саудакент ауылы) суды арналар арқылы беру қызметінің тарифін қолданыстағы тарифпен салыстырғанда 3,6 пайызға төмендетті. Осы орайда 1000 литр үшін оның құны 0,324 теңгені құрап отыр.