17:56, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
1 миллионға жуық бала мектепке дейінгі білім беру жүйесімен қамтылмаған ? Ж.Түймебаев
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Елімізде 900 мыңнан астам бала мектепке дейінгі білім беру жүйесімен қамтылмаған.

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен 2008 жылдың қорытындысына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осы мәселені атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің сөзіне қарағанда, өткен жылы республикадағы балабақшалардың саны 156-ға көбейді. Балаларды мектепке дейінгі білім беру жүйесімен қамту деңгейі 35,6 пайызға артты. «Бірақ соған қарамастан, елімізде мектепке дейінгі білім беру жүйесімен қамтылмаған 900 мыңнан астам бала бар. Оның «жоғары» көрсеткіші Алматы, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген» - дейді Ж.Түймебаев. Министр атап көрсеткендей, мектепке дейінгі білім беру жүйесін бұған дейін басқа мекемелерге беріліп, мақсатсыз пайдаланылып келген ғимараттардың есебінен дамыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта жеке меншік балабақша мен шағын білім беру орталықтарын дамыту да көзделген. Айта кетейік, 2008-2011 жылдары республика бойынша 200 балабақша салынады. 55 нысанның құрылысы биыл басталмақ.