1 мыңнан астам қазақстандық ғалым ғылымнан кетті – комитеттің жауабы

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында былай сұрақ қойылды: «Осыдан бірер күн бұрын 1 мыңнан астам ғалым ғылыми жобалардан кетті деген ақпарат тарады. Осы қаншалықты рас? Рас болса себебі неде? Сонымен қатар көптеген ғалымдар шетелге кетіп жатыр, неліктен?».
Аталған сауалға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки жауап берді.
«Иә, айтылған ақпарат тарап жатыр. Оның үш себебі бар деп ойлаймыз. Бірінші себеп, басқа салаларға қарағанда ғылымды қаржыландыру төмен болды. Жалақының төмендеуіне байланысты. Ғалымдардың орташа жалақысы 250 мың теңге. Басқа салалармен салыстырсақ бұл аз. Екінші себеп, отандық ғалымдар шетелге тағылымдамадан өтуге барып жатыр. Оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы да бар. Мерзімі әртүрлі», - деді Дархан Ахмед-Заки.
Комитет басшысы келтірген үшінші себеп зейнет жасына келген ғалымдардың саладан кетуі.
«Ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес зейнетке шыққан ғалымдардың орнына жаңа буын келеді деген жоспар бар. Сол үшін де «Жас ғалым» жобасын қолға алып жатырмыз», - дейді ол.
Айта кетсек, елімізде соңғы үш жыл ішінде ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемі 70 пайызға артқан.
Сондай-ақ, брифинг барысында ендігі уақытта ғылымды қаржыландыру туралы шешімді ғалымдардың өздері қабылдайтыны айтылды.