1 шілдеге дейін Аумақты дамыту бағдарламасының форматы ауыстырылады

«Мемлекет басшысы әр өңірдің бәсекелі артықшылықтарына егжей-тегжейлі талдау жүргізу міндетін қойды. Оның нәтижесі өңірлердің даму әлеуетін және халықтың табысын арттыруға бағытталған нақты шараларды әзірлеу болуы тиіс. Бұл үшін, біріншіден, 2019 жылғы 1 шілдеге дейін Аумақты дамыту бағдарламасының форматын ауыстырамыз. Екіншіден, осы жылдың соңына дейін біздің үйлестіруімізбен әкімдер «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, өңірлердің шағын және орташа бизнес талдауын және скринингін жүргізеді. Үшіншіден, жаңа форматты және жүргізілген талдауды ескере отырып, 2020 жылы барлық өңірлер өздерінің Аумақтарды дамыту бағдарламаларын түзетеді. Онда перспективалы салаларды дамыту, инвестицияларды тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жоспарлары мен шараларын нақты көрсетеді», - деді Тимур Сүлейменов.
Одан басқа, министрдің айтуынша, жүргізілген талдаудың қорытындысы Елдің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасымен және жаңа Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасымен синхрондалатын болады.
«Президент Әкімшілігі жасаған өңірлердің проблемалық мәселелері картасының негізінде жүйелі инфрақұрылымдық проблемалық мәселелерді шешу бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Біз бұл мәселелерді 2019 жылғы бюджетті нақтылау кезеңінде және 2020 жылғы бюджетті қалыптастырған кезде шешуді ұсынатын боламыз», - деді ол.