1 шілдеден бастап қала құрылысы кадастры жаңа тәртіппен жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы бұйрығымен мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу және одан ақпарат ұсыну қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Как развивается градостроительное планирование и кадастр в Казахстане
Фото: pixabay

Мемлекеттік қала құрылысы кадастры мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі нысандары туралы ақпаратпен қамтамасыз етуге арналған. Онда сандық және сапалық көрсеткіштер, қала құрылысы регламенттері, картографиялық, статистикалық және мәтіндік мәліметтер, қолданыстағы және жоспарланып отырған нысандар туралы ақпарат, сондай-ақ елді мекендерді дамыту мен аумақтарды салу жөніндегі деректер қамтылады.

Бекітілген қағидаларға сәйкес, кадастр ел аумағында деректерді жинау, өңдеу, есепке алу, сақтау және ұсынудың бірыңғай жүйесі бойынша жүргізіледі.

Ақпарат көздері ретінде азаматтық қорғау, сәулет және қала құрылысы, білім, ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, жер қойнауын пайдалану, көлік, экология, су және орман ресурстары, мәдениет және спорт, электр энергетикасы салаларындағы уәкілетті мемлекеттік органдар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар айқындалды.

Жергілікті атқарушы органдар құрылыс, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары туралы мәліметтерді, сондай-ақ сәулет-жоспарлау тапсырмаларына, жобалық құжаттамаға, нысандарды пайдалануға беру және бұзу актілеріне, қала құрылысы жобаларына қатысты материалдарды ұсынады.

Сонымен қатар табиғи монополиялар субъектілері мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары ұсынатын деректердің тізбесі де белгіленген. Оған қуаттылық, инженерлік желілер және инфрақұрылымды орналастыру схемалары туралы ақпарат кіреді.

Мәліметтер мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы өтініш негізінде беріледі. Ақпарат аумақтың кадастрлық жоспары, ақпараттық анықтама немесе ақпараттық ресурстарға қолжетімділік түрінде ұсынылады.

Мемлекеттік органдар мен міндетті қызмет көрсететін ұйымдар бұл ақпаратты бюджет қаражаты есебінен тегін алады. Ал жеке және заңды тұлғалар үшін мемлекеттік құпияларды қоспағанда, мәліметтер ақылы негізде ұсынылады.

Ақпаратты беру мерзімі өтінім түскен күннен бастап бес жұмыс күніне дейін белгіленген. Ал дәлелді бас тарту қажет болған жағдайда жауап үш жұмыс күні ішінде беріледі.

Сондай-ақ шешімдерге шағымдану және шағымдарды қарау кезінде өтініш берушілерді тыңдау тәртібі қарастырылған.

Бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұған дейін қолданыста болған нормативтік құқықтық актілердің күші жойылады.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысында 150 мың гектардан астам жерді қайта бөлу жоспарланып отырғаны хабарланған еді.