1 тамызда Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл ауқымды статистикалық іс-шара республиканың барлық өңірін қамтып, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы өзекті деректердің маңызды көзіне айналады.

1 тамызда Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады
Фото: ҚР АШМ

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, санақ екі кезеңде өтеді және 2025 жылдың 20 қазанына дейін жалғасады: Онлайн кезең – 1-31 тамыз аралығында: өсімдік және мал шаруашылығымен, балық өсірумен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ үй шаруашылықтары қатысуы тиіс.

Сауалнама sanaq.gov.kz сайтында өтеді. Офлайн-кезең – 20 қыркүйек-20 қазан аралығында: интервьюерлер онлайн-сауалнамадан өтіп үлгермеген, бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үйлерді аралайды.

Санақта 2 млн жуық үй шаруашылығын және 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамту жоспарланған. Бүкіл ел бойынша сауалнама жүргізу үшін 3500-ден астам интервьюер тартылады.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары болады.

- Азаматтар 1446 байланыс орталығына хабарласып кеңес ала алады. Аграрлық саланың барлық қатысушыларын санақтан өтіп, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуға шақырамыз, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2024 жылдың қорытындысына қарасақ, Қазақстан күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі ТОП-10 елдің қатарына еніп, 8-орынға тұрақтаған.

Соңғы жаңалықтар