1 ТАМЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 1 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

1 ТАМЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

1 тамыз, ЖҰМА Әзербайжан әрпі мен тілінің күні. Әзербайжан Президентінің 2001 жылғы 9 тамыздағы «Әзербайжан әрпі мен әзірбайжан тілінің күнін бекіту туралы» Жарлығына сәйкес жыл сайын атап өтіледі. Бүкілдүниежүзілік сәбилерді емізуді насихаттау апталығы. 1992 жылдан бастап, ЮНИСЕФ балалар қорының бастамасымен барлық елде өткізіледі. Қазақстан 1994 жылдан бұл мәселеге үлкен мән беріп, оны қорғау, жандандыру жөнінде ұлттық бағдарлама жасады. Қазақстанда 14 аурухана «Балаға аялы алақан» жобасымен жұмыс істеп, ЮНИСЕФ-тің «Алтын тақтасын» сыйға алды. Қытай Халық Республикасы Армиясының күні - Қытай әскери қызметкерлерінің кәсіби мейрамы. 1927 жылғы тамыздың 1-інде Қытайдың шығысындағы Цзянси провинциясының Наньчан қаласы тұрғындары Гоминьдан режиміне қарсы көтеріліске шықты. Бұл көтеріліс елдегі екінші азамат соғысының басталуына себеп болды және Қытай жұмысшы-шаруаларының қызыл армиясы құрылды. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 3-інде орнатылды. Швейцария конфедерациясының ұлттық мейрамы - Конфедерацияның негізі қаланған күн. Швейцария - Еуропаның дәл ортасында орналасқан, 23 кантоннан тұратын федеративтік республика. Әр кантонның өз Конституциясы, Үкіметі және Парламенті бар. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығару органы Ұлттық және Кантондар кеңесінен тұратын екі палаталы Федералдық жиналыс. Атқарушы органы - Федералдық кеңес. Қазақстан Республикасы мен Швейцария арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 1-інде орнатылды. Бенин Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Бенин - Африканың батысында, Гвинея шығанағына таяу орналасқан мемлекет. Мемлекет және Үкімет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы - Ұлттық жиналыс. Ресей Федерациясының инкассаторлар күні. 1939 жылы КСРО Мемлекеттік банкі жанындағы инкассация аппараты құрылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 47 жыл бұрын (1967) Баянауылда «Дос-Мұқасан» ансамблінің музыканттары өздерінің алғашқы концертін қойды. Тыңдармандары жергілікті тұрғындар мен Қазақ политехникалық институты студенттік құрылыс отрядтарының мүшелері болды. Ансамбль аты оны ұйымдастырушылар есімдерінің алғашқы буындарынан («Дос» - Досым Сүлеев, «Мұ» - Мұрат Құсайынов, «Қа» - Қамит Санбаев және «Сан» - Саня, Александр Литвинов) құралған. Оны құрылыс отрядындағы Венгриядан келген студенттердің жетекшісі Янош Карпоти ұсынған. Кейін ансамбль құрамына М.Молдабеков, Қ.Әжібаева, Ш.Омаров, Б.Жұмаділов, Н.Құсайыновтар қосылды. Олардың репертуарында электронды музыкалық аспаптар сүйемелімен орындалатын «Назқоңыр», «Ахау, бикем», «Он алты қыз», «Сұлу қыз», «Құдаша», т.б. қазақтың халық әндері, халық және қазіргі қазақ композиторларының, сондай-ақ ансамбль мүшелерінің шығармалары орын алды. «Дос-Мұқасан» дәстүрлі фольклорлық-музыкалық туындыларды өз кезеңіндегі эстрадалық музыка мәнеріне сай өңдеп, құлпырта орындаған. Бұл сипат, әсіресе «Жерұйық» рок-операсы, «Дала және ғарыш» сияқты күрделі шығармалардан анық байқалады. Ансамбль Ташкент қаласында өткен Бүкілодақтық «Халықтар достығы» фестивалінің, Минскіде өткен кәсіби орындаушылар байқауының, сонымен қатар Берлинде, Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің халықаралық фестивальдарының лауреаты атанған. Қазақстан комсомол сыйлығын иеленген. 13 жыл бұрын (2001) Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің басшылары Орталық Азия аймағында жедел қимылды ұжымдық күштерді құру туралы шешім қабылдады. Оның құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан Республикаларының және Ресей Федерациясының бөлімдері мен бөлімшелері кірді. 11 жыл бұрын (2003) Елбасы Н.Назарбаев Қарашығанақ кенішінде Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК) құбырлары арқылы бірінші мұнай жіберу салтанатына қатысты. 7 жыл бұрын (2007) Ұлы Отан соғысының батыры, жауынгер және жазушы Бауыржан Момышұлының туған жері - Жамбыл облысы Жуалы ауданының орталығында батырға арналған ескерткіштің іргетасы қаланды. Рәсімге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ауданның құрметті азаматтары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Момышұлы Бауыржан (1910-1982) - Кеңес Одағының Батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың көрнекті жазушысы. Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келген. «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва үшін айқас» «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Куба әсерлері», «Ел басына күн туса», «Ұшқан ұя», «Адам қайраты» повестері мен әңгімелерінің авторы. Ол Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. 7 жыл бұрын (2007) Астанада белгілі ақын және журналист Қайырбай Төреғожының «Жаңбырлы жаз» атты кітабы жарық көрді. Кітап автордың соңғы жылдары жазған өлеңдер жинағынан тұрады. Жинаққа «Арман-ай» атты поэмасы да кірді. Кітап «Фолиант» баспаханасынан шығарылған, тиражы мың дана. Қ.Төреқожы қаламынан бұрын басып шығарылған «Күншуақ» атты өлеңдер жинағы мен әр жылдары жарық көрген жарияланымдары, очерктері, шағын әңгімелері бар. 516 жыл бұрын (1498) Христофор Колумб Америкаға жетіп, оны аралға балап Санта Исла (Santa Isla) деп атаған. 221 жыл бұрын (1793) Францияда өлшемдер мен салмақтардың бірыңғай әлемдік жүйесіне негіз болған метрлік жүйе енгізілді. 180 жыл бұрын (1834) ағайынды механик Черепановтар Ресейдегі ең алғашқы паравозды құрастырып шығарды. 138 жыл бұрын (1876) Колорадо АҚШ-тың 38-інші штаты болды. 100 жыл бұрын (1914) дүниежүзін қайта бөліске салу жолында «Үштік одақ» (Австрия-Венгрия, Германия, Италия) пен Англия, Франция, Ресей одағы арасындағы саяси-экономикалық қайшылықтардан бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Соғыс барлық елдердің экономикасын күйзелтіп, адамзатты бұрын көрмеген қайғы-қасірет пен ашаршылыққа душар етті. 1916 жылы маусымның 25-інде Ресей патшасы империяның «бұратана халықтарын», оның ішінде қазақтарды да майдан шебіндегі қара жұмысқа алу туралы жарлық шығарды. Қара жұмысқа 100 000-нан астам қазақ жігіттері алынып, олардың басым көпшілігі батыс майданға аттандырылды. 90 жыл бұрын (1924) Кеңес Одағы Қызыл Жұлдыз орденін бекітті. 78 жыл бұрын (1936) Берлинде Олимпиада ойындарының ашылуы өтті. 75 жыл бұрын (1939) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» медалі бекітілді. 1939 жылғы қазанның 16-ындағы Жарлық негізінде медаль атауы Кеңес Одағы Батырының «Алтын Жұлдыз» медалі болып өзгертілді. 75 жыл бұрын (1939) Орта Азияда Үлкен Ферғана арнасын қазу жұмыстары басталды. Арна құрылысына Қазақстанның оңтүстік өңірінен де көптеген адамдар тартылды. 73 жыл бұрын (1941) алғашқы джип шығарылды. 40 жыл бұрын (1974) Ресейдің Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты Менделеев кестесіндегі 106-шы элемент (Sg) алынғаны туралы хабарлама таратты. 33 жыл бұрын (1981) «MTV» музыкалық телеканалы алғаш рет эфирге шықты. Тура алты жылдан кейін ол Еуропада да жұмыс істей бастады. 23 жыл бұрын (1991) итальяндық-аргентиналық футбол жұлдызы Диего Марадонна спортпен қош айтысты.

ЕСІМДЕР 121 жыл бұрын (1893-1966) музыка аспабын жасаушы шебер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның дәстүрлі көне музыка аспаптарын жетілдіру ісімен айналысқан тұңғыш органолог, Баян Өлгий аймағының құрметті азаматы ҚАСЫМОВ Қамар дүниеге келді. Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. 20 ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы мәдени бетбұрыстардың бел ортасында болып, көне қылқобызды, сал-серілердің тоғыз пернелі қара домбырасын, аңшылық пен саяткерліктің аясында ғана қолданылып келген дауылпаз бен шыңдауылды, бақташылардың сыбызғысын классикалық аспап дәрежесіне дейін жетілдіріп, оркестрлік шығармаларға лайықтап жасаған. Қасымов жасаған ұлттық аспаптар әр түрлі деңгейде өткен халықаралық көрмелерге қойылған. Республикамызда алғаш ашылған музыкалық аспап жасау шеберханаларының ісін жолға қойып, Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрі мен Жамбыл атындағы Қазақ филармониясының және Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының музыканттарын оркестрлік үлгіде жасалған музыкалық аспаптармен қамтамасыз еткен. Қасымов жасаған музыкалық аспаптар Мәскеу, Санкт-Петербор, Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларда сақтаулы. Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен және Моңғолия үкіметінің ең жоғарғы «Алтын гадс» орденімен марапатталған. 104 жыл бұрын (1910-1984) қазақстандық дыбыс операторы, КСРО Киноматографистер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ПЕРШИН Стефан Яковлевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ресейдің Орынбор облысы Новотроицк қаласында туған. Алматы байланыс политехникумын, Санкт-Петербор киноинженерлер институтын бітірген. 1937-1941 жылдары Алматы кинохроника студиясының дыбыс режиссері, 1955 жылдан «Қазақфильм» студиясында қызмет атқарған. Ол қазақ тіліндегі фильмдер дубляжының материалдық-техникалық базасын құрып, кинотаспаға қазақ тілінде ең алғаш жазған. Дыбыс операторы ретінде «Менің атым Қожа», «Артымызда Москва», «Махаббат туралы аңыз» т.б. 10-нан астам толықметражды көркем фильмдердің, сонымен қатар 50-ден астам деректі және ғылыми-танымдық фильмдердің түсірілуіне қатысқан. Екі рет Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. 86 жыл бұрын (1928) биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі ТӘШЕНОВ Қазис Тәшенұлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысында туған. Петропавл зооветеринарлық институтын, Омбы ауыл шаруашылығы институтын, Қазақстан Ғылым академиясы Тәжірибелік биология институтының аспирантурасын бітірген. 1956-1990 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Физиология институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, директоры болған. 1990-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Төралқасының мүшесі, биология ғылымдары бөлімшесінің академик хатшысы, Адам және жануарлар физиологиясы институтының зертхана меңгерушісі, биология және медицина ғылымдары бөлімінің академик хатшысы міндетін атқарушы болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері мал физиологиясына арналған. Ол күйіс қайыратын малдың таз қарынында микробиологиялық белоктың жинақталу процесі азық рационының сипатына және ас қорыту жолына келіп түсетін сілекей мөлшеріне байланысты екендігін бірінші рет анықтады. Хирургиялық операция арқылы ұйқы безі мен өт жолдарын бөлек шығарудың түтіктік әдісін ойлап тапты. Сондай-ақ жүйкелер мен қантамырларын бүтіндей сақтай отырып, ұлтабардан бөліп алынған кішкене қарын жасау тәсілін ұсынды. Ас қорыту органдары мен сүт бездерінің қызметін реттеуге бүйрек, қалқанша және жыныс бездерінің қатыстылығын анықтап, ас қорыту және сүт түзілу процестерінің өзара байланысты екенін дәлелдеп, сүт шығару механизмін ашты. Сонымен қатар Чехославакия ғалымдарымен бірлесе отырып, күйіс қайыратын малға арналған жасанды азық рационын ұсынды. Тәшеновтің жетекшілігімен 25-ке жуық ғылым кандидаты мен докторы диссертация қорғаған. Оның 250-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 4 монографиясы жарық көрген. 20-ден астам жұмысы шетелдерде жарияланған. Есімі Қазақстанның Алтын кітабына енгізілген. Халықаралық «Ақ крест» орденімен және медалдармен марапатталған. 84 жыл бұрын (1930-2013) композитор, КСРО халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор РАХМАДИЕВ Еркеғали Рахмадиұлы дүниеге келді. Семей облысының Шұбартау ауданындағы бұл күндері Мәдениет деп аталатын ауылында дүниеге келген. 6-шы сыныптан бастап «Үлгі» ұжымшары мектеп-интернатында оқиды. 1948 жылдың маусым айында концерттік ансамбльмен Нұрғиса Тілендиев, Бекен Жылысбаев және баянда ойнайтын Константин Ошлаковтар ауылға келеді. Олардың ойында Балқаш маңындағы ауылдарға өнер көрсетумен қатар, П.И.Чайковский атындағы училищеге дарынды жасөспірімдерді таңдап алу мақсаты да бар еді. Жоғары сыныптардың оқушыларын тыңдап, сынаған комиссия мүшелері олардың ішінен Еркеғалимен қоса есептегенде төртеуін таңдап алды. Еркеғали 1948 жылдың күзінде домбыра класы бойынша музыкалық училищенің оқушысы болып қабылданды. Училищені ойдағыдай тәмамдаған Еркеғали 1952 жылдың жазында емтихандарды жақсы тапсырып, консерватория студенті атанды. Ол қабылдау сынында қобызға арналған «Трио» пьесасын және «Жасыл орман» әнін орындады. Енді Еркеғали Л.Хамидидің ұсынысымен профессор Евгениі Брусиловскийдің класында өнерін жетілдіруге кірісті. 1957 жылы Еркеғали Рахмадиев өзінің дипломдық жұмысы ретінде Мемлекеттік емтихан комиссиясының алдына «Қамар сұлу» операсының бірінші бөлімін ұсынды. Оның ұстазы Е.Брусиловский келешек Қазақстанның көрнекті композиторы болатындығын таныған-ды. Осы бағытта білімін дамыта түсу үшін Е.Рахмадиев П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясына бір жылдық тәлім алуға келді. 1962 жылы Мәскеуде жас композиторлар конкурсында Еркеғали Рахмадиевтің «Балқаштағы кеш» атты хорға арналған поэмасы бірінші дәрежедегі дипломмен бағаланды. «Қамар сұлу» операсының 1963 жылдың 15-сәуірінде Абай атындағы ҚМАОБ театрында қойылуы оны үлкен шығармашылық шабытқа жетелейді. 1970 жылы композитор оркестрдің қолдауымен трубада орындалатын «Скерцоны» вокалдық-хореографиялық «Қызыл киіз үй» композициясын, М.Әуезовке арналған лирикалық поэма-реквиемін, «Аястан» атты кантатасын және драмалық қойылымдарға арналған «Қабаған ит», «Әке тағдыры», «Сұхбаттасу» музыкаларын жарыққа шығарды. 1972 жылы опера «Алпамыс» тәмамдалды, оған ілесе шығарылған симфониялық күй «Дайрабай» оған үлкен жетістік әкелді. 1980 жылы Қ.Мұхамеджановтың либреттосы бойынша «Тың туралы» жаңа операны өмірге әкелді. 1980-ші жылдары Еркеғали Рахмадиевтің трубалық оркестрдің қостауымен және скрипкаға арналған, оркестр демеуімен орындалатын концерттік екі шығармасы тағы да өмірге келді. Шаһимардан Әбілевтің орындауында Абайдың өлеңдеріне жазылған романстар тізбегі тұтастай бірнеше театр сахналарында тыңдаушыларды баурап алды Еркеғали Рахмадиевтің Әбіш Кекілбаевтың либреттасына сүйен-ген «Абылай хан» атты эпикалық операсы екі бөлімнен тұрады. Мұнда Бұхар жырау мен Абылай ханның бейнесі операның негізгі тақырыбы. Композитор қандай музыка жанрында болмасын жазылған шығармаларында жаңалық әдісін, есте қалатын тың қатпарларды аударады. Оның әрбір шығармасы (опералар, концерттер, симфониялық поэмалар, күйлер, кантаталар, әндер және романстар) республиканың мәдени өмірінде айырықша орын алады. Қыздар педагогикалық институтында оқытушы болған. 1958-1959 жылдары Алматы консерваториясында фольклор кабинетін басқарды, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жетекшісі, 1961-1965 жылдары Қазақ КСР-нің Мәдениет министрлігінде Көркемөнер бас басқармасының бастығы, ал 1966 жылы Абай атындағы опера және балет театрының директоры болып тағайындалды. 1967 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның ректоры, 1968 жылы Қазақстан композиторлар одағының төрағасы және КСРО композиторлар одағының хатшысы. Профессор Еркеғали Рахмадиевтің ұстаздығымен Ө.Несіпханов, Т.Қажығалиев, С.Еркімбеков, О.Жанияров, С.Ромашенко, В.Стригоцкий, М.Тайменкеев және басқа да дарынды композиторлар консерваторияны тәмамдады. 1991-1993 жылдар аралығында ҚР Мәдениет министрі. Жемісті еңбектері үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Отан» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР-ның және Армения, Өзбекстан, Эстон республикаларының, Татар автономиялық республикасының мақтау грамоталарымен марапатталған. 1966 жылы оған Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 1975 жылы Халық әртісі, 1981 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді, ал 1980 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы тапсырылды. 2010 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Еркеғали Рахмадиев 2013 жылы 9 сәуірде Алматыда дүниеден өтті. 56 жыл бұрын (1958) палуан, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері МҰСАБЕКОВ Алмас дүниеге келді. Жамбыл облысының Байзақ ауданында туған. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітірген. «Қайрат» ерікті спорт қоғамының жаттықтырушысы, Байзақ аудандық тұтынушылар қоғамының спорт жөніндегі нұсқаушысы болған. 1989 жылдан жеке кәсіппен айналысады, «Самбо», «Азия-спорт» серіктестіктерінің директоры. Ол Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионы, Кеңестер Одағының екi дүркiн жеңiмпазы, екi дүркiн күмiс жүлдегерi, тоғыз дүркiн қола жүлдегерi атанған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен екі мәрте марапатталған. 53 жыл бұрын (1961) ҚР Денсаулық сақтау министрі ҚАЙЫРБЕКОВА Салидат Зекенқызы дүниеге келді. 1961 жылғы 1 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген. 1984 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша, 2002 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. 2001-2006 жылдары - Қазақ мемлекеттік медицина академиясының қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтауды басқару кафедрасының ізденушісі. 1984-1998 жылдары Қарағанды облысының медицина ұйымдарында дәрігер-невропатолог, Қарағанды көпбейінді емдеу-диагностикалық бірлестігі бас дәрігерінің орынбасары болып жұмыс істеді. 1998-2001 жылдары - Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің бастығы, Қарағанды облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының № 5 медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының төрайымы. 2001-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бөлім бастығы, басқарма бастығы, Емдеу-профилактикалық жұмыс департаменті директорының орынбасары, Министрліктің Аппарат басшысы қызметін атқарды. 2004-2006 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина академиясының проректоры болды. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы, бас инспекторы, әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі. 2008 жылғы 4 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің төрайымы. 2009 жылғы 5 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің төрайымы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2010 жылғы 23 сәуірінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2010 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды. Медицина ғылымдарының докторы. «Құрмет» орденімен марапатталған. 52 жыл бұрын (1962) журналист, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының вице-президенті ҚЫДЫР Еркін дүниеге келді. 1984 жылы ҚазМУ-ді бітірген. 1984-90 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде еңбек етті. 1990 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» газетінде жауапты қызметтер атқарады. 1999 жылы ҚР Президентінің журналистика саласындағы сыйлығымен марапатталған. 151 жыл бұрын (1863-1936) сәулетші, құрылыс инженері ЗЕНКОВ Андрей Павлович дүниеге келді. Ресейдің Түмен қаласында туған. Санкт-Петербордағы Николаев инженерлік академиясын (қазіргі Санкт-Петербор сәулет-құрылыс университеті) бітірген. 1898 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Алматы қаласында қоныстанған. 1907-1917 жылдары Жетісу облыстық инженерлік басқармасында жұмыс істеген. Ол жер сілкінісіне төтеп беретін ағаш үйлер салумен, жер сілкінісіне төзімді құрылыстар жобасын жасаумен шұғылданған. Оның жобасымен Верный әйелдер гимназиясы, Кафедральдық собор, Верный әскери мәжіліс үйі, Верный сауда үйі т.б. салынды. Ресей мен Түркістанның бірсыпыра ғылыми қоғамдары мен қоғамдық ұйымдарына мүше болып, баспасөз бетінде тарихи және этнографиялық материалдар жариялап тұрған. 105 жыл бұрын (1909-1986) этнограф, тарих ғылымдарының докторы ЖДАНКО Татьяна Александровна дүниеге келді. Украинада туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясы Этнография институтының аспирантурасын бітірген. 1947 жылдан КСРО Ғылым академиясы Этнография институтының кіші ғылыми қызмкткері, ғылыми хатшысы, Орта Азия және Қазақстан бөлімшесінің меңгерушісі, Этнология және антропология институтының басшысы қызметтерін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Орта Азия мен Қазақстанның көшпелі және отырықшы тұрғындарының тарихына, Арал теңізі жағалауы халықтарының этногенезі және этникалық тарихына арналған. «Халықтар достығы» орденімен, медальдармен марапатталған.