1 тамыз: Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 1 тамыз күні тұлғалардан кім дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

1 тамыз: Туған күн иелері

ЕСІМДЕР

null 125 жыл бұрын (1893-1966) музыка аспабын жасаушы шебер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның дәстүрлі көне музыка аспаптарын жетілдіру ісімен айналысқан тұңғыш органолог, Баян Өлгий аймағының құрметті азаматы ҚАСЫМОВ Қамар дүниеге келді.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. 20 ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы мәдени бетбұрыстардың бел ортасында болып, көне қылқобызды, сал-серілердің тоғыз пернелі қара домбырасын, аңшылық пен саяткерліктің аясында ғана қолданылып келген дауылпаз бен шыңдауылды, бақташылардың сыбызғысын классикалық аспап дәрежесіне дейін жетілдіріп, оркестрлік шығармаларға лайықтап жасаған. Қасымов жасаған ұлттық аспаптар әр түрлі деңгейде өткен халықаралық көрмелерге қойылған. Республикамызда алғаш ашылған музыкалық аспап жасау шеберханаларының ісін жолға қойып, Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрі мен Жамбыл атындағы Қазақ филармониясының және Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының музыканттарын оркестрлік үлгіде жасалған музыкалық аспаптармен қамтамасыз еткен. Қасымов жасаған музыкалық аспаптар Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларда сақтаулы.
Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен және Моңғолия үкіметінің ең жоғарғы «Алтын гадс» орденімен марапатталған.

null 86 жыл бұрын (1932-2013) композитор, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор РАХМАДИЕВ Еркеғали Рахмадиұлы дүниеге келді.
Семей облысының Шұбартау ауданындағы бұл күндері Мәдениет деп аталатын ауылында дүниеге келген. 1948 жылдың маусым айында концерттік ансамбльмен Нұрғиса Тілендиев, Бекен Жылысбаев және баянда ойнайтын Константин Ошлаковтар ауылға келеді. Олардың ойында Балқаш маңындағы ауылдарға өнер көрсетумен қатар, П.И.Чайковский атындағы училищеге дарынды жасөспірімдерді таңдап алу мақсаты да бар еді. Жоғары сыныптардың оқушыларын тыңдап, сынаған комиссия мүшелері олардың ішінен Еркеғалимен қоса есептегенде төртеуін таңдап алды. Еркеғали 1948 жылдың күзінде домбыра класы бойынша музыкалық училищенің оқушысы болып қабылданды. Училищені ойдағыдай тәмамдаған Еркеғали 1952 жылдың жазында емтихандарды жақсы тапсырып, консерватория студенті атанды. Ол қабылдау сынында қобызға арналған «Трио» пьесасын және «Жасыл орман» әнін орындады. Енді Еркеғали Л.Хамидидің ұсынысымен профессор Евгений Брусиловскийдің класында өнерін жетілдіруге кірісті. 1957 жылы Еркеғали Рахмадиев өзінің дипломдық жұмысы ретінде Мемлекеттік емтихан комиссиясының алдына «Қамар сұлу» операсының бірінші бөлімін ұсынды. Оның ұстазы Е.Брусиловский келешек Қазақстанның көрнекті композиторы болатындығын таныған-ды. Осы бағытта білімін дамыта түсу үшін Е.Рахмадиев П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясына бір жылдық тәлім алуға келді. 1962 жылы Мәскеуде жас композиторлар конкурсында Еркеғали Рахмадиевтің «Балқаштағы кеш» атты хорға арналған поэмасы бірінші дәрежедегі дипломмен бағаланды. «Қамар сұлу» операсының 1963 жылдың 15 сәуірінде Абай атындағы ҚМАОБ театрында қойылуы оны үлкен шығармашылық шабытқа жетелейді. 1970 жылы композитор оркестрдің қолдауымен трубада орындалатын «Скерцоны» вокалдық-хореографиялық «Қызыл киіз үй» композициясын, М.Әуезовке арналған лирикалық поэма-реквиемін, «Аястан» атты кантатасын және драмалық қойылымдарға арналған «Қабаған ит», «Әке тағдыры», «Сұхбаттасу» музыкаларын жарыққа шығарды. 1972 жылы опера «Алпамыс» тәмамдалды, оған ілесе шығарылған симфониялық күй «Дайрабай» оған үлкен жетістік әкелді. 1980 жылы Қ.Мұхамеджановтың либреттосы бойынша «Тың туралы» жаңа операны өмірге әкелді. 1980-жылдары Еркеғали Рахмадиевтің трубалық оркестрдің қостауымен және скрипкаға арналған, оркестр демеуімен орындалатын концерттік екі шығармасы тағы да өмірге келді.
Шаһимардан Әбілевтің орындауында Абайдың өлеңдеріне жазылған романстар тізбегі тұтастай бірнеше театр сахналарында тыңдаушыларды баурап алды Еркеғали Рахмадиевтің Әбіш Кекілбаевтың либреттосына сүйенген «Абылай хан» атты эпикалық операсы екі бөлімнен тұрады. Мұнда Бұқар жырау мен Абылай ханның бейнесі операның негізгі тақырыбы. Композитор қандай музыка жанрында болмасын жазылған шығармаларында жаңалық әдісін, есте қалатын тың қатпарларды аударады. Оның әрбір шығармасы (опералар, концерттер, симфониялық поэмалар, күйлер, кантаталар, әндер және романстар) республиканың мәдени өмірінде айырықша орын алады.
Қыздар педагогикалық институтында оқытушы болған. 1958-1959 жылдары Алматы консерваториясында фольклор кабинетін басқарды, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жетекшісі, 1961-1965 жылдары Қазақ КСР-нің Мәдениет министрлігінде Көркемөнер бас басқармасының бастығы, ал 1966 жылы Абай атындағы опера және балет театрының директоры болып тағайындалды. 1967 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның ректоры, 1968 жылы Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы және КСРО Композиторлар одағының хатшысы. Профессор Еркеғали Рахмадиевтің ұстаздығымен Ө.Несіпханов, Т.Қажығалиев, С.Еркімбеков, О.Жанияров, С.Ромашенко, В.Стригоцкий, М.Тайменкеев және басқа да дарынды композиторлар консерваторияны тәмамдады. 1991-1993 жылдар аралығында ҚР Мәдениет министрі. Жемісті еңбектері үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Отан» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР-ның және Армения, Өзбекстан, Эстония республикаларының, Татар автономиялық республикасының мақтау грамоталарымен марапатталған. 1966 жылы оған Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 1975 жылы Халық әртісі, 1981 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді, ал 1980 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы тапсырылды. 2010 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Еркеғали Рахмадиев 2013 жылы 9 сәуірде Алматыда дүниеден өтті.

null 69 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасының көрнекті қоғам қайраткері - ТҰРҒАНҚҰЛОВ Қуандық Тұрғанқұлұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданының Көкөзек ауылында туған.

В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген, мамандығы -  инженер-экономист.

1971-1979 жылдары - Баянкөл геологиялық-барлау партиясында инженер-нормалаушы, Орталық геологиялық-тақырыптық экспедицияның аға инженер-экономисі, бөлім бастығы, экспедиция бастығының орынбасары;

1979-1986 жылдары - Қапшағай қалалық парткомының нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі;

1986-1990 жылдары - "Южказгеология" ПГО парткомының хатшысы;

1990-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Аппараты мен Министрлер Кабинетінде хаттар және азаматтарды қабылдау бөлімінің консультанты, аға референті, ұйымдастыру-инспекторлық және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы;

1993-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының, Әкімшілігінің кадр саясаты бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

1996 ж. қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары.

2007-2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.

«Құрмет» ордені (2006); «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдарының (2008) иегері.


null 58 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы әкімінің  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс мәселелері жөніндегі орынбасары АҚТАНОВ Серік Қасымбекұлы дүниеге келген.

1983 жылы  Өскемен құрылыс-жол институтын, 1990 жылы Мәскеу автомобиль-жол институтының аспирантурасын тәмамдаған.

Еңбек жолын Зайсан қаласының № 553 жол-пайдалану учаскесінің жол шебері болып бастады. 
1984-1987 жылдары - Өскемен құрылыс-жол институтының Алматы жалпы техникалық факультетінің, «Автомобиль жолдары» кафедрасының ассистенті, зерттеуші-тағылымгер;
1987-1990 жылдары Мәскеу автомобиль-жол институтының аспирантурасында білім алып, кейіннен Өскемен құрылыс-жол институтының «Автомобиль жолдары, көпірлер мен тоннельдер» кафедрасының ассистенті қызметін атқарды; 
1992-1999 жылдары жекеменшік компанияларды басқарды;
1999-2014 жылдары «Қазақавтожол» РМК жүйесінде еңбек етті; Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарында аймақтық филиалдарды басқарды, кәсіпорынның бас директорының орынбасары және бас директоры қызметін атқарды;
2014-2016 жылдары «Қазавтожол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры қызметін атқарды; 
2016 жылдың желтоқсан айынан бері қазіргі қызметінде.

 

null 57 жыл бұрын (1961-2016) қоғам қайраткері ҚАЙЫРБЕКОВА Салидат Зекенқызы дүниеге келді.
Қарағанды облысында дүниеге келген. 1984 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша, 2002 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. 2001-2006 жылдары - Қазақ мемлекеттік медицина академиясының қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтауды басқару кафедрасының ізденушісі. 1984-1998 жылдары Қарағанды облысының медицина ұйымдарында дәрігер-невропатолог, Қарағанды көпбейінді емдеу-диагностикалық бірлестігі бас дәрігерінің орынбасары болып жұмыс істеді. 1998-2001 жылдары - Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің бастығы, Қарағанды облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының № 5 медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының төрайымы. 2001-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бөлім бастығы, басқарма бастығы, Емдеу-профилактикалық жұмыс департаменті директорының орынбасары, Министрліктің Аппарат басшысы қызметін атқарды.
2004-2006 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина академиясының проректоры болды. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы, бас инспекторы, әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі. 2008 жылғы 4 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің төрайымы. 2009 жылғы 5 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің төрайымы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2010 жылғы 23 сәуірінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2010 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды. 2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бірінші вице-министрі, 2015-2016 жылдары «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрайымы болды.

Медицина ғылымдарының докторы. «Құрмет» орденімен марапатталған.

null 56 жыл бұрын (1962) журналист, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы ҚЫДЫР Еркін дүниеге келді. 1984 жылы ҚазМУ-ді бітірген. 1984-90 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде еңбек етті. 1990 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» газетінде жауапты қызметтер атқарды. 1996-2006 жылдары «Егемен Қазақстан» бас редакторының бірінші орынбасары, 2007-2008 жылдары директоры, 2008-2009 жылдары «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ вице-президенті. 2009-2016 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары, 2016 жылы басқарма төрағасы болған.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдың наурыз айынан бері.

1999 жылы ҚР Президентінің журналистика саласындағы сыйлығымен марапатталған. 



null 47 жыл
бұрын (1971) Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті елшісі БАТЫРАШЕВ Дәулет Қасекенұлы дүниеге келді.

Білімі жоғары. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтын, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясын бітірген. Инженер-менеджер. Дипломаттық дәрежесі - ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті елші. МАД «Невада-Семей» үйлестіру кеңесі хатшылығының аудармашы-референті, «Поршень-комплект» өндірістік-коммерциялық орталығы директорының сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі орынбасары, ҚР Президенті Аппараты халықаралық бөлімінің маманы, аға маманы, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Королдігіндегі Қазақстан Республикасы Елшілігінің атташесі, ҚР Сыртқы істер министрі хатшылығының екінші, бірінші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, ҚР Премьер-Министрінің көмекшісі, ҚР Сыртқы істер министрлігі аппаратының басшысы, Амстердам қаласындағы ҚР Бас Консулы, Нидерланды Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының уақытша сенімді өкілі, Сыртқы істер министрлігі ерекше тапсырмалар бойынша Елшісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі болып қызмет атқарған. Екі медальмен марапатталған.

2014 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

null 40 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі  ӘБІЛҚАСЫМОВА Мадина Ерасылқызы дүниеге келді.

 «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша Қазақ Мемлекеттік Басқару академиясының түлегі. 2002 жылы Колумбия университетін аяқтады. «Экономикалық саясатты басқару» мамандығы бойынша халықаралық қатынастар магистрі. Сонымен қатар, «Мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы бойынша Кеннеди атындағы Гарвард Мемлекеттік басқару мектебін аяқтады. 1999-2003 жылдары аралығында ҚР Стратегиялық жоспарлау агенттігінде, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жұмыс істеді. 2004-2006 жылдары «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ Мемлекеттік саясатты талдау департаментінің директоры. 2006 жылдың ақпан айынан бастап, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды. 2008 жылдың наурыз айынан бастап, ҚР Президенті Әкімшілігінің стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары. 2011 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда вице-министрі болып тағайындалды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 6 ақпандағы № 90 қаулысымен ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі болып тағайындалды. ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 13 тамыздағы № 918 қаулысымен ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды. 

2018 жылдан бері қазіргі қызметінде.