1 жылда өндірістегі жазатайым оқиғадан 251 адамның өмірі қиылды
АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзғандар енді жазасыз қалмайды. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды.

- 1 232 өндірістегі жазатайым оқиға бір жылда тіркелді. Оның 251-і адам өлімімен аяқталды. Сол оқиғалардың 24 жағдайы еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан болған. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл – біреудің өмірі. Біреудің отбасы әкесіз, анасыз, ұлсыз қалды. Мұның бәрі кездейсоқ емес, бұл – қауіпсіздік ережелеріне көз жұмудың салдары. Ең қорқыныштысы не? Еңбек қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзғандардың жартысынан көбі тек ескерту алады. Ал егер бұл бұзушылық адамның өмірін қиып кетсе ше? Сол адамның отбасы алдында кім жауап береді? Мұны өзгерту керек еді. Біз оны өзгерттік, - деп жазады Мәжіліс депутаты.
Оның атап өтуінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілді. Қызу талқылаудан кейін олар қабылданды. Енді ескерту болмайды. Тек нақты және әділ жазалар болады. Нақты айтқанда:
- Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ескертулер мүлдем алынып тасталды.
- Айыппұлдар көлемі артты:
- алғашқы құқық бұзушылық үшін – 20-дан 120 АЕК-ке дейін (1 АЕК 3 692 теңге);
- қайталанған құқық бұзушылықтар үшін – 40-тан 240 АЕК-ке дейін.
- Бұл «айыппұлмен ақша жинау» емес. Бұл – әділдік және адам өмірін қорғау. Адал жұмыс берушілерге алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл нормалар тек қауіпсіздікті елемейтіндерге қатысты. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу енді жазасыз қалмайды. Қызметкерлер қауіпсіз еңбек жағдайына лайық. Ал мұны түсінбейтіндер заң алдында жауап береді, - деді Асхат Аймағамбетов.
Осыған дейін елімізде жыл басынан бері 59 жұмысшы мерт болғаны труалы жаздық.