10 МАМЫР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2012 жылғы 10 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.
None
None

10 мамыр, БЕЙСЕНБІ

Микронезия Федеративтік Штаттарының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1979). Микронезия - Тынық мұхитының батыс бөлігінде, Каролин аралдарында орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан Трук, Костраэ, Понапе, Иап штаттарына бөлінеді. Астанасы - Паликир қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі, сондай-ақ жергілікті халықтардың тілдері де қолданылады. Ақша бірлігі - АҚШ доллары. Мемлекет және үкімет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы билік бір палаталы парламент - Ұлттық конгресс. Экономикасының негізгі саласы - балық аулау. Экспортқа копра, бұрыш, балық және кокос майын шығарады. Негізгі сауда серіктестері АҚШ, Жапония, Австралия, Оңтүстік Корея мемлекеттері.

Германияда кітап күні. 1947 жылдан бастап жыл сайын 1933 жылы гуманист-жазушылардың кітаптары өртелген күніне орай өтеді.

Қырғызстанда банк қызметкерлерінің күні. 1993 жылғы 10 мамырда Қырғыстан өзінің ұлттық валютасы - қырғыз сомын енгізді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1994) «Сабин металл корпорейшн» (АҚШ) корпорациясы зауытында республикадағы тұңғыш платина құймасы алынды. Тазалығы 99,95, жалпы салмағы 14 келі болатын алғашқы өнім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қоймасына өткізілді.

14 жыл бұрын (1998) Алматыда Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) V саммиті өтті.

Саммитте көлік және коммуникация, ауыл шаруашылығы, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытудың басты бағыттары анықталған Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Алматылық декларациясы қабылданды.

12 жыл бұрын (2000) Литва Республикасының Президенті Валдас Адамкус Қазақстанға келген мемлекеттік сапары кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Литвалық Витаутас Ұлы князь Орденін (1-сыныпты) Литва мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық қатынастардың дамуына қосқан үлесі үшін табыс етті.

5 жыл бұрын (2007) «Бурабай» ұлттық бағының орманды алқабында орналасқан, Қотыркөл көлінің жағасында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның емдік-сауықтыру кешені ашылды. Қазіргі заманға сай жобамен салынған емдеу орталығында компанияның мыңдаған қызметкерлері мен зейнеткерлері өздерінің денсаулықтарын жақсарта алады. Шипажайда демалу, жүрек-қолқа және тірек-қимыл жүйелері аурулары бар адамдарға барлық мүмкіндіктер жасалған.

ЕСІМДЕР

79 жыл бұрын (1933) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Солтүстік Қазақстан университетінің құрметті профессоры ШАЙХУТДИНОВ Еренғайып Мәлікұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу нәзік химиялық технологиялар институтын және аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын Қарағанды синтетикалық каучук зауытының ауысым бастығы болып бастаған. 1963-1988 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті, жоғары молекулалы қосылыстар химиясы кафедрасының меңгерушісі. 1988-1995 жылдары - Қазақ политехникалық институты физикалық және аналитикалық химия кафедрасының профессоры. 1978-1992 жылдары - Қазақ политехникалық институтының проректоры, ғылыми кеңес төрағасының орынбасары. 1994-2001 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры, ректордың кеңесшісі, мұнай, газ және полимерлерді қайта өңдеудің химиялық технологиясы кафедрасының профессоры. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Ресей университетінің ректоры. 2003 жылдан бастап Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ғалымның негізгі ғылыми жұмыстары суда еритін полимерлердің негізіне желімдеуіш қосылыстардың қолданылуы және синтез мәселелеріне арналған. 600-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 9 монографияның, 5 оқулықтың, 100-ге тарта авторлық куәліктің және өнертабыстық патенттердің авторы.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

74 жыл бұрын (1938) ғалым, биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері НЕСІПБАЕВ Төлеутай дүниеге келді.

Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. 1961 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітіріп, 1992 жылдан күні бүгінге дейін сол университеттің физиология және морфология кафедрасында меңгеруші болып жұмыс істейді. Негізгі ғылыми жұмысы малдың ас қорыту физиологиясының ерекшеліктерін зерттеуге арналған. Несіпбаев бұзаулардың мес қарнына қанаттың, май қышқылдарының мөлшері мен инфузория санының олардың жасына қарай өзгеріп отыратынын; қойлардың мес қарны мен бүйеніндегі ас қорыту процестерінің физиологиялық параметрін анықтады.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

102 жыл бұрын (1910-1970) мемлекет қайраткері, ғалым САПАРҒАЛИЕВ Махмұд дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған. РКФСР Халық ағарту халкомының бір жылдық курсын бітірген.

Орал облыстық оқу бөлімінде инспектор әрі медицина техникумында оқытушы, облыстық жер басқармасы бастығының орынбасары, облыстық атқару комитетінің бөлім бастығы қызметтерін атқарған. Кейін Ембі мұнай кәсіпшілігін, Мақат аудандық партия комитетін басқарған. 1944 жылы Республикалық жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1945-1953 жылдары сауда министрі қызметін атқарған. 1955-1959 жылдары - Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, Жамбыл облысы комитетінің бірінші хатшысы, 1959-1965 жылдары - Қазақ КСР Ішкі істер министрі. Өмірінің соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының сектор басшысы, Философия және құқық институтының аға ғылыми қызметкері болды. «Қазақ КСР тарихын» шығаруға атсалысқан.

Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

42 жыл бұрын (1970) экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастыру қамтамасыз ету басқармасының бастығы - бас бухгалтер ЖАНҒАЗИЕВА Гүлмира Тарихқызы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы «Менеджмент және адам ресурстарын басқару» кафедрасының доценті қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың 24 сәуірінен.

111 жыл бұрын (1901-1977) ақын, аудармашы СЫЗДЫҚОВ Жақан дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Петропавл қаласындағы ауылдық мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген. 1922-1924 жылдары - Көкшетау уездік азық-түлік комиссары қызметін атқарып, 1926 жылы баспасөз жұмысына ауысқан. Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінің жауапты хатшысы, редакторының орынбасары, «Қызыл Түркістан», «Оңтүстік Қазақстан», «Сталин жолы» газеттерінің жауапты хатшысы болған. Кейін мемлекеттік баспада, Қазақстан Жазушылар одағында, республикалық Радио комитетінде қызмет істеген. Алғашқы өлеңдер жинағы 1928 жылы «Еңбек жемістері» деген атпен жарық көрген. Сондай-ақ оның «Найзағай», «Толқын», «Қызғалдақ», «Табыс», «Жартас», «Асулар», «Алтын қалам», т.б. жыр жинақтары бар. Ақынның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шығармалары майдан газеттерінде жиі басылып тұрған. Ол Л.Толстойдың «Арылу» романын, татар классигі Тоқайдың өлеңдері мен поэмаларының бір томдығын қазақ тіліне аударған.

КСРО медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

108 жыл бұрын әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртисі  - Мұрат Мағазұлы ТОЛЫБАЕВ дүниеге келді (1904 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында - 2.8.1967 жылы, Алматыда дүниеден озды). Әншілік өнерге баулыған үлкен әкесі Мұхаметәлі, кейіннен әнші Қ.Байжановтан дәріс алды. 1934 жылдан Қазақ музыка драма театрында (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) қызмет етті. Алғаш ойнаған рөлі - Маман бай (М.Әуезов пен И.В. Коцыктың "Айман - Шолпан" музыка драмасында). Толыбаев қазақ операларындағы басты партияларды орындап, түрлі мінезді музыкалық образдар жасады. Олар: Сайым, Қожақ, Орыс көпесі (Е.Г. Брусиловскийдің "Жалбыр", "Ер Тарғын" және "Дударайында"), Сырттан (А.Жүбанов пен Л.А. Хамидидің "Абайында"), Шернияз (А.А. Зильбердің "Берекетінде"), т.б. Сондай-ақ, халық әндерін де ("Ардақ", "Шама", т.б.) халық арасына кеңінен насихаттады. "Құрмет белгісі" орденімен марапатталған.

102 жыл бұрын (1910-1970) мемлекет қайраткері, ғалым - САПАРҒАЛИЕВ Махмұд дүниеге келді (Батыс Қазақстан облысы Жаңғалы ауданында).

1930 жылы РКФСР Халық ағарту халкомының 1 жылдық курсын бітірген. 1930-1936 жылдары Орал облысының оқу бөлімінде инспектор әрі мед. Техникумында оқытушы, облыстық жер басқармасы бастығының орынбасары, облыстық атқару комитетінің бөлім бастығы. Кейін Ембі мұнай кәсіпшілігін, Мақат аудандық партия комитетін (қазір Атырау облысы) басқарған.

Содан соң республикалық жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары (1944), Сауда министрі (1945-1953) қызметін атқарған. 1945 жылы заң ғылымының кандидаты дәрежесін алуға диссертацияны қорғады, ҒА-ның заң бөлімінің бастығы болды.

«Қазақ ҚСР тарихын» шығаруға атсалысқан. 1955-1959 жылы Жамбыл облысының атқару комитетінің төрағасы, кейін Жамбыл облысының комитетінің 1-хатшысы, 1959-1965 жылы Қазақ КСР Ішкі істер министрі. Сапарғалиев Махмұд өмірінің соңғы жылдары ҚР FA-ның сектор бастығы, Философия және құқық институтының аға ғылыми қызметкері болды. 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальмен марапатталған.

101 жыл бұрын (1911-1965) Кеңес Одағының Батыры ЫБРАЕВ Ысқақ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. 1942 жылдан Қызыл Армия қатарына шақырылып, Горький қаласындағы М.Фрунзе атындағы әскери-саяси училищесінде, Могилев жаяу әскер училищесінде оқыған. Ол Одер өзенінен өту кезінде ерен ерлік көрсеткен. Армия қатарынан оралғаннан кейін Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, Солтүстік Қазақстан облысының Октябрь аудандық партия комитетінің хатшысы болған.

Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

86 жыл бұрын (1926-1986) композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ҚОЙШЫБАЕВ Мәкәлім дүниеге келді.

Атырау облысының Қызылқоға ауданында туған. Алматы музыка училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1960 жылдан ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысқан. Оның «Той бастар», «Шахтер жыры», «Жастар әні», Абайдың өлеңіне шығарылған «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп» сияқты әндері мен романстары ел арасына кеңінен тараған. Ұлт аспаптар оркестріне арналған «Қазақстан», «Жастық», «Атырау дүбірі», т.б. поэмалары, «Мәншүк», «Құманғазы», «Туған жер», «Ардагерлер» симфониялық поэмалары, сондай-ақ эстрадалық, симфониялық оркестрге, домбыраға, қобыз  бен фортепианоға, аспаптық-камералық, вокалды-хор мен спектакльдерге, драмалық спектакльдерге арналған шығармалары бар.

83 жыл бұрын жазушы-аудармашы, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері - ҚАЗЫБАЕВ Кәкімжан (1929-1989) дүниеге келді (Алматы облысы, Сарқант ауданындағы Ағарту совхозында, қазіргі Қазыбай Кәкімжан ауылында). Еңбек жолын Ұлы Отан соғысы жылдарында колхозда есепші болудан бастаған. 1952 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін үздік аяқтаған.

Әр жылдарда республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде редактордың орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, хатшысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, КазТАГ-тың директоры, «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы болып қызмет еткен. Қазақстан Компартиясының хатшысы болып сайланып, ҚКПОК Бюро мүшесі болған.

Кәкімжан Қазыбаев Қазақстан Компартиясының ХІІІ, ХІҮ, ХҮ сьезінің делегаты, Тексеру комитетінің мүшесі болған. «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталған. Оның қаламынан туған көптеген мақалалар мен очерктер, көркем әдеби және публицистикалық туындылар, «Кернеген кек», «Құпия», «Ызғар», «Сұрапыл», «Октябрь өрендері», «Ақиқатқа ар серік», «Аманат», «Қышыма» атты романдары мен повестері оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алған. Орыс тілінде «Изморозь», «Наказ», «Советский Казахстан» және «Қара сел» атты үш актілі пьеса жазған. Қаламгер жайында «Көзден кетіп, көңілде қалған», «Азамат еді еңселі» деген атпен естелік кітаптар шыққан.

83 жыл бұрын жазушы, аудармашы - БАЙМҰХАМБЕТ Тоқтаров (10.5. 1929 жылы Алматы облысы Андреев ауданы Қызыл әскер ауылында - 1970 жылы дүниеден озды) дүниеге келді. Мәскеудегі әдебиет институтын бітірген (1962). 1950 - 55 ж. Алматы облысы комсомол комитетінде, 1955 жылдан бастап журналистік қызметпен айналысты. «Жұлдыз» журналында ұзақ жыл еңбек еткен. Тоқтаров орыс ақындары А.С.Пушкиннің, А.Гайдардың шығармаларын қазақ тіліне аударды. Медальдармен марапатталған. Шығармалары - Бақыт жолы. Повестер. А.,1955; Суретші. Повестер. А., 1959; Өмір жолы. Повестер. А., 1960; Жетісу жотасында. Роман. І-кітап А.. 1964; Қырандар қанаты. Очерктер. А., 1967; Таудағы ән.Роман. ІІ-кітап А, 1971.

76 жыл бұрын (1936) геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА-ның академигі ӘБДІРАХМАНОВ Қайдар Айтжанұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Атбасар ауданында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1958-1995 жылдары - Қазақстан ҒА Геологиялық ғылымдар институтының инженері, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1996 жылдан «Казнедра» ғылыми-өндірістік бірлестігінің департамент директоры. Ол көп циклді иілімді атыраптардың гранитоидты жыныстарының қалыптасуының формациялық-петрохимиялық теориясын жасап, оның негізінде граниттерді 12 петрохимияға жіктеді. Порфирлі жыныстардың сілтілігі мен қышқылдығы арасындағы кері корреляттануды анықтау негізінде колчедан-полиметалл кендерінің қалыптасу ерекшеліктерін тапты. Темір, марганец, полиметалл кендерінің түзілуіндегі көлденең және тік бағытты минералды-геохимиялық белдемділікті ашты. Сондай-ақ оның геология және металлогения саласындағы іргелі теориялық зерттеулері Қазақстанның Солтүстік Балқаш, Кіндіктас - Шу - Іле аймақтарындағы кендерді болжауға және игеруге негіз болды.

56 жыл бұрын (1956) айтыскер ақын РАЙЫСОВА Қанша Мұсабайқызы дүниеге келді.

Алматы облысының Қапал ауданында туған. 1989 жылдан бастап әр түрлі деңгейдегі жыр сайыстарына қатыса бастаған. 1990 жылы «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған республикалық айтыста бас жүлдені иеленіп, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына арналған халықаралық айтыста 3-ші орынды алды. ҚХР-де, Ресейде, Өзбекстанда, сондай-ақ Алматы облысы аумағында өткен айтыстарда бірнеше мәрте арнаулы жүлдеге ие болды.

Соңғы жаңалықтар