10-шы ғасырда Араб карталарында көрсетілген Имақия Ертіс бойында болған – археолог ғалым
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар ғалымдары Байдала қорымындағы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижеcн таныстырды. Бұл - Қимақ қағанаты дәуіріне жататын аса маңызды археологиялық ескерткіштердің бірі әрі Ұлы Дала тарихының тың беттерін ашуға мүмкіндік беретін бірегей тарихи нысан.
Жергілікті археологтардың мәліметінше, Х ғасырдағы араб карталарында көрсетілген Қимақ қағанатының саяси орталығы - Имақия қаласы дәл осы аумақта орналасқан.
Белгілі археолог Тимур Смағұловтың жетекшілігімен ұйымдастырылған археологиялық экспедиция 20 жылдан астам уақыт бойы тарихи-мәдени мұраны сақтау мақсатында қорғау-қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
- Биылғы маусымда зерттеушілер сақталған обалардың бірін зерттеуді жалғастырып жатыр. Қорымның жерлеу орындарының қалдықтары тазартылып, құрбандыққа шалынған жануарлардың сүйектері табылды. Ал негізгі жерлеу орнын ашу жұмыстары тамыз-қыркүйек айларына жоспарланған, - дейді ғалым.
Археологтар соңғы жылдардағы ең маңызды ғылыми жаңалықтар Ертіс бойында қимақтардың үлкен мәдениеті болғанын растай түсетінін айтады.
Солардың ішіндегі ең бірегейі - Еуразия даласындағы археологиялық теңдесі жоқ, қимақ-қыпшақ кезеңіне жататын толық сақталған жылжымалы баспана. Ағаштан жасалған, үстіне қазақтың киіз үйіне ұқсас шатыр орнатылған доңғалақты арба ортағасырлық көшпелілердің тұрмысын жаңа қырынан тануға жол ашып отыр.
Сонымен қатар ағаш ер-тоқым, үзеңгі, ауыздық, қару-жарақ бөлшектері, әшекей бұйымдар, жібек маталар және басқа да құнды жәдігерлер табылған. Осы уақытқа дейін мұндай «доңғалақты үйлер» туралы тарихи ғылымда тек жазба деректер мен сызбалық бейнелер ғана белгілі болған.
Байдала – Ертіс бойының терең тарихын танытатын орын. Әрбір археологиялық олжа ғылыми әрі мәдени-тарихи тұрғыдан аса құнды. Олар мемлекеттілігіміздің бастауын тереңірек түсінуге және Ұлы Даланың ортағасырлық өркениеті туралы танымымызды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Облыс басшылығы археологтардың олжаларына маңыз беріп, археологиялық зерттеулерді одан әрі дамыту, бірегей жәдігерлерді консервациялау мен реставрациялау жұмыстарын қамтамасыз ету, сондай-ақ археологиялық кешенді музейлендіру және оны Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының негізгі нысандарының бірі ретінде дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырып отыр.
Бұған дейін Керекуден табылған «Қимақ күймесі» қалпына келтіріліп жатқанын жазғанбыз.
Фото - Валерий Бугаев